Жұма, 11 Мамыр 2018 11:42

Ерлікке құрмет – ұрпаққа міндет

Ананы баласынан, дананы даласынан айырған сұрапыл соғыста қазақстандықтардың көрсеткен ерлігі өлшеусіз. Ұлы Отан соғысы... Естір құлаққа түрпідей тиетін қанды шайқаста қаншама мыңдаған отандасымыз ерлікпен ажал құшты. Аман-есен елге оралғандардың да қатары күн санап сиреп барады. Бүгінде ауданымызда 11 ғана ҰОС-ның ардагерлері тұрады. Осы батырларымыздың ерлігін үлгі ету, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым жасау мақсатында Есік қаласында Ұлы Жеңістің 73 жылдығы аталып өтті.

Ауқымды шараға аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, орынбасарлары, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, мекеме басшылары қала тұрғындары, Ауған соғысының ардагерлері мен негізгі қонақ болып Ұлы Отан соғысының, тыл және еңбек ардагерлері қатысты. Мереке соғыста құрбан болғандардың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Барлығы Отан үшін қан майданда от кешкен батырларды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, аруақтарға тағзым етті. Сарбаздар мемлекеттік Туды сахнаға шығарып, Жеңістің әнұранына айналған «День Победы» әнін Нұртас Қайратұлы орындап, жұртшылық мерекелік отшашуды тамашалады. Кейіннен, сөз алған аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы:

 Ұлы Отан соғысы – біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытып, Ұлы Жеңіс – аға ұрпақтың сол ерлігін мәңгілік жадында сақтауға арналған ең қастерлі мерекесі. Жеңіс мерекесі – бұл бейбітсүйгіш барша адамзат қауымының мерекесі – дей келе, жеңіске жету аталарымыз үшін оңай болмағандығын тағы бір мәрте еске салып өтті:

– 1945 жылдың 9 мамыры жылдан-жылға алыстап бара жатыр. Алайда, қара түнек басқан 1418 күннен кейінгі атқан бүгінгі бейбітшілік таңы қаншалықты қымбатқа түскенін барша ұрпақ жақсы біледі. Қазіргі біздің бақытты ғұмырымыз – сұрапыл жылдары майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай қара ниет жауға төтеп берген табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен аға-апаларымыздың төгілген қаны мен терінің арқасы – деді.

Мереке концерттік бағдарламамен жалғасты.

Мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінің жоғары санатты әншісі Айбек Мұхамета-лиев және Айнұр Шерубай, Құралай Сәбетова, Назгүл Абибекова, Нұртас Қайратұлы сынды аудан өнерпаздары жеңіс, ерлік тақырыбындағы, соғыс жылдарындағы әндерді орындап, Есіктің аспанын күмістің сыңғырына бөледі. «Улыбка» би тобы «Катюша» биімен жиылғандардың көңілін көтерді. «Алтын адам» әжелер ансамблі және «Червона рута» ансамблі әуезді әндерімен құлақ құрышын қандырды.

Шара соңында мерекелік концертке қатысқан ҰОС, тыл және еңбек ардагерлері арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татты.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Қаралды 88 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама