Бейсенбі, 24 Мамыр 2018 13:00

Ақшадан АР қымбат!

«Мемлекеттің атынан қызмет көрсеткеннен кейін – Сіздер біздің айнамызсыздар.Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлері деген абыройлы атаққа лайықты болуларыңыз қажет». ҚР Қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев аудан активімен кездесуінде дәл осылай ескертті. Елбасының Ұлт жоспары «100 нақты қадамда» берген тапсырмасына сәйкес күн санап өзгеріп отырған агенттіктің жұмыс барысымен таныстырып өтті. Сыбайластықтан сыбаға алып, жемқорлықтың жемісін жейтіндердің барар жері темір тор екенін тағы бір дәлелдеп берді. Келелі кездесуді аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов жүргізіп отырды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюросының оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық басқарма басшысы Сабыржан Қасымбеков төрден табылып, жүргізіліп жатқан жұмыстарын жүйелеп жеткізді.

Бүгінде Серікбай Нұрғисаевтың басшылығындағы департамент қоғам үшін қауіпті індеттің алдын алумен айналысып келеді. Ол турасында: – Пара алушылардың жазасын беру – заң шеңберінде жүзеге асады. Одан ешкім де қашып құтыла алмайды. Ал дерттің алдын алу үшін жұмыс үздіксіз жүргізілуі тиіс. Бұл мақсатта біз қазір қоғамның ішіне еніп кеттік. Оны сіздер біле бермейсіздер. Біз айтпаймыз да. Қоғам белсенділерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуді жолға қоюдамыз. Бұдан өзге жасырын азаматтарымыз ел ішінде жұмыс істеуде. Парақорлардың психологиясын толық зерттеп те алдық. Қай жерде, қалай алатынын алдын-ала білуге машықтандық. Енді тұтас қоғамды пара бермеуге үйрету керек. Біздің мақсат осы, – деді департамент басшысы. Кейіннен жұмыс барысында орын алып жатқан кемшіліктерді жіліктеп берді. Оның айтуынша, заңдық нормалардың кейбір солқылдақ тұстары жұмыстарына кедергісін келтіріп отырған көрінеді. Сол себепті, 83 заңға өзгеріс енгізу туралы парламентке ұсыныс берген. 

Сонымен әңгімесінің әліппесінде Серікбай Өрікбайұлы жаңалықтарымен бөлісті:

–  Біз қазір ашықтықта жұмыс істеуге баса көңіл бөліп келеміз. Кезінде оппозициялық ақпарат құралдарымен алысып жатсақ, қазір доспыз. Екіншіден, әлеуметтік желілерде ашық диалог жүргізуді күнделікті әдетімізге айналдырдық. Қоғам белсенділері күнделікті әр өңірден сыбайластық көріністерін видеоға түсіріп жіберіп отырады.

Оны біз талдап-таразылап, шара қолданудамыз. Үшінші жаңалығымыз, департамент жанынан республикада бірінші боп мемлекеттік қызметкерлерді оқытатын арнайы академия ашып алдық. Ғимаратты облыс әкімі сатып алып берді. Күрделі жөндеп, техникалық аппараттарды толық қойып жатырмыз. Білікті, білімді ұстаздарды алдық. мұның артықшылығы, сабақтардың 65-70 пайызы жалпы мемлекеттік талдау бойынша өткізілсе, 30-35 пайызы облыстың спецификасын оқытамыз. Айталық, облысымыздың артықшылығына байланысты ауылшаруашылығын, туризмді дамыту жолдарын т.с.с жіліктеп оқытамыз. Ендігі бір мәселе, «Е» қызметінің болашағы қандай болады?

Елбасының 30 дамыған елдің ішіне кіруіміз қажет деген арнайы тапсырмасы бар. Демек, әрбір мемлекеттік қызметші салықтың ақшасына жұмысқа тұрғаннан кейін оның алатын тапсырмасын біз есептеп тұруымыз қажет. Мысалы, кадр қызметі. Бізде кадр қызметіндегі бір маманға 25-50 қызметшіден келеді.

Енді қараңыздар, дамыған 30 елдің осы бағыттағы әр қызметшісіне 1000-1200 адамның кадрлық жұмыстарын алып жүреді.  Осы ретте республикада жүргізіліп жатқан пилоттық жобаға біздің агенттік кірді. Сондықтан кадр қызметі қысқарып кетті. Агенттік бойынша бір кадр қызметшісіне 300 адамды бекітіп, орталықтандырылды. Бұл алдағы уақытта бір қызметші 900 маманның кадрлық жұмысын жүргізуі тиіс деген міндеттемені мойнына алатын болады.  Дәл солай бухгалтерия, заңгерлер қысқарады, – деді.

Департамент басшысының айтуынша, Жетісу мемлекеттік университетінің жанынан Жетісу мемлекеттік қызмет мектебі ашылған. Онда болашақта тізгін ұстайтын білікті мамандар дәріс алады әрі «Дип-ломмен ауылға» бағдарламасына енетін болады. Демек, ауылға барған жағдайда оларға толық жағдай жасалады. Бұған не түрткі дейсіз ғой. Қазір ауылдық жерлерде мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған мамандардың небәрі 12 пайызы ғана жоғары білімді. Қалған 20,1 пайызы колледж түлектері. Төртінші деңгейдегі бюджет беріліп жатқан сәтте білікті мамандар ауадай қажет.

Өз сөзінде таза ауысымдылық, кадрлық саясат, қызметшілердің әдебі турасында кеңінен ой өрбітті С.Нұрғисаев.

Мінберге көтерілген Сабыржан Ерғалиұлы жемқорлықтың жолын кесудегі жұмыстарын сөз етті. Ақша аламын деп ардан айырылған, беремін деп басы бәлеге қалғандарды видео арқылы ашып көрсетті. Не керек, күшейтілген жұмыстың нақты нәтижесіне көз жетті.

Кейіннен Серікбай Нұрғисаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындардың жеке сұрақтарын тыңдады, жауабын берді.

Қорытындысында айтарымыз, қарғыспен алуды Құран да көтермейді, жылатқанды Алла да жақсы көрмейді. Сол секілді ақшаға арды, намысқа нанды құрбан етпейік. Көздің құртын сабырлықпен, ашкөздікті қанағатпен жеңейік.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

аудандық мәслихат депутаты.

Қаралды 260 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама