Жұма, 08 Маусым 2018 12:28

Достық пен әріптестік белгісі

Маусымның екісі күні Есік мемлекет-тік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағына Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея елдерінің біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы достық және әріптестік» атты естелік-белгісі орнатылды. Бұл шараны Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шетелдермен достық қарым-қатынасты күшейтіп, еліміздің сыртқы имиджін жақсарту үшін іске асырып жатқан бастамаларының бір парасы деуге болады.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының мақсаттары бөлімінің 3-тармақшасында да «орнықты ұста-нымдарды қамтамасыз ету және әлемдік қоғамдастықта мемлекеттің жағымды бейнесін қалыптастыру» деп анық жазылған.

Мұндай естелік-белгілер Корея Республикасы тарапынан 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолының бойындағы елдерге қойылған болатын. Ал Қазақстан аумағына алғаш рет орнықты.

Естелік-белгі қою рәсімі салтанатты түрде ашылып, Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағы думанға бөленді. Салтанатты шараға Қазақстан республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас Консулы Жон Сын Мин, Кенсанбук-до аймағының халықаралық қатынастар елшісі Чжу Зуң Чоль, Өркениеттер алмасуы институтының директоры Зон Су Ил сынды қонақтар қатысты.

Қонақтар қорық-музейдің экспонаттарымен танысып, даланы дүбірге толтырып, айбатымен әлемді тітіреткен бабаларымыздың өткен тарихына үңілді. А.Мұхамедиұлы мен Ким Кван Ен мырза өз сөздерінде екі елдің достығы мен мәдени байланыстары одан әрі жалғасын тауып, әлі талай тың белестерді бағындыратынына сенім білдір-ді. Кейіннен жиналған қауым алдында естелік-белгіні ашып, барша халыққа достық символын жария етті.

Екі ел өкілдері бір-біріне сый-сияпат жасасып, жүрекжарды алғыстарын білдірді. Шараға қатысқандар «Арқайым» этно-фольклорлық тобы мен «Тропи» көркемөнер тобының өнеріне сүйсініп, Кэмент университетінің таэквондо командасының өнеріне тәнті болды.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Қаралды 36 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама