Жұма, 29 Маусым 2018 11:56

Іргелі ауданның келешегі кемел

Жақында ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жайсан Ахметов жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ бастаған топ бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болып, жұмыс барысымен танысты.

Жайсан Қуатұлының сапары Масақ округіне қарасты Нұрлы ауылындағы «Нұрлы ВЭС» жел электр станциясынан басталды. Жалпы қуаттылығы 4,5 МВт болатын жел электр станциясында электр қуаты үздіксіз өндірілуде. Өндірілген энергия тікелей «Алатау жарық компаниясының» электр желілері арқылы елді-мекендерге таратылады. Жұмыс барысымен егжей-тегжейлі танысқан Жайсан Қуатұлы электр энергиясын өндіретін биіктігі 50 метрге дейін жететін бағаналардың ішіне кіріп, желден энергияның қалай алынатындығын көрді.

Сонымен қатар, мемлекеттік инспектор сол маңда қуаттылығы 5,1 МВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүргізіп жатқан «Самұрық Грин Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесті. Қазіргі уақытта негзігі әрі маңызды бөлігі саналатын іргетасы құйылуда.  Инвесторлық жоба осы жылы іске қосылуы тиіс.

– Біздің бір жел станциямыз қазір осында жұмыс істеп тұрған 7 электр станциясының орнын алмастыра алады. Сәйкесінше, бағананың биіктігі 85 метр болады. Ал желмен айналатын қанатының ұзындығы 54 метрге дейін жетеді. Яғни, бір қанаты «Нұрлы ВЭС» бағаналарының биіктігінен де үлкен. Құрылыс жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Ешқандай кедергі жоқ – деп, келешекте энергия тапшылығынан мүлде арылатындығымызды жеткізді серіктестік өкілдері. Өз кезегінде Жайсан Қуатұлы Алакөл ауданына қарасты Достық ауылындағы қателікті қайталамауын тапсырды. Айтуынша, Достықтағы электр станциялары желдің жылдамдығына төтеп бере алмай, үнемі істен шығатын көрінеді. Сондай-ақ, кездесуге келген Сөгеті жеріндегі күн электр станциясының мердігері «КЗА Констракшн» ЖШС өкілдері жер телімін алып, жобаны іске асыруға дайындалып жатқандықтарын жеткізді. Құны 100 млрд теңге болатын жоба құрылысы аяқталғанда, күн батареялары арқылы сағатына 200 МВт энергия алынатын болады. Серіктестік қызметкерлері жоспарларымен бөлісіп, жұмыс жүргізуге кедергі жоқтығын жеткізді.

– Бұдан бөлек, бүгінде Есік және Түрген өзендерінің бойында 4 су электр станциялары электр қуатын өндіруде. Келешекте, Есік қаласындағы гидро, Сөгетідегі күн, және бірнеше жерден жел электр станциялары бой көтерсе, 4-5 жылда ауданымыз 500 МВт электр энергиясын өндіретін ауданға айналады – деп аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы, алдағы уақытта аудан өзін ғана емес, көршілес елді мекендерді де электр қуатымен қамтамасыз ететіндігін айтты.

Кейіннен Жайсан Ахметов бастаған жұмыс тобы Лавар ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке бағыт алды. 1993 жылы салынған ескерткіш биыл күрделі жөндеуден өтуде. Көлемі 0,8 гектар болатын жерді абаттандырып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге 25 млн теңге бөлінген. Айта кетейік, аталған қаржы демеушілер арқылы тартылды. Қуғын-сүргін кезінде жазықсыз құрбан болған ата-бабаларының сүйегін аяқасты қылмай, ретке келтіруге атсалысқан демеушілерге Жайсан Қуатұлы ризашылығын білдірді.

Сапар Қаратұрық округіне қарасты интенсивті бақта алма өсіретін «Rich Garden» ЖШС-інде жалғасты. Аумағы 30 гектар болатын заманауи алма бақ 2014 жылы отырғызылған. Тартылған инвестиция көлемі 264 млн теңге. Қазіргі уақытта шаруашылықта өрік өсіруді де қолға алған. Осыдан екі жыл бұрын отырғызылған өрік ағаштары бірер жылда толықтай жемісін береді. Серіктестік қызметкерлерінің айтуынша, бақта барлығы заман талабына сай техникамен жабдықталған. Бақтың төбесі тормен жабылған. Яғни, ары-бері ұшқан құстар жемістерге зиянын тигізе алмайды. Сондай-ақ, суарудан бастап дәрілеуге дейін арнайы техниканың көмегімен жүзеге асырылады. Тек өнімді жинауға ғана қосымша жұмыс күші тартылады. Терілген алмалар сыйымдылығы 250 тонна болатын тоңазытқышта сақталады. Кейіннен, Алматы және Ақтау қалаларындағы ірі сауда орындарына жөнелтіледі.

Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданымызда алғашқы болып Ащыбұлақ ауылындағы саябақтың құрылысы басталған еді. Жергілікті кәсіпкер Асқар Сабиров демеушілік етіп, 30 млн теңгеге қайта жасақталған саябақта бүгінде бірнеше балалар алаңы, жаттығу және футбол алаңдары бар. Қарттар үшін де демалатын жерлер жеткілікті. Осы саябаққа арнайы ат басын бұрған Жайсан Қуатұлы:

– Ата-баба рухына тағзым жасап, оларға ескерткіш қойған жақсы, әрине. Алайда, ауылдарда мынадай саябақтарды, халық игілігі үшін керек нысандарды салу – маңыздырақ. Сондықтан, ауылдастарының мұқтажына бей-жай қарамаған осындай жомарт азаматтарға әкімдік әрқашан қолдау көрсетіп, тиісті деңгейде марапаттау керек – деп тапсырды. Сонымен қатар, көп жерлерде демеушілер балалар, спорт алаңдары мен демалыс аймақтарын жасау үшін жер телімін таппайтын көрінеді. Аудан басшысына осындай олқылықтың болмау керектігін айтты. Саябақтың кіре-берісінде аудандағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен ауқымды жобалар бойынша есеп берген ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаеваның жұмыстарына көңілі толатындығын айтқан Жайсан Ахметов алдағы уақытта мақсатты жобаларды жүзеге асыруға сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ж.Ахметов мырзаның келесі жұмыс сапары Ават селолық округіне қарасты «Шелек Болашақ» ЖШС-де жалғасты. Мұндағы салынып жатқан нысандарды көзбен көріп, істелініп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әсіресе, жұмысын бастауға әзір отырған тігін цехын аралап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.

«Шелек Болашақ» ЖШС аумағындағы құрылыстар 2017 жылдың наурыз айынан басталды. Негізін қалаушы – кәсіпкер Абликим Садықұлы Сайдуллаев. Бүгінде тігін цехы, дәнекерлеуші орталық, жиһаз жасайтын шеберхана және балабақша құрылыстары аяқталған. Болашқта қоғамдық тамақтану орны мен сауда орталығы да пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, аталған өндіріс орындары талапқа сай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Барлығы іске қосылған жағдайда жалпы 188 жұмыс орны ашылып, халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасы үшін өз үлесін қоспақ. Жұмысшылардың алаңсыз жағдайда жұмыс істеуі үшін жатақхана да қарастырылған. Ал тігін цехы осы жылдың 19 желтоқсанында өз жұмысын бастамақ. Мұнда 70 адам жұмыс істейтін болады. Цехта негізінен мектеп оқушыларының формасы тігілмек. Сонымен бірге, тұрмысқа қажетті алжапқыштар мен басқа да бұйымдар, белгілі мамандықтарға арналған формалар, мерекелік және ұлттық нақыштағы киімдер де тігілмек. Арнайы тапсырыспен де тіктіруге болады. Өнімдерінің сапасы мен сәнділігі шетелдік фирмалардан ешқандай кем емес. Ал бағасы олардан әлдеқайда арзан болмақ. Өздерінің тауарларына «Қазақстанда жасалған» логотиптерін орналастырып нарыққа шығармақшы. Жиһаз жасайтын шеберханада да мектеп пен балабақшаларға арналған дүниелер жасалмақ. Онда 20 жұмысшы еңбек етеді. Дәнекерлейтін орталықта да алты адам қызмет етпек. Бір айта кетерлігі аталған кәсіпорын мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту жоспары аясында қаржыландырылып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта отандық тауар өндірушілерді қолдау және дамыту жалғасын тауып, аудан экономикасы гүлдене бермек. Аталған кәсіпорын соның бір парасы ғана.

 

Сардарбек НҰРАДИН,

Нұрсерік Тілеуқабыл.

 

Қаралды 51 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама