Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 26 Шілде 2018 17:15

Заманауи биология кабинеті ашылды

Жуырда Түрген ауылы Д.А.Қонаев атындағы орта мектебінде «Рухани жаңғыру» мен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары аясында жаңа интерактивті тақтаның сенсорлық мультитач экраны мен материалдық-техникалық құрылғылар және оқулықтармен жабдықталған заманауи талаптарға сай келетін биология кабинеті ашылды. Кабинеттің ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департамент басшысы С.Нұрғисаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Сүлейменова, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары Н.Құдай-бергенов, аудандық ардагерлер ұйымының кеңесінің төрағасы Т.Ұзақов, сондай-ақ демеуші «Казинтерсервис» компаниясының басшысы Т.Тулепов қатысты.

Мемлекет басшысы Н.Ә.На-зарбаев жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек.

Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деген еді.

Осыдан-ақ, цифрлы технологияның әлем елдеріндегі орны мен Қазақстанның болашағы үшін маңызын байқауға болады.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда Елбасы көрсеткен 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты, яғни жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның ақпарат саласындағы транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың көлік және логистика, денсаулық сақ-тау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды сауда секілді салаларына цифрлы технологияны ендіріп, олардың жұмысын оңтайландыру. Үшінші – цифрлы технология арқылы мемлекеттік органдарды бақылап, бағдарлап әрі жұмыс сапасын арттыру. Төртіншісі – білікті ІТ-мамандарды даярлау.

Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ ене бастаған болатын. Ел болашағының бұл жүйеден тыс қалып өркендей алмайтынын түсінген мемлекет те барлық салаға батыл түрде енгізуді ерте бастағаны бәрімізге белгілі. Бұған себеп, жылдам дамып жатқан технологияларды меңгеріп, өркениет көшіне ілесу болса, екіншіден халықтың сұранысы да өз әсерін тигізген еді. Ең алдымен, мектеп, емхана секілді мекемелерді жаппай компьютерлендіруден басталған науқан ол кез үшін үлкен жетістік болғаны жасырын емес. Бүгінде әр адамның жеке смартфондары, ал кейбірінің ноутбуктері де бар. Демек, цифрлы технологияның тиімділігі мен пайдасын көруге мүмкіндіктері жеткілікті деген сөз. Сонымен бірге, жерсерік ұшырған аз ғана мемлекеттердің біріміз. Осы арқылы цифрлы телеарналардың да игілігін көріп отырмыз. Бірақ бүгінгі әлемдік технологиямен салыстырғанда бұл да аздық етеді. Өйткені, белгілі бір алгоритмі жоқ жерде де жұмыс жасауға арналған жасанды интеллекттілер пайда болып, адам орнына роботтар жұмыс жасайтын кезеңде өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, аталған жағдайлар аса таңғалатын нәрсе емес. Сондықтан еліміздің ертеңі болатын өркениеттің ұлы көшіне ілесу үшін цифрлы технологияны дамытуға мүдделіміз.

Қазіргі кезеңде үшінші бағыт бойын-ша, әсіресе білім саласын цифрлы технологияға көшіру үрдісі жоғары қарқынмен іске асырылуда. Соның көрінісі жоғарыда аталған кабинеттің ашылуы. Кабинеттегі құрылғылардың ішіндегі ең негізгісі,интерактивті тақтаның сенсорлық мультитач экраны. Мұндай тақталар аудан түгілі республиканың өзінде сирек. Бұл құрылғы интерактивті тақталардың соңғы моделі десекте болады. Бірақ бұрынғы интерактивті тақталардан айырмашылығы мен артықшылықтары бар.

Интерактивті тақта – мультимедиялық электрондық оқыту құралдарының бірі. Білім беру үрдісін оңтайландыру үшін қолданылатын ақпаратты көрсетуге және оны компьютермен басқаруға тағайындалған әмбебап интерактивті жүйе. Кешеннің құрамына компьютерге және проекторға тізбектелген порт арқылы қосылатын қабырғаға ілінетін тақта, басқаруға керекті қалам және жазуға арналған блакнот кіреді. Ал біз сөз етіп отырған мультитач экранның мұндай қосымша құрылғылары жоқ. Өйткені, компьютер мен проекторға жалғамастан тікелей пайдалануға болады. Яғни, тақтаның өзі қабырғаға ілінген дербес компьютер іспетті. Оқушыларға берілуі тиіс ақпараттарды тікелей өзіне жүктеп көрсетуге болады. Екіншіден, сенсорлы болуына байланысты арнайы қаламның қажеті жоқ. Жазу, сызу, тапсырма орындау секілді функциялар саусақтың көмегімен жүзеге асады. Сонымен қоса, бірнеше оқушының жұмыс жасауына арналған. Кез-келген пәнді осы экран арқылы қызықты да түсінікті етіп жеткізуге мүмкіндік мол.

Бұл кабинеттің Д.А.Қонаев атындағы атындағы орта мектепте ашылуының өз мәні бар. Р.Ахметованың басқаруындағы білім ордасы аудандағы үздік мектептердің бірі. Бүгінде 1082 оқушы білім алады. 1992 жылы Д.А.Қонаевтың өзі осында ат басын тіреп, мектептің оқу үдерісіне оң бағасын берген болатын. Ал 1993 жылдан бастап осы тұлғаның атымен аталып келеді.

Шара соңында келген қонақтар Д.А.Қонаевтың мүсініне гүл қойып, рухына тағзым етті. Алдағы күндері аталған кабинеттің оқушылардың  білім алуына оң әсерін тигізіп, өз нәтижесін береріне сенім мол.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

 

Қаралды 236 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Дамудың жаңа сатысы Тас жол ақылы болмақ »
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама