Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 26 Шілде 2018 17:18

Тас жол ақылы болмақ

Жақында Шелек округі әкімдігінің мәжіліс залында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Алматы – Қорғас бөлігін ақылы жүйеге ауыстыру жөнінде түсіндірме жиын өтті. Шараға аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы бизнес дамыту басқармасының басшысы Ернар Төлегенов, баспасөз қызметінің басшысы Бауыржан Серікбаев, «Алматыжоллаборатория» республикалық мекемесінің өкілі Мақсұт Такеев қатысып, тұрғындарға ақылы жүйенің қалай жүзеге асарылатындығын түсіндірді.

Алдымен сөз сөйлеген Ернар Төлегенов жолдың жалпы ұзындығы 304 шақырымды құрайтындығын айтып, мұнда жеңіл көлікке қарағанда жүк көлігімен жүру қымбатырақ екендігін жеткізді:

– Бүгінгі таңда Алматы мен Қорғас елді мекендерінде 2 ақша қабылдау орны салынуда. Сонымен қатар, жол бойында 6 бірдей бақылау бейнекамералары орнатылған. Мұнда жол жүру ақысы жеңіл көліктер үшін шақырымына – 1 теңге. Ал қалған жүк және жолаушы тасымалдаумен айналысатын автобустар салмағына, жолаушы сыйымдылығына қарай ақша төлейді. Яғни, көпосьті, 15 тоннадан астам жүгі бар, тіркегіші бар көліктер 304 шақырымды жүріп өту үшін 7610 теңгесін беруге тура келеді – деген «ҚазАвтоЖол» өкілі жергілікті тұрғындарға жеңілдік қарастырылғандығын айтты. Сөзіне сүйенсек, осы жолдың бойында жатқан 4 ауданның тұрғындары 1000 теңгелік абоненттік төлем жасап, жыл бойы тегін жүре алады. Бұл тек жеңіл көлік иелеріне арналған. Ал бірнеше темір тұлпары барлар әр көлігіне 1000 теңге төлеуі тиіс. Айта кетейік, бұл абоненттік төлем тек Алматы – Қорғас жолында ғана жарамды.

Осы тұста «Мен автобанмен жүрмеймін, бірақ барар жеріме жету үшін 1-2 шақырым жүріп өтуіме тура келеді. Мен ақша төлеймін ба?» – деген сұрақ туындайды. «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, аудан тұрғындары жолдың аудан аумағынан өтетін бөлігінде тегін жүре алады. Тек, басқа ауданға өтіп кеткен жағдайда ғана ақша төлеуге мәжбүр боласыз. Бұл ретте сізге бір жылдық абоненттік төлем жасаған тиімді. Себебі, бейнебақылау бекеттеріне түсіп қалсаңыз, жолды жүрген болып есептелесіз. Ақша төлемеген жағдайда үйіңізге 7 күннің ішінде ескерту қағазы келеді. Оған құлақ аспасаңыз 5 АЕК (МРП) айыппұл арқалайсыз. Заңды тұлғаларға екі есе, яғни, 10 АЕК айыппұл салынады.

– Бүгінгі таңда Астана – Бурабай тас жолы ақылы қызмет көрсетуде. Биыл Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас жолдарын ақылыға ауыстырамыз. Осылайша, 2023 жылға дейін 5 мың шақырым жолымыз ақылы болмақ. Сіздер ақшаны қолма-қол, карта арқылы немесе интернетпен төлей аласыздар. Бұл жоба ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастау алып, 3-4 ай тесттік режимде жұмыс істейді. Келер жылдан бастап ақылы негізге ауысады – деген Бауыржан Серікбаевқа жиынға қатысқан көпшілік сұрақтарын қарша боратты. Алдымен, тас жолда жиі болатын апат жайы сөз болды. Алайда, «ҚазАвтоЖол» мекемесі апат мәселесіне келгенде қауқарсыз. Жол белгілері мен жылдамдық шегі де басқа мекемелердің құзырында. Десек те, бақылау бекеттері көліктердің жылдамдығы мен апат жағдайларын бақылап отырады. Мәселен, кей кездері апат болған орынға құтқарушылар мен полиция қызметкерлері кемінде 1 сағатта келеді екен. Ал бақылау аркалары арқылы жылдам хабар беріледі әрі құтқарушылар апат орнын тез табады.

Жиын барысында тұрғындар жол бойындағы демалыс орындарының жоқтығын айтып шағымданды. Бұл сұраққа Нұржан Құдайбергенов жауап берді:

– Кемпинг орындарын жасау үшін ауданда тендер ойнатылып, жеңімпаздар анықталды. Алдағы уақытта Қорам ауылы мен Жаңашар ауылына бұрылар тұста демалыс орындары, дәмхана мен жанармай бекеттері ашылады. Бұл тек біздің ауданымыздың аумағында ғана – деді.

Бұл ретте, аудан аумағында жолаушы тасымалымен айналысатын автобустар да назардан тыс қалмаған. Олар аудан аумағынан өтетін жолдың бөлігінде тегін жүре алады. Тас жолда жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция, құтқару қызметінің және әскери көліктер де ақша төлемейді.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 187 times

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама