Бейсенбі, 02 Тамыз 2018 14:47

Төрт түлігім – ырысым

«Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз...» – деп, қаз дауысты Қазыбек жырлағандай, жылқы өсіріп, қой баққан қазақ халқы ата кәсіптен қол үзген емес. Тіпті, бүгінгі таңда төрт түліктен нәпақасын айырған жұртшылыққа мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Оған дәлел, әр малдың басына және оның өніміне төленетін субсидия, асылдандыру мақсатында берілетін пайызсыз несие. Барлығы малшылардың қамы үшін. Оның үстіне жыл сайын ата кәсіпті жалғастырған азаматтардың басын қосып, тәжірибе алмасу мақсатында малшылар слеті өткізіледі. Дәстүрге айналған шара биыл да Алатаудың баурайындағы,күнгейінен күн күлген, өрісі малға толып, Қызыр дарыған Асы жайлауында «Төрт түлігім – ырысым» тақырыбымен ұйымдастырылды.  Қараш пен Бақайдың төріндегі  айтулы шарадан тілшілер қауымы да құр қалмай, Асыдағы тойға жол тарттық.

Іле-Алатауы Түрген шат-қалының аспанменен астасқан көріністері көздің жауын алады. Жап-жасыл болып жатқан тау жоталары жүре келе қыраттарға ұласып, бірте-бірте биіктеп келеді де, көкке барып қадалады. Тауды жағалай қаз-қатар тізіліп, жайқалған қылқан жапырақты қарағай, шырша секілді ағаштар тұмса табиғаттың сұлулығына сән беріп тұрғандай.

Туристердің сүйікті орнына айналған Түрген шатқалынан көтеріліп, Ойжайлауға табан тіредік. Осы тұстан кең жайлау басталып, жоталардың баурайында тігілген киіз үйлер байырғы қазақ халқының тыныс-тіршілігін көз алдыңа әкеледі. Жүйткіген көлігімізден үріккен қой-қозылар, кең даланың шаңын аспанға көтеріп жөңкілген жылқылар табиғаттың айнымас серігіндей. Оған қоса, асыл тұқымды «Санта-гертруда», «Ангус», «Симментал» ірі қараларын да осында көресің. Көз тоймас табиғатты тамашалай отырып, діттеген жерімізге жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Той болатынын естіген жұртшылық жер-жерден ағылып келіп жатты. Мұнда ұйымдастырылатын спорттық ойындарға қатысу үшін арнайы келгендер де бар.

Шараның негізгі бөлімі де басталды. Келген қонақтар мен малшылар қауымын мерекемен құттықтаған аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлы:

– Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына ар-налған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі зор екендігін атап, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңдел-ген өнімнің экспортын ұлғайту керектігін, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын несие беру жұмысын қолға алу қажеттілігін тапсырды. Бұл межелі жоспар ауданда жүйелі жолға қойылып отыр. Бүгін дәстүрге айналған малшылар слетінің негізгі мақсаты да – төрт түліктің жаңа замандағы алар орны, ата жолмен келген кәсіптің жаңа стильде жұмыс істей алатыны жайлы ой салу. Осы саланың бағыттарын кеңейтіп, оны дамытудың жаңа жолдары туралы пікір мен тәжірибе алмасу болып отыр. Өз жағымыздан, мемлекет тарапынан ауылшаруашылық саласына көрсетіліп жатқан қолдауды жете пайдаланып, сүт, ет өнімдерінің көлемі мен сапасын арттырып, инвесторларды көптеп тартуды жүзеге асырып, отандық өнімге деген сұраныстың ауқымын кеңейту керек – деп  өзінің алға қойған міндеттерімен бөлісті. Айтуынша, қазіргі уақытта ауылшаруашылығы саласына жасалып жатқан көмектің көлемі аз емес. Айталық, жалпы салаға 450 млн теңгеден астам қаржылай қамқорлық жасалған. Нәтижесінде, ірі қара саны 100 мыңнан асып жығылған. Берекеміз болып отырған қой мен ешкі 330 мың, қамбар ата тұқымы жылқы малының саны 21 мыңнан асып-жығылады.

Шара барысында мал шаруа-шылығын дамытуға үлес қосқан және осы салада жетістікке жеткен бірқатар аудан азаматтары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Келесі болып мінберге көтеріліп, жұртшылыққа, малшылар қауымына алғысын білдірген ақсақал Емберген Жексенов тағылымды әңгіме-сін айтып, ақ батасын берді. Кейіннен, жиылған көпшілік аудан өнерпаздарының ұйымдас-тырған мерекелік концертін тамашалады. Нұртас Қайратұлы, Назгүл Әбибекова, Қайрат Бектұрсын, Гүлсезім Тазабек, Саясат Айтолқын, Ернар Мұқанов, Арман Ыдырысов сынды күміс көмей әншілеріміз эстрадалық және дәстүрлі әндерді шырқап, даланы көңілді күйге бөледі.

Мереке соңы қазақтың ұлттық спорттық ойындарына ұласты. Жастарымыз өздерін аламан, құнан, тай бәйгесінде сынап, балуандар боз кілемде белдесті. Көкпар тартылып, кір тасын көтеруден жарыс ұйымдастырылды. Аталған ойындардың жүлде қорына «Арзан» сауда орталығының басшылығы, ал бәйгеге Бешен Доғалов, Еркебұлан Қарабалаев, Айман Баймұханова демеушілік көрсетті.

Тай бәйгесінде жүзден жүйрік шыққан Қадыр есімді алматылық жігіт жеңімпаз атанып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Құнан бәйгеде де алматылық Қадырнұр атты шабандоздың жылқысы талайды шаң қаптырып, тананы қанжығасына байлады. Аламан бейгеде өзіміздің жерлесіміз, сөгетілік Арманның арғымағы есшкімге дес бермеді. Мәреге жетіп алғашқы болып кесіп, қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Боз кілемде белдескен түйе балуандар да құралақан қайт-пады. І орынды иеленген Аян Байғазы (Сөгеті), ІІ орынға табан тіреген Алмас Сатқынов (Сөгеті), үздік үштікті қорытындылаған Ерсін Қамза (Қырбалтабай) арнайы сыйлықтарға ие болды.

Шыны керек, бұрындары жайлаудағы малшыларды былай қойғанда, ауылдағы адамдарды өркениеттен алыста қалған деп ойлайтынымыз жасырын емес. Осыдан үш жыл бұрын Асыға келгенде, аталған ойдың теріс екендігін түсіндім. Жанармаймен жұмыс істейтін генератор арқылы, «Отау ТВ» тамашалаған малшылар тоқшәйнекпен шәй ішіп отырған. Осы барғанда шопандар табиғатты ластайтын генератордан бас тартып, күннен энергия алатын батареяларды орнатып алған. Осылайша, заманауи киіз үйдің ішінде заман талабына сай өмір сүріп жатыр. Соларға қарап, малшыларға жасалып жатқан жағдайдың, малшылар ауқатының жаман еместігіне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Қаралды 28 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама