Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 02 Тамыз 2018 14:57

Ұлттық код – ұлттың негізі

 Бүгінгі күні жер бетінде 5000-ға тарта ұлттар мен ұлыстар болса, ал мемлекеттер саны 200-дей ғана екен.  Сол елдердің біршамасы ұлттық мемлекет ретінде құрылмағанын ескерсек, мемлекеттігі жоқ халықтардың саны жетіп артылады деген сөз. Яғни, әлемдегі барша халықтың тек 10%-ға жуығының ғана өз елі, өз мемлекеті бар. Соның бірі – қазақ. «Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген» деп Ж.Молдағалиев айтқандай бір-ақ күнде қазақ болып қалыптаспағанымыз тарихи ақиқат. Біз – Еуразияның ен даласын мекендеп, дүниенің төрт бұрышын тітіреткен көшпенді сақтардың жалғасымыз. Біз – берісі Қытай, арысы Балқан тауға дейін кереге жайып, қағанат құрған ұлы ғұндардың ұрпағымыз. Біз – тарихын тасқа қашап, тәңірдің тағылымымен жүрген түркілерміз. Барша түркі жұртының қарашаңырағымыз.

Бүгінде әлемді ерлік пен әділеттілік емес, ақша билеген заманға тап келгеніміз жасырын емес. Тәуелсіз елміз деп кеуде керсек те, жаһандану деп атлатын алып аждаһаның аузында жұтылып кетпеу үшін амал іздеп отырған халімізді айтпаса болмайды. Ал сол алып аждаһаны қақ бөліп, келмеске кетіретін Ертөстігіміз қайда жүр?! Әрине, жанымызда. Ол – өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз. Біздің бүгінгі рухани жұтаңдығымыздың бір себебі – ұлттық құндылықтарымыздан алыстап қалуымызда. Ендеше, ұлттық рухты қайта ояту үшін не істеуіміз керек деген сұрақтың туатыны заңды. Оның түп негізі мен кілті ұлттық кодта жатыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», – деп бұл мәселеге баса мән берген. М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демеуші ме еді! Бүгінгі күні біздің түзер бесігіміз – ұлттық код.

 

Ең бірінші ұлттық код дегеннің не екенін анықтап алайық. Ол – халықтың ішкі рухани өзегі, мәдени мәйегі, этникалық бөгенайы. Оның болмысын, дара табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын, кие тұтар құндылықтарын айқындайтын белгілері. Яғни, ұлттың бойындағы тарихи кезеңдерде пайда болып, басқадан ерек өзіне тән ерекшелікпен дамыған қасиеттерінің сығымдалып тұжырымдалған формуласы. Ол – ұлттық болмыстың сырын түсінуге апаратын құпия кілттің дәл өзі. Анықтап айтсақ, ұлттың ұлт болып қалыптасуына ұйытқы болып отырған тілі мен ділі, діні мен салт-дәстүрі, төл тарихы, Отаны. Ал біз осы аталған ұлттық қазынамызды қаншалықты бағалап әрі көзіміздің қарашығындай сақтап жүрміз?

 

Ана тілің арың бұл

Кез-келген ұлтты басқадан бөлектеп, ерекшелеп тұратын ең бірінші белгісі оның ана тілі екені даусыз. Сондықтан, «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» дейді халық даналығы. Әлемде 6000-нан астам тіл болса, солардың 600-не ғана жойылу қаупі төнбейді екен. (2700 негізгі тіл, ал 4000-ға жуығы сол тілдердің диалектісі). Десе де, бар тілінен айырылып, өзге ұлттың өзегіне жұтылып кеткен халық қаншама?! Мәселен, 1995 жылдың 5 қарашасында Камерун деген елдің Адамавия өлкесінде касаба тілінің соңғы сөйлеушісі Богон есімді азамат өлген. Яғни, қарашаның 4-і күні бар тіл, 5-і күні Богонмен бірге өлді деген сөз. Ал 1992 жылдың 8 қарашасында Батыс Кавказдағы Тефллик Есенщпен бірге обух тілі де марқұм болды. Осылайша бір тіл иесі жоқ болып жойылса, келесі бір тіл иесі бола тұра, сөйлейтін ниеттің жоқтығынан келмеске кетуде. Осындай қасіреттің қақпанына түсіп, бүгінде өлі тілге айналған талай мысалды санап тауысқысыз. Көріп отырғанымыздай, тілдердің өлуіне басты себеп сол тілде сөйлейтін жастардың өз тілінен жерінуі болып табылады. Тек таралу аймағы тар, сөйлеушілері аз тілдер ғана жойылады десеңіз қателескеніңіз. Олардың қатарында кезіндегі ғылым мен өнердің, экономика мен саясаттың тілі болған, бүгінде ғылыми ортада күнделікті қолданылып жүрген көптеген терминдердің атасы саналатын әйгілі латын тілі де бар. Мейлі, өткенге салауат дейік. Өлген тілдер өлді, енді тірі тілдің қамын жасайық. Әрине, өз ана тіліміз – қазақ тілінің. Қазіргі кезде қазақ тілі сөйлеушілер саны бойынша 70-орынға тұрақтапты. Шүкір, байлығы мен оралымдылығы жағынан өте бай. Ауызекі сөйлеуде ғана емес, ғылым мен өнерде, БАҚ-та да белсенді қолданылады. Сонда да бас киімді аспанға лақтыратын жағдайда тұрған жоқпыз. Қазақ тілі экономика мен саясатта бәсең қолданылған соң, іс-құжаттарында да адымы ашылар емес. Сонымен бірге, өз тілінен жерінген, түрі қазақ, тілі басқа ноқайлардан да кенде емеспіз. Ендеше арқаны кеңге салуға әлі жағдайымыз келмейді. Біздің тіліміз де латын тілінің аяғын құшпасына кім кепіл?! Осындайда он төрт ғасыр бойы өлі тіл саналып келген иврит тілін қайта тірілтіп, бүгінде мемлекеттік тіл деңгейіне көтерген еврей халқына таңдай қақпасқа шара жоқ. Біреулер бар тілін менсінбейді, біреулер жоқ тілді бар қылады. Міне, парадокс!

 

Діл – ұлттың айнасы

Ұлттың кім екенін әйгілеп тұратын ең басты белгілерінің тағы бірі діл болып табылады. Діл – ұлттық шеңберде ойлаудың үлгісі, этностың, әлеуметтік топтардың, индивидтің жалпы рухани мінез құлқы. Сондай-ақ, діл халықтың этникалық бірлігі мен оның басқа ұлттық құрылымдардан ерекшелігін тану құралы. Мағынасы жағынан бүгінде көп қолданылатын менталитет ұғымына сәйкес. Ұлттың ұстанымдары мен көзқарасы, салт-дәстүрлері мен танымы, болмысы мен табиғаты түгелдей ділімізден көрініс тапқан. Қазақтың жақынын өкпеге қиса да өлімге қимайтын бауырмалдығы, жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған адамгершілігі, өзім дегенге жалғыз атын сыйлайтын жомарттығы, жеті түнде келсең де қабағын шытпай, керісінше барын алдыңа тосатын қонақжайлығы, атасының құны болса да аталы сөзге тоқтаған мәрттігі, шежірені құрандай қастерлеп, жеті атаға толмай некелеспейтін тазалығы – бәрі-бәрі ұлтымыз-дың діл тазалығына баса көңіл аударғанының айқын дәлелі. Атағынан ат үркетін талай еуропалық ғалымдардың салт-дәстүрлерімізге таңдай қағып, тамсанғаны тарихтан белгілі. Атақты П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің өзі: «Қазақтарды оқытып қажеті жоқ, олардың салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім!», – деп дәл бағасын беріп кеткені осының айғағы. Мұндағы білім түсінігі химия мен математика емес, мораль ілімі. Бүгінгі ғылыми жетістіктердің арқасында өмір сүруіміз жеңілдеп, бұрынғылардың қиялына да кірмейтін кереметтерді жасасақ та, моральдық тұрғыдан кері кетіп бара жатқанымыз жасырын емес. Біздің де ұлттық құндылық-тарымыз әлсіреп, ата ділімізден ажырап бара жатқанымыз қынжылтады. Әсіресе, ұлттық жадымыз көмескіленуде.

Ұлттық жад – сол халықтың бойына бітіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сұңғылалылық пен аңғарымпаздық, байқағыштық пен түйсінгіштік қасиеттері. Мәселен, «Аяз би» ертегісіндегі  Жаман-ның құстың, шөптің, өзінің жаман екенін дәлелдеген тапқырлықтары, тұлпардың сиыр шатыс екенін, гауһар тастың ішін құрт үңгіп жеп жатқанын, ханның жеті атасынан емес, тек өз басы ғана хан екенін сезе білген сұңғылалығы ұлттық жадтың айқын дәлелі. Тіптен түйенің оң көзі соқыр, артқы сол аяғы ақсақ, құйрығы шолақ екенін, сонымен қоса, алдында өткен атты жолаушының әйел екенін, ол әйелдің екіқабат екенін, артында ерткен сары иті бар екенін көрмей-ақ білген аңғарымпаз жолаушылар туралы аңызға да тамсанбай қала алмайсың. Әлем әдебиетіндегі атақты із кесуші Конан Дойлдың Шерлок Холмсы да осылардың шекпенінен шыққан шығар дерсің. Тағы бір аңызда атақты Толыбай сыншының айдалада жатқан аттың қу басын көріп: «Мынау ерен жүйріктің басы екен. Имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жарқабақ, екі жақтың ортасы алшақ болуы осының дәлелі. Тістері де әлі жалтырап тұр. Бұл сүйегінің асылдығын көрсетеді. Тұмсығына қарағанда шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоянтірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін қас тұлпардың өзі-ау! Жасы тоғыздан асып, онға қараған шағында өліпті, жануар. Өлгеніне де үш жыл болыпты», – деуі де адамды таң қалдырмай қоймайды. Тек қу басын ғана көргенімен, тұлпарды көз алдында тұрғандай сипаттау даналықтың сипаты емес пе?! Егер мұны аңыз десеңіз де, қазақ даласында өмір сүрген қаншама көріпкел әулиелерді жоққа шығара алмайсыз. Қазақ даласын екі аттасаң әулиенің бейітіне жолығатының тағы бар.

Бірақ қазіргі қазақ осы қабілетінен айы-рылып қалды. Тіпті көз алдында көрініп тұрған дос пен дұшпанды, жақсы мен жаманды парықтай алмайтын деңгейге жетті. Екінің бірі алаяққа алданып, сан соғып жатқанын күнде естіп, біліп жүрміз.Демек, халықымыздың бойындағы өзін-өзі сақтандыратын иммунитеті, терең сұңғылалық қабілеті жойыла бастаған. Мұндай күйге өзінің байырғы түп тамырынан ажырап, тектілігінен айырылған халық жиі ұшырайтынын айтады ғалымдар. Кезінде француз отары болған Марокко елінің тарихшысы Абдулла Лаури өзінің 1967 жылы ағылшын тілінде жарық көрген еңбегінде «Отарлаушылар біздің ішкі жан-дүниемізді тонап, жаратылыс сыйлаған табиғи таным-қабілетімізден ажыратты. Өзімізді қанша тәуелсізбіз десек те, бәрібір қараңғылық құрсауынан құтыла алар емеспіз» деуі қазіргі біздің де душар болып отырған күйдің бір көрінісі іспеттес. Бұдан түйсінеріміз, діл тазалығының ұлттың бүгіні мен болашағына қалай әсер ететіні. Кешегі шежіре мен тарихты, ұлағат пен ұлылықты дәріптейтін аузы дуалы абыз қариялардың да қатары сирегелі қашан?! Соның бір көрінісі домбыра мен қобызды, айтыс пен термені тыңдаудан гөрі, «91»-дің шатпағын тыңдауға әуес жастардың көбеюі. Сондықтан ұлттық ділінен айырылып, жойылып кетуден аман қалуды ойлаған әрбір халық алдымен өзінің байырғы рухани-тектік қасиеттерін мейілінше жаңғыртып, осы арқылы заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алу жағын ескергені жөн.

 

Дін бірлігі – ел бірлігі

Ұлттың ұлы белгілерінің бірі әрі береке мен татулығының негізі болып табылатын критеридің келесісі – дін. Әлемдегі ең қиын, ең аяусыз, ең күрделі мәселе діни алауыздық. Тегі мен тілі бір талай халықтың діни алауыздықтың әсерінен қақ айырылғанына қарт тарих куә. Кеше ғана іргесі ажыраған Үндістан мен Пәкістаннның екі бөлінуіне осы дін әсер еткенін естіген боларсыз. Дін мәселесі – сенім мәселесі. Ал сенім адам баласының үміт отын тұтатып, болашаққа деген ұмтылысына шабыт беретін демеушісі, жол нұсқайтын шамшырағы екенін ескерсек, дінге бей-жай қарауға болмайтынын көрсетеді. Қазақ жеріне алғашқы сенімдер болып саналатын онимизм, петишизм, тотемизм, шаманизмнен бастап, ежелгі зороастризм, тәңіршілдік, кейінгі буддизм, манихейлік, несторияндық діндердің барлығы да ата-бабаларымыздың жүрегінен орын теуіп, қағанаттарында қанат жайғаны тарихтан белгілі. Солардың ішінде тек соңғы дін ислам ғана тұрақтап, мәдениетіміздің бір бөлігіне айнала алды. Әрі сонау қараханид кезеңінен бері халқымыздың рухани жолы ретінде бүгінге дейін жетіп отырған жалғыз дін. Дегенмен соңғы кездері ислам дінін жамылған өзге жат ағымдардың әсерінен діни алауыздық біздің елден де көрініс табуда. Ханафи мазһабын, Матруди ахидасын ұстанатын қазақтың діни сеніміне селкеу түсуі түбі жақсылыққа апармайтын қатерлі жол.

Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дегеніндей тарихымыздың толықтанбай, тексерілмей жатқан бөлігі ұшан-теңіз. Осы ақынның тағы бір өлеңінде:

«Шежіреміз қию-қию,

Шырғалаң,

Шырғалаңды ұқпай менің жүр балам.

Жер үстінде бір шаһарым ер жетіп,

Жер астында шөгіп жатыр бір қалам!», – дегеніндей өткен тарихымыздың бұралаңы мен шырғалаңы көп. Бізді жер бетінен халық ретінде жойып жібере жаздаған «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаны да» көрдік, халқымыздың үштен екісін жалмаған аштықтан да өттік. Рухымыз бен құндылығымызды төмендеткен, бостандығымыз бен еркімізді шектеген, шындығымыз бен тарихымызды бұғаулаған бодандықты да бастан кешірдік. Ел бастаған серкелерімізден де айырылдық. Деседе осының бәрінен аман өтіп, қасиетті тәуелсіздікке қол жеткіздік. Осынша нәубеттен құрып кетпей, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қасқая алға жүруімізге дәнекер болған тек қайтпас қайсарлығымыз бен мұқалмас жігеріміз, сөнбес үмітіміз бен рухани құндылығымыз. Яғни,мұның бәрі қалыптасқан ұлттық генофондымыздың арқасы. Енді болашаққа да жігеріміз мұқалмай, рухани күшіміз сарқылмай жетуіміз үшін ұлттық кодымызды сақтай білуге мүдделіміз. Атадан жалғасқан жақсы қасиеттерімізді жаңа заманмен үндестіре дамытқанда ғана ұлттық болмысымызды сақтап, жаһанданудың шеңгелінен аман өтеріміз айдан анық. Ұлттық код ұлттың негізі екенін ұмытпауымыз – ұрпақ алдындағы парызымыз болмақ.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Read 299 times

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама