Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 06 Қыркүйек 2018 11:24

Көптен күткен ұлы той

Жайдары жаз кетіп, алтын күзбен қатар оқу-шылар қауымы сағына күткен жаңа оқу жылы бас-талды. Білім күні мерекесінде құшақтарын гүлге толтырған ұл-қыздар мектепке қарай асығуда. Бұл күні Қаратұрық ауылындағы А.Саттаров атындағы орта мектеп оқушыларының көңіл-күйі ерекше. Осы уақытқа дейін ескірген мектеп ғимаратында білім алған балалар жаңа оқу жылын күрделі жөндеуден өткен оқу ордасында бастамақ. Көз танымастай өзгерген жаңа мектепке бергісіз білім ордасында салтанатты шара өтті қыркүйектің алғашқы күні. Қаратұрықтықтардың көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, орынбасары Айбек Бидаев, бөлім басшылары арнайы келді.

Мереке күні ауданымызда 48 мыңнан астам оқушы 86 мектептің табалдырығын аттады. Соның 842-сі А.Саттаров атындағы мектептің алаңына жиналып, қайта жаңғырған мектепте алғашқы қоңырауды сыңғырлатты.

Шараның ашылу салтанатында жиылған жұрт-шылықты құттықтаған аудан басшысы өткен күнге бір сәт көз жүгіртті:

– Осыдан 6 жыл бұрын қаншама мектептеріміз аянышты күйде тұрды. Тіпті, кейбірі күрделі жөндеуге жарамайтын. Осы уақыт аралығында 12 жаңа мектеп салыныпты ауданымызда. Оның бірі, көрші Достық ауылында орналасқан А.Бертаева атындағы мектеп. Сонымен қатар, 14 білім ошағын күрделі жөндеуден өткіздік. Соның біріне өздеріңіз куә болып отырсыздар – дей келе мектепке аты берілген Ауыт Саттаровтың тағылымды өмір жолы мен ерен еңбегіне тоқталып өтті. Айтуынша, балалар мен жастар осындай азаматтардан үлгі алып, олардың есімін құрмет тұтуы керек. Және де осындай мектепте оқығанын мақтан етіп, білімді болуға ұмтылуы тиіс. Бұл ретте ұстаздар қауымына артылар жауапкершілік оңай емес. Ауылдастарға жасалған керемет сый үшін аудан басшылылығына алғысын жеткізген ауыл ақсақалы Қасым Исмаилов балаларды мемлекеттің өздеріне артқан үмітін ақтап, сабақты жақсы оқуға шақырды. Сондай-ақ, жақында ғана жарыққа шыққан тарихи-дастан кітабын Бинәлі Әбдіқапасұлына сыйға тартты. Мереке барысында мектеп директоры Чимангуль Амиловақа сиетті қара шаңырақтан оқушылардың саналы тәрбие мен сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасайтындығын айтты.

Салтанатты жиын аудан өнерпаздары-ның ұйымдастырған концертіне ұласып, қонақтар ғимаратты аралап көрді. Жап-жарық, кеңейтілген сыныптар, керек-жарақпен қамтылған спорт залы, компьютер сыныптары мен жаңғырған спорт алаңын көрген оқушылардың қуанышында шек жоқ. Ғимараттың құрылысына бюджеттен 433 млн теңге қаржы жұмсалған. Мердігер «Капитал Строй Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманованың айтуынша, тіпті, мұнда заманға сай мұғалімдер бөлмесі бар. Биылдан басталған жоба аудандағы 11 білім ошағында жүзеге асқан. Ерекшелігі – жаңартылған білім беру бағдарламасына көшкен ұстаздар күнделік толтыру үшін енді компьютер сыныбына барып әуре болмайды. Мұғалімдер бөлмесінде орналасқан компьютерлерді кез-келген уақытта қолдана алады. Құрылыс сапасы мен мұғалімдердің біліктілігіне ризашылығын білдірген Бинәлі Әбдіқапасұлы бір ғана ескерту жасады. Ол – ғаламтор желісінің жылдамдығын арттыру. Бұл басқа мектептерге де қатысты. Себебі, білім алғысы келетін балаға ешқандай кедергі болмауы керек.

***

Білім күнінде аудан әкімінің бірінші орынбасары Н.Құдайбергенов Өрікті ауылы Б.Майлин атындағы орта мектепте болып, білімгерлерге ақжарма тілегін ақтарды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Нұржан Кеңесұлы әрбір отбасы, мемлекет үшін де маңызды мереке білім күнімен құттықтады. – Білім бәсекесі биік бүгінгі қоғамда бұл күннің маңыздылығы өте жоғары. Себебі, білімсіз күнің жоқ. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбекті талап ететін ілім жинау бәрімізге міндет. Сондықтан баршаңызға осынау қиын да қызық жолда тың табыстар тілеймін. Жаңа оқу жылы құтты болсын! – деді.

Мектеп директоры Айгүл Мукаева жаңа салынған қосымша ғимарат үшін ел ағаларына алғысын жеткізді. – Бүгінгі күнде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде жас буынның емін-еркін білім алуына толыққанды жағдай жасалуда. Оның жақсылығын біз де көріп отырмыз. Мектебіміздің жанына салынған қосымша ғимарат та жақын арада білімгерлер игілігіне берілмек. Сол үшін Ең бірінші Көшбасшымызға, облыс, аудан әкімдеріне жас буын атынан, ұжым атынан алғысымды білдіремін.

Білім ордасына алғаш қадам аттаған бүлдіршіндерге жас түлектер ізгі тілегін жеткізіп, қарсы алу рәсімімен шара жал-ғасын тапты.

Сардарбек НҰРАДИН.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Қаралды 123 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама