Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 04 Қазан 2018 16:47

Шебердің сыйы

Атақты қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлынан дәріс, тәлім алғандар Қазақстанның әр жерінде баршылық. Солардың бірі – Ақтоған ауылында тұратын Шұбаев Ақберген Батыр-ханұлы.

Ол 1972 жылы Алматыдағы №9 мектеп-интернатты бітірген соң оқуын жалғастырды. 1990-1995 жылдары Дәркембай Шоқпарұлынан дәріс алып, оның тәжірибесін үйренді. Осылайша негізгі мамандығымен қоса қолөнер сияқты аса шеберлікті, тума қабілетті қажет ететін салаға бет бұрып, қазақтың ағаштан, теріден неше түрлі ұлттық қолөнер бұйымдарын жасады. Бұған қоса Ақтоған мектебінде ұлттық қолөнерге шәкірттерді  баулитын «Атамұра» атты үйірме ұйымдастырып, еңбек етті.

Ақберген шебер Шелек тарихи-өлкетану музейіне келіп, өзінің ой-пікірімен бөлісіп отырады. Бұрындары өзінің қолынан шыққан бірнеше туындыларын сыйға да тартқан. Жақында ол музейге тағы ат басын бұрып, сыйлы қонақ болды.

– Рухани жаңғырудың бір саласы – қазақтың ежелден келе жатқан қолөнер туындыларымен, оның жасалу, шығу тарихымен өсіп келе жатқан жас ұрпақты таныстыру, сол арқылы тәрбие беру – деді Ақберген. – Кейде оқушылармен әңгімелесе қалып, ер-тұрман, жүген, өмілдірік, құйысқан, қамшы тағы басқа ат әбзел-бұйымдары,  қайыстан жасалатын заттар жайлы сұрай қалсаң қиналады, білмейді. Бұл қалай болғаны?

Ақберген шебер бұл жолы да музейге құралақан келмепті. Өзімен бірге атасынан қалған (шамасы 1920-1930 жылдары жасалған) қошқар басты тұтастай қайың ағаштан шабылған, терімен қапталған ерді, қазақы қайыс өрімнің 8 түрін өріп орналастырған шағын тақтаны ала келіпті. Өрімнің 8 түрі мыналар: үш өрім, төрт өрім, бес өрім, алты өрім, сегіз өрім, он екі өрім, жеті өрім, сегізінші жөргем деп аталады.

– Қазір елімізде «Музейге жол» атты акция өтіп жатқанынан хабардармыз. Осының аясында менің де музейге тартқан сыйым болсын. Ел көрсін, білсін – деді А.Шұбаев жарқын көңілмен.

Ақберген шебер секілді қолы ашық, көзі қарақты, көңілі дария азаматтар Шелек жерінде баршылық. Олар да осы шағын хабарды оқыған соң үн қатады, музей сияқты танымдық, ағартушылық, тәрбие орталығына бет бұрады деп ойлаймыз.

 

Ә.АЙТАҚЫНОВ,

Шелек тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.

 

Қаралды 41 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама