Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 23:12

Момунжан ИСЛАМОВ: Бәсеке бар жерде, даму бар!

Момунжан ИСЛАМОВ: Бәсеке бар жерде,  даму бар! mezet.kz

   Азаматтық қоғамды дамыту – Елбасы Н.Назарбаевтың нақты тапсырмаларының алдаспаны. Сондықтан болар оны жүзеге асыруда қоғамдық қорларға қамқорлық көрсету мемлекет тарапынан жыл санап артып келеді. Бұл үлкен қуаныш. Қолдау қамалының алғашқы шегесі сонау 2002 жылы қағылған еді. Яғни, Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың тұжырымдамасы шыққан. 2003 жылы оны жүзеге асырудың арнайы бағдарламасы да әзірленді. Онда: «Еліміздегі қоғамдық қорлардың тұрақты дамуына жағдай туғызу және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен өзара іс-қимыл негізінде олардың қоғамдық әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін арттыру» деп мақсатын айқындаған. Кейіннен үкіметтік емес ұйымдар ұйытқы болған еліміздегі тұңғыш өткен азаматтық  форумға Елбасы арнайы қатысты. Сондай-ақ, 2005 жылы Көшбасшымыз отандық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізді. Дәл сол жылы республикалық бюджеттен маңызды мәселелерді шешуде ҮЕҰ қатысуының құқықтық негізін қамтамасыз ететін ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заң қабылданды. Содан бері он екі жылдың жүзі болды қоғамдық қорлар құлашын кеңге сермеді. Яғни, біліктілігін байқатса, грант ұтып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік алады. Бұл игі дәстүр ауданымызда жоғары қарқынмен дамып келеді. Оған дәлел, соңғы бес жыл қатарынан аудан әкімінің тікелей қолдауымен арнайы лоттар бойынша гранттар ойнатылды. Үздік шыққандары тиісті жұмыстарын жүйелі жүргізді. Биыл да 11 жоба аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан жүзеге асты. Жыл басынан басталған жұмыс жуырда ғана тәмамдалды. Қорытындысын білу үшін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламовпен жолыққан едік.

  

– Құрметті Момунжан Акваржан-ұлы, азаматтық қоғамды дамыту – өркениетті елдердің өресіндегі серпіліс емес пе?

– Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отырған азаматтық қоғамды дамыту қағидасы үкіметтік емес ұйымдарға жарқын жол ашты. Екінші жағынан бұл өзіңіз атағандай озық отыз елге қосылуға оң қадам. Өйткені, қазір әлемнің дамыған елдері АҚШ, Жапония сондай-ақ, Еуроодаққа мүше алпауыттар әлдеқашан азаматтық қоғам қағидасын қабылдап қойды. Соның аясында әлеуметтік мәселелерді шешуді қоғамдық қорлардың құзырына берген. Ондағы межені біліп отырған шығарсыз, әрбір азамат өз елінің шынайы патриоты болу керек. Мемлекетке қол жаймай, өз мәселесін шешуге өзі атсалысқаны абзал. Осы тұрғыдан қарағанда, қоғамдық қорлардың атқарар жұмыстарының ауқымы зор.

– Уақыт тынысымен үзеңгілес шапқан елімізде зор серпіліс орын алуда. Оның ішінде қоғамдық қорларға да айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанын көріп жүрміз. Оң ықпал ауданымызда да бар ғой?

– Әрине, Еңбекшіқазақ аудан әкімдігінің жанынан азаматтық қоғам институттарымен өзара байланыс жөнінде кеңес жұмысын жүйелі жүргізуде. Бүгінде кезекті отырыстар жүйелі өткізіліп отырады. Онда өткен жылғы есептер тыңдалып, жаңа жылға жоспарлар жүйеленді, сатып алу-сату заңындағы өзгерістер айтылды, сондай-ақ, өз ісінде біліктілігін танытып жүрген бірлестіктердің есептері тыңдалды. Бұдан бөлек күн тәртібіндегі мәселелер де қаралып, өзара еркін пікір алмасулар болды.

– Пікір алмасулар аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың дамуына нендей өзгеріс әкелді?

– Әлбетте, істелген жұмыстың нәтижесін көруіміз тиіс. Бұл ретте аудандағы бірқатар қоғамдық қорлар мемлекеттік тапсырысқа электронды өтініш білдірудің жолдарын түсінді. Сөйтіп, ашық конкурсқа қатысты. Ең маңыздысы, осыдан бірер жыл бұрын ауданымызда 47 ҮЕҰ болса, биыл оның саны 54-ке өсіп отырғаны. Бұл өз кезегінде қоғам белсенділігінің артқанын көрсетеді.

– «Аттың бәрі тұлпар емес, құстың бәрі сұңқар емес» дейді дана қазақ. Осы ретте өз ісінде біліктілік танытып жүрген қоғамдық қорларды атасаңыз...

– Әрбір қоғамдық қор өңіріміздің дамуына түймедей болсын үлесін қосып келе жатқаны айқын. Себебі, әрқайсы өз бағыты бойынша жұмыс жүргізуде. Сондықтан бөліп-жарудан аулақпын. Әйткенмен, өзіңіз айтқандай, белсенді ҮЕҰ-дар да бар. Олардың қатарына Еңбекшіқазақ аудандық жергілікті қауымдастықтар қоры, «Елім-ай» қоғамдық қоры, «Еңбекшіқазақ аудандық Әйелдер одағы» қоры, «Ақжүніс» қоғамдық бірлестігі, «Еңбекшіқазақ жастары» қоғамдық бірлестігі, «Інтізар» дағдарыс орталығы қоғамдық қорын қосуға болады.

– Биылғы жылы іске асқан жобалар және олардың жетістігі хақында не айтасыз?

– Биылғы жылы мемлекеттік саясатты жанжақты түсіндіру, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды насихаттау, тұрғындарға ұғындыру мақсатында жалпы сомасы 9 млн теңгеге 11 лот ілінген болатын. Мемлекеттік сатып алу-сату заңы аясында ауданымыздан «Елім-ай», «Еңбекшіқазақ ауданының жастары» қоғамдық қорлары, сондай-ақ, аймақтық қорлар да жеңімпаз атанып, жұмысын жүйелі жүргізді. Нәтижесінде, 50 мыңға жуық адам тікелей қамтылды. Барлық өткізілген іс-шаралар аудандық, облыстық мерзімді басылымдарда, аудан әкімдігінің ресми сайттарында, әлеуметтік желілерде жарияланды. Оны көпшілік оқып, біліп отыр. Бір қуантарлығы, тапсырыстан бөлек, бұл қоғамдық қорлар аудан тұрғындарына барынша қайырымдылық жасап жүрген, оны өзінің парызы санайды. Біз осындай азаматтарымызбен мақтанамыз.

– Халықаралық деңгейдегі тапсырыстардың жеңімпазы боп жүрген қоғамдық қорларды да білеміз. Бұл ауданға инвестиция тартудың бір жолы емес пе?

– Әрине, биылғы жылы «Шығыс әйелдерінің халықаралық экологиялық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Еуроодақтан ауданымыздағы экономика, ауылшаруашылығы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 572 358 евро ұтып алған. 2017 жылдың наурызынан бас-талған жұмыс 2020 жылдың маусымына дейін жалғасады. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры ауданымызда ауылшаруашылығына жасыл технологияны енгізу мақсатында БҰҰ даму бағдарламасы (ПРООН) арқылы 17 517414 млн теңге, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету үшін 3 670231 млн теңге алып, жұмыс істеуде. Мұның өзі ауданымыз-дағы қоғамдық қорлардың кәсіби біліктілігінің жыл санап артып келе жатқандығының айғағы.

– Алдағы жоба-жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...

– Жүйелі жұмысымызды келесі жылы да жалғастырмақ ниеттеміз. Қазіргі уақытта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында және дәстүрлі Жолдауларының орындалуын насихаттау мақсатында ауқымды ойларымыз бар, нақты жоспарларымызды да құрып отырмыз. «Арық айтып, семіз шық» дейді ғой қазақ. Осы орайда жоспарымыздың іске асқанын жаңа жылдан кейін көре жатарсыздар. Ең бастысы, жыл басынан жұмысты жаңа серпінмен бастаймыз.

– Тәжірибесі, біліктілігі кемшіл түсіп жатқан қоғамдық қорларды ынталандыру ойларыңызда бар ма?

– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Қазір заман ағысы желдей жүйрік. Заңдағы өзгерістер де қауырт. Осы ретте көшке ілесе алмай жатқан ҮЕҰ-дар да жетерлік. Ендігі жылы дәл осындай қоғамдық қорларды қолдау мақсатында премия енгізсек деген ниетте отырмыз. Оған өзіңіз атаған мемлекеттік тапсырыстан ұтылып қалған жәна қатыса алмаған ауданымыздағы кез келген қор қатыса алады. Өз жобасын ұсынады, арнайы комиссия шешімімен үздік шыққан үкіметтік емес ұйымға премия беріліп, жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызылады. Мұндағы мақсатымыз – кез келген қоғамдық қордың белсенділігін арттыру, оларға барынша қолдау көрсетіп, демеу болу. Екінші жағынан өзара бәсекелестікті арттыру. Себебі, бәсеке бар жерде даму бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 104 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама