Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Ақпан 2019 15:44

Ономастика – мемлекеттік идеологияның бір тірегі

Ономастика – мемлекеттік идеологияның бір тірегі mezet.kz

2017-2019 жылдар аралығында жер-су, елді мекен, өзен-көл, мекеме мен көшеге қайта берілген атаулар тәуелсіз мемлекетіміздің бет-бейнесі, мемлекеттік идеологияның бір тірегі, тұнып тұрған саясаты әрі мәдениеті мен рухының терең тамыры. Ендеше, ескі атауларды қалпына келтіру – тарихи әділеттілікті орнату деген сөз.

Ауданның өзінде кейбір көшелер коммунизм көсемдерінің есімдерімен, жер мен елдің тарихына еш қатысы жоқ адам аттарымен аталып, бұрмаланып келген болатын. Мысалы, Асы ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылының аты бұрмаланып, көп жылдан бері «Гайрат» деп аталып келді. Тек ауылдың аты ғана емес, ауылда орналасқан дәрігерлік амбулаторияның да маңдайшасында «Гайрат» деп жазылып келген. Сонымен қатар, Ипархан, Сабыр, Палуан сияқты халыққа белгісіз адам аттары да дәстүрлі атауларға өзгертіліп, жаңа қырынан танылды.

Ауданда атқарылған ономастикалық жұмыстар арқылы тұрғындар арасында ортақ тарихи сана қалыптастыруға ықпал ету тұрғысынан 19 көшеге тарихи тұлғалардың – Төле би, Әйтеке бидің, Абылай ханның, Райымбек батыр мен Наурызбай батырдың, батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринның, сонымен қатар Қайрат Рысқұлбеков, Рақымжан Қошқарбаев, Евгений Брусиловскийдің есімдері берілді.

Қаратұрық ауылдық округі-не қарасты «Мелиоратор» ауылының атауы «Арна» ауылы деп өзгертілді. Ауыл үлкен Алматы каналының арнасы жанында орналасқандықтан, Арна ауылы деп аталуын ауыл тұрғындары бірауыздан орынды деп тапты. Лавар ауылындағы «МТФ» көшесін «Қайнар бұлақ» деп өзгертуімізде де үлкен сыр жатыр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қазақ халқы бекер айтпаса керек. Көшенің басталартұсында жылтырап ағып жатқан бұлақ көзін қасиет тұтып, көше тұрғындары көшеге атау беруде ерекшелігіне тоқталған.    

Қуаныштысы, мұндай жұмыстардың қатары аз емес.

Аудан орталығы Есік қаласында орналасқан аудандық мәдениет үйіне Тұманбай Молдағалиевтың есімі берілсе, Есік қаласындағы жастар саябағы да Жамбыл Жабаевтың есімін иеленді.

Көп жылдардағы жіберілген кемшіліктерді жою мақсатында ҚР Президенті Әкімшілігі «Тарихи тұл-ғалар», «Дәстүрлі атаулар» және «Тарихи жер-су аттары» тізімдерінің өзектендірілген нұсқаларын ұсынды.

Көрсетілген нұсқаларды ескере отырып, жұмыс жасау талап етілді. Нәтижесінде, идеологиялық тұрғыда ескірген 396 көшенің бір жарым жылда 264-і дәстүрлі және тарихи атауларға ие болды.

Бұл «Атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге» деген тар пиғылдан арылып, келешекті ойлау болып табылады.

Алайда, аудан бойынша әлі де бір ізге түсіріп, реттеуді қажет етіп тұрған 128 көше бар. Ендігі жерде қалған көшелерге ортақ тарихи сана қалыптастыруда ұлттық танымға жақын атаулар беру – біздің келесі көздеген мақсатымыз.

Жоғарыда аталған жұмыстарға ұйытқы болып, бағыт беріп отырған аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлына, әрдайым қолдай отырып, дұрыс сын айта білген мәслихат депутаттарына және аудан тұрғындарынаүлкен алғысымызды білдіреміз.

Дәстүрлі атауға ие болған көшелер Алматы облысының Әділет басқармасына тіркеу үшін, ауылдық округ әкімдерінің шешімдері дайындалуда. Осы орайда, Ават, Бартоғай, Қырбалтабай, Түрген және Рахат ауылдық округтері әкімдерінің шешімдері Әділет басқармасымен келісіліп, 62 көшеге жаңа атаулар дер кезінде беріліп, көше аншлагтары ауыстырылғандығын айта кеткен жөн.

Яғни, бұл, ауылдық округ әкімдері мен ономастика саласына жауапты мамандардың ауыл белсенділерін ұйымдастыра отырып, көнекөз қариялардың басын қосып, көше тұрғындарына түсіндіру жұмысын тынбай белсенді жүргізуінің нәтижесіндегі жемісі.

Алайда, бірнеше жыл қатарынан ауданымызда кездесетін ономастикалық атауларды ретке келтіру, идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи және ұлттық танымға жақын атауларға алмастыру жұмысы көптен бері ұсынылып келе жатқанына қарамастан,кейбір округтер аталған шараны орындауда асығар емес.

Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құндылықтарымызды құрметтеуге шақырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаһандық заманда алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп жазған еді. Ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған туған жеріміздегі ұлттық атауларды болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің парызымыз.

С.БЕСПАЕВА,

аудандық мәдениет және тілдерді дамыту

бөлімінің басшысы.

Read 29 times

Күнтiзбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама