Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Ақпан 2019 15:56

Дамудың жаңа сатысы

Дамудың жаңа сатысы https://www.google.com/url?sa=i&source=images&cd=&cad=rja&uact=8&ved=2ahUKEwilhemBrqngAhXMCCwKHebQCwMQjRx6BAgBEAU&url=https%3A%2F%2Fkaz.caravan.kz%2Fzhangalyqtar%2Fzhergilikti-ozinozi-basqaru-elimizde-damyp-keledi-198220%2F&psig=AOvVaw0YCDlZKlOCAyBvY5jDEb

 

Шетелдік тәжірибемен ел басқару саясатына енген жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бүгінде көптің қолдауына ие болып, жұртшылық демократиялық жүйенің жемісін көруде. Бұрындары билік ісіне көңілі толмайтын халық қазір жергілікті әкімдікпен бірлесе қызмет етіп, өз ауылының дамуына үлесін қосуда. Жақында ғана іске қосылған жүйе туралы бұрындары ел тізгінін ұстаған азаматтар да оң пікірде. Ауылдық округтерде ұзақ жылдар әкім қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлері өзін-өзі басқару жүйесі жайлы пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізген еді.

 

Тілеулес ҰЗАҚОВ:  «Қоғамға серпін берді»

Елбасының жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізудегі алға қойған мақсаты – халықтың тікелей билікке араласуы және жергілікті атқарушы органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болатын.

Қазақстанда бұрын-сонды болмаған демократиялық жүйе қараша халықтың көңілінен шығуда. Бес саусақ бірдей болмайтыны секілді, адамдар да әртүрлі болады. Бірі биліктің жүргізіп отырған саясатына сенімсіздікпен қараса, енді бірі бұл мәселеге мүлдем бас ауыртпайды. Осындай азаматтардың басын бір арнаға тоғыстырған жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі, халыққа өз елдімекенінің көркеюі жолында еңбек етуді үйретуде.

Қазіргі күнде жергілікті атқарушы орган, яғни, қауымдастық мүшелері бөлек жиындарда халықтың арасынан сайланып, өзі тұратын аумаққа қатысты өзекті мәселелерді шешуде халықтың тікелей өкілі болып табылады. Олар  маңызды сұрақтарды шешумен қатар, жергілікті бюджеттің қалыптасуы, игерілуін қадағалайды, сонымен қатар ауыл әкіміне ұсынылатын үміткерлермен келісіп, ауыл әкімі қызметіне лайық болмаған жағдайда лауазымынан босату туралы ұсыныс береді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың енгізілуімен халықтың билікке деген сенімі артып, билік пен халықтың арасы жақындай түсті. Жалпы халықтың өкілі болып табылатын жергілікті қауымдастық мүшелері арасынан тұрақты жиналыс мүшелері анықталып, ауыл әкімдерімен тікелей тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде шеттетуге келмейтін, кезек күттірмейтін мәселелер оң шешімін табуда. Халықтың салық төлемдерін төлеудегі белсенділіктері артуда. Әрине ауыл тұрғындары жолдың жөнделуі, тазалануы, күл-қоқыстың шығарылуы, жол белгілерінің орнатылуы, түнгі жарық шамдарының орнатылуы сияқты барлық мәселелердің тез арада шешіліп, өмір сүру сапасының жоғары болуын қалайды. Дегенмен, бюджеттік заңнамалар, Мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнамалардың ережелеріне сәйкес, барлық бюджеттік шығындар заң аясында белгіленген тәртіппен жүргізілуі тиіс. Жергілікті, аудан, облыс, республикалық бюджеттен шешілетін мәселелер бар, оны да ескергеніміз дұрыс. Халық арасында уақтылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, барлық мәселелер өзектілігіне қарай шешілуде. Жалпы Елбасының алдымызға қойған тапсырмаларына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқарудағы барлық жақсы өзгерістер оң жолға қойылып, нәтижелі жұмыстардың арқасында еліміз өркендей береді деп сенемін.  

 

Осман АБИБОВ:  «Бюджет қаржысы аздық етеді»

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – заманауи ел басқарудың бірыңғай тетігі. Бұл – азаматтарымызды биліктің ісіне араласуға шақырып, тұрғындарға өз проблемаларын өздері шешуге бағыттайды. Жалпылай алғанда, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің бізге берері мол. Бір жағынан демократияның айқын көрінісі.

Аталған жүйе негізінен дамыған елдерде қолданылады. Халық пен билік арасын жақындатуда таптырмас құрал болған өзін-өзі басқару жүйесін Қазақстанға енгізуде түрлі пікірлер айтылып, бірнеше жыл бойы зерттелді. Осылайша, Елбасы Н.Назарбаев жергілікті өзін-өзі басқарудың тұжы-рымдамасын қабылдап, жүйені енгізуді кезең-кезеңге бөліп берді. Осыдан он шақты жыл бұрын талайдың күмәнін тудырған жүйе қазір өзінің жемісін бере бастады.

Негізінен, Кеңес үкіметі-нің тұсында ауылдық кеңестердің бюджеті болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да орталық-тандырылған бухгалтериямен мем-лекеттік қызметкерлердің жалақысы, мемлекеттік мекемелердің күтімі де ауылдық әкімдіктің құзырында болатын. Кейбір мекемелер жеке меншікке сатылып, қалғаны округтің меншігінде болған. 95 жылдардан кейін ғана орталықтандырылған бухгалтерия ауданға көшіріліп, ауылдық округтің бюджеті бос қалды.

Қазір мемлекеттік қызметкер-лерге жағдай жасалып, сәйкесінше қызмет көрсету сапасы артып келеді. Мен Бәйтеректе 26 жыл әкім қызметін атқардым. Бірақ бүгінгідей жағдай бізде болған емес. Тіпті, кезінде әкімдік аппаратында бес-ақ адаммен жұмыс істедік. Бүгінгі таңда 15-ке жуық маман өз саласы бойынша жұмысын алаңсыз атқаруда.

Бүгінгі таңда әрбір округтің өздерінің бюджеттері құрылып, салықтың алты түрі соған құйылады. Одан түскен қаржыны жергілікті қауымдастық өкілдері әкімдікпен бірлесе отырып жұмсайды. Айталық, өзім тұратын Бәйтерек ауылдық округінде 21 қауымдастық мүшесі бар. Мені сол қауымдастықтың төрағасы етіп сайлады. Жыл сайынғы салық түсімі 90 млн теңгеден астам. Бұл қаржының бір бөлігі жалақы мен әлеуметтік нысандардың күтіміне кетеді. Оның ішінде саяжайлық оқушыларды мектепке тасымалдау да бар. Сондай-ақ, жақында Алға ауылында ауыз су мен жарық мәселесі көтеріліп, жергілікті қауымдастық өкілдері бірінші кезекте су жүйесін ретке келтіретін болып шешті. Оған қоса, артылған қаржыға көшелерді жөндеуден өткіземіз.

Бұл жүйе енді ғана басталып, дамып, жетілу үстінде. Әлі талай кем-кетігі түзетіліп, билік пен халыққа септігін тигізеді. Құдайға шүкір, қазір тұрғындар өз кетігін өзі жамайтын күнге жеттік. Меніңше, ауылдағы мәселелерді толықтай шешуді округтің құзырына беру керек. Біз қазір 100 млн теңгеге ағымдағы жұмыстарды жүргізудеміз. Жыл сайын бюджетіміз қомақты қаржымен толығып отырса, ауқымды проблемалардың да түйінін тарқатар едік. Олай дейтін себебіміз, бұқаралық ақпарат құралдарынан бір ауылға 900 орындық мектеп салып, ол жерде 200-300 бала білім алып жатқандығын немесе керісінше су жаңа мектепте оқушылар үш ауысымда оқитындығын көріп-біліп жүрміз. Егер осындай мәселелердің шешімін округ әкімдігіне тапсырса мұндай олқылықтар орын алмайтындығына сенімдімін. Ауылдың мәселесін жергілікті әкімдік пен қауымдастық өкілдерінен артық ешкім білмейді деп ойлаймын.

Жалпылай алғанда, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дамудың сара жолына түскен еліміз үшін ауадай қажет. Осыны ескерген үкімет дәл уақытында демократиялық жүйені іске қосып, қазақстандықтарды ел басқару ісіне араластыра бастады. «Көш жүре түзеледі» деген даналық бар. Бұл бастама да уақыт өте келе жетіліп, кем-кетігі түзелетіндігіне сенім мол.

 

Аманбек ОСПАН:  «Әлі де түсіндіру жұмыстары қажет»

Қазіргі жағдайда қоғамымыздың тыныс-тіршілігін, халықтың талап-тілектерін, әр саладағы мекемелердің жұмысын жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары ұйымдастырып, бақылап отырады. Бұрыннан қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесі ретке келтірілген, заң талаптарына сәйкес арнайы мамандар арқылы елге қызмет етеді. Кейінгі заман талаптарына сай демократиялық үрдістерді ескере отырып, ел тіршілігіне халықты көбірек қатыстыру мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қолға алынды.

Ол процесс ел ішінде жергілікті қоғамдастық құрылып, оның мүшелерінің қатысуымен жиындар мен жиналыстар арқылы қоғамдастықтың міндеттері мен құрамын анықтап, жергілікті маңызы бар мәселелерді округ әкімдеріне, жоғары бақылау органдарына жеткізу және округ бюджетіне түскен қаржының тиімді жұмсалуын қадағалау. Жергілікті қоғамдастық мүшелері жанынан комиссия құрылып, олар әкімдікке бөлінген қаражаттың мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізуге қатысуы керек. Қоғамдастық мүшелері жергілікті әкімдік басшылығын, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тәртіп сақтау басшыларын тағайындауға ұсыныс енгізуге құқылы. Яғни, ауыл тұрғындары, жергілікті халық қоғамның тыныс-тіршілігіне мейлінше ықпал етуі керек. Бұл жұмыстарға округтегі ақсақалар алқасы, әйелдер кеңесі, қоғамдық кеңес, жастар ұйымдарының мүшелері белсене араласқаны жөн.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің мақсаты айқын – халықты билік ісіне араластырып, қоғамдық мәселелерді шешуде тұрғындардың рөлін арттыру. Десек те, бұл жүйені әлі күнге түсінбей жүргендер жеткілікті. Сондықтан, алдымен қарапайым халыққа жүйенің мақсат-міндеттерін аныөтап жеткізе білуіміз керек.

Ауылдық округтердің ел басқару тәжірибесінде әзірше жергілікті өзін-өзі басқару жұмыстары жоғарғы дәржеде емес. Бұрынғы мемлекеттік басқаруға үйреніп қалған басшылық мамандары қоғамды басқаруға бұқара халықты қатыстырудың жолын толық таба алмай жатыр. Бұл мәселені аудан көлемінде, бір округ мысалында бастан-аяқ қалай ұйымдастыру, қоғамдастық мүшелері араласатын басқару жұмыстарының түрлері, құқық шегі, осы жұмыстарға халықты тартудың практикалық жолдарын нақты көрсетіп, семинар, отырыстарды өткізу қажет. Бұл жерде ауыл әкімдерінің белсенділігі, білімділігі, халықты өзін-өзі басқару жұмысына қызықтыра білу қабілеттілігі қажет. Және бұл жұмыстар науқандық сипатта емес, аудан басшыларының бақылауымен тұрақты түрде, нақты нәтижелерге жеткенше жүргізілуі қажет.

Баспаға әзірлеген

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Read 41 times

Image Gallery

Күнтiзбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама