Бейсенбі, 07 Наурыз 2019 18:12

Партия назарында – әлеуметтік салалар

Партия назарында –  әлеуметтік салалар mezet.kz

Биылғы жылы «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толған мерейтой аталып өтуде. Жуырда Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы тарихи өлшеммен алғандағы аз ғана уақытта Ел Тәуелсіздігін нығайтуда, мемлекетімізді экономикалық, әлеуметтік, саяси тұрғыда дамыту жолында батыл қадамдар жасалып, күрделі реформалар іске асырылғанын атады. – Осындай өзгерістердің басы-қасында еліміздегі беделді саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясы болды, – деп атап өтті партия төрағасы.

«Нұр Отан» партиясының негізін бастауыш ұйымдардан бастап, аудандық облыстық филиалдар құрайды. Он үш мыңнан астам мүшесі бар облыстағы ең ірі Еңбекшіқазақ аудандық филиалы өткен жұмада «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойын атап өтті Рахат округіндегі №1 орта мектепте.

Мерейтойлық іс-шаралар аудан әкімі, партия филиалының төрағасы Бинәлі Ысқақтың, төрағаның бірінші орынбасары Қуат Байғоджаевтың, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтің, еңбек, партия ардагерлернің қатысуымен мектептегі it-робото-техника кабинетінің салтанатты ашылуымен басталды.

Айта кету абзал – ашылғалы екі жыл да толмаған жаңа мектеп ұжымының атқарып жатқан істері ауқымды. Үш ауысымда оқытып жатқандарына сілтеме жасап, себеп іздемей Президенттік, партиялық жоба, бағдарламаларды игеріп, атқару үстінде. Робот техникасын өз қолдарымен құрастырып жұмыс істетіп жатқан оқушылар мен оқытушылардың ынта-жігері отты көздерінен, ақыл-білімге бағындырып айтқанын істетіп қойған электрондық құрылғыларынан-ақ аңғарылып тұр.

Ал «Рухани жаңғыру» орталығының бөлімдері түгелге жуық цифрлық қызметпен жабдықталған. «Заманауи мұғалім» ақпараттық орталығы, электронды кітапхана, мектеп дәлізінде ілулі тұрған композитор-сазгерлеріміздің суреттеріндегі QR-кодпен смартфоныңызға іздеген қажетті ақпаратты жазып аласыз.

Кескіндеу – сурет студиясы, би, саз, спорт үйірмелері бәрі де көрсету үшін ғана емес – әрқайсы жоспарлы жұмыстарын, сабақтарын, жаттығу – репетицияларын орындап жатқанын көріп, қанағаттандық.  

Ал осы мектеп қабырғасында «Нұр Отанның» 20 жылдық мерейтойын өткізіп қана қоймай, Елбасының партия төрағасының бастама – бағдарламаларының қалай орындалып  жатқанын көр-сетпек болдым, – дейді аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, – Осы мақсатпен бүгінгі іс-шараға бірқатар мектеп директорларын шақырып, қатыстырып отырмын.

Мектептегі оң өзгеріс, жақсы жаңалықтарын соңына қойыпты партия филиалының жетекшісі және білім ошағының басшылығы тосынсыйын. Жабық тұрған бөлме есігін ашып қалғанда тізіліп тұрған балғын балаларды көрдік. Бұл ата мен әже, бүлдіршіндер бөлмесі екен. Барлық бөбектер ертегі айтып беретін атасы мен әжесі бар деп айта алмайды. Сондықтан рухани жаңғыруды іс жүзінде атқару үшін ата-әже институтын жаңғырту керек. Бастаманың өзі ұлттық  тәрбиенің бастауы деп түсіну керек. Ал мектептегі бұл бөлменің атқарар қызметі ауқымды. Іске сәт, ұстаздар.

Іс-шараның негізгі тақырыбы – «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы және XVIII съезде қаралған мәселелер мен қабылданған шешімдер тұрғысында партияның аудандық филиалының төрағасы аудан әкімі Бинәлі Ысқақ баяндады.

1999 жылы наурыздың басында құрылған партиямыз бірден Президенттікке кандитаттың сайлауалды бағдарламаларын белсенді насихаттаудан бастаған болатын өз жұмысын. Содан бергі уақытта партия филиалын басқарған аға буын азаматтардың алды өмірден озып, басқару тізгінін ізбасарларына тапсырып кетті. Ал бүгінгі күндері «Нұр Отан» партиясы еліміздің әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелерді шешуді назарға алып отыр. Айталық, айлығы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы көпбалалы отбасыларындағы әр балаға 21 мың теңге төлем төлеуді, халықтың әл-ауқатын көтеруді көздеп отыр. Осы съезде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» қабылданды.

Салтанатты жиында аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ жаңадан қабылданған партия мүшелеріне мүшелік билеттер тапсырды. Сонымен қатар партия ардагерлеріне, белсенді партия мүшелеріне «Нұр Отан» партиясы облыстық, аудандық филиалдар төрағасының Алғыс хаттарын табыстады.

Жиында сөз сөйлеген соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Тілеулес Ұзақов аудан басшылығына, партия филиалы төрағасына ардагерлер атынан алғысын жеткізді.

Салтанатты жиын концертпен аяқталды.

Қ.Қасымұлы.

Read 145 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет