Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 04 Сәуір 2019 19:58

Тіл туралы заңды сақтау – азаматтық борышымыз!

Тіл туралы заңды сақтау – азаматтық борышымыз! mezet.kz

Говорите по-русскии, я по-казахскии не понимаю,– деген сөздерді жиі естиміз. Жергілікті қазақтар, қазақ тілін меңгерген тұрғындар оп-оңай орысшаға көше салады. Тіпті, алдында қара көзі жаудырап қазақтың қызы орысшалап тұрса да... Бұл көрініс, әсіресе, тұрғындарға қызмет көрсету аясындағы жеке кәсіпкерлердің тарапынан жиі кездеседі. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған орта, шағын бизнесті жөнсіз тексеруге мемлекет тарапынан тыйым салынғаны белгілі. «Жөнсіз» деген сөздің астын сызып атағың келеді. Мысалы, азық-түлік саудасы аясында қызмет көрсетуші кәсіпкер пайдалану мерзімі өтіп кеткен тағамдарды сатып жатса да тексеруге рұқсат жоқ па? Бар, әрине. Бірақ тұтынушы, тексеруші алдымен арыз жазып, құқық қорғау органдарына, одан рұқсат алынған соң тұтынушылар құқығын қорғау мекемесіне, содан кейін... Міне осы бюрократиялық тосқауылдар тізбегінен өтіп болғанша «таз таранғанша той тарқайдының» кебі келетіні рас.

Ал мемлекеттік Тіл туралы сөз қозғасаң, бұл бағытта қабылданған заңдар бұлжытпай орындалып жатыр деу «сыпайы-лап айтқанда» ағаттық болар еді. Жоғарыда айтқанымыздай қазақтың қыз-жігіті қазақша сауал қойған Қытайдан, Түркиядан тағы басқа орыс тілі жүрмейтін елден отаным деп келген қандастарымызға «я по казахский не понимаю» деп тұрса, сол қандастарымыз қандай сезімде болатыны айтпаса да түсінікті. Осы жайттарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп те жүр. Жарнамалар мен мекеме-ұйымдар атаулары да ҚР Тілдер туралы заң баптары шеңберінде көп жағдайда бұзылып жатқанын байқаймыз. Ең қарапайым мысал ретінде мекеме, ұйым, кәсіпорын атаулары, алдымен, яғни, қатар келсе, сол жағында, тігінен қойылса, үстіңгі жағында мемлекеттік тілде жазылу керек, ал ресми тілде – оң жақта, немесе төменде қойылуы. Жарнама, хабарландырулар да осы тәртіппен қойылса – заңды.

Кафе, ресторандарда ас мәзірі (меню) жазылған әдемі тысы бар кітапша ұсынады даяшы. Ашып қалсаңыз, бастан-аяқ орысша.   Банк, басқа да қаржы мекемелерінің келісімшарт, өзге де құжаттары да тек орыс тілінде. Көлік қызметінде де, аялдама аттарын, отырып-түсу тәртібін жолаушыларға тек орысшалап жариялау бойымыз  үйреніп кеткен үрдіске айналды. Ал сонда не істеуіміз керек? – деген сұрақ    туындайды. Біз заңның орындалуын бақылауды тек билік органдарынан талап етуге дағдыланып кеттік. Неге әрқайсымыз ұшақта жолаушылап келе жатқан түрік азаматынан үлгі алып, заңды құқығымыздың орындалуын талап етпейміз? Ол түрік жолаушы ұшақ қызметкерлерінен хабарландырулардың орыс, ағылшын тілінде ғана жасалғанын көріп, мемлекеттік тілде алдымен қазақ тілінде жариялануын талап етпеді ме? Осы заңды талабын орындатқызу үшін сотқа жүгінуге дейін барғаны есімізде.

Әлеуметтік желіде Қазақстанның орыс азаматы мен осы елде туып-өстім, білім алып, жұмысқа тұрдым. Қазақстан заңдарын Ата заңнан бастап негізінен оқып, орындауға тырысып жүрмін. Ең бастысы, қазақ тілінде еркін сөйлеуге қол жеткіздім. Бірақ сол жетістігім жойылып кете ме деп қорқамын. Өйткені, менің орыс ұлтынан екенімді көрген қазақтар бірден орысша сайрап қоя береді. Мен қазақша жауап берсем де "Говори по русски» – деп өзімді күлкі қылуға дейін баратынын қайтерсің, – деп қынжылады орыс Отандасымыз.

Кезінде Елбасымыз Н.Назарбаев: «Тіл туралы заңға қол қойып бердім. Тіліміздің қолданыс аясы тарылуда деп жалынып, жалбарына бермей әрқайсымыз өз орнымызда мемлекеттік тілдің заң аясында өмірге енгізілуіне қызмет етуіміз керек» – деген тұрғыда айтқан болатын. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп те талап еткен тұңғыш Президент Н.Назарбаев қол қойған заң күшінде. Ендеше, әрқайсымыз енжарлықты қойып, өзімізден де, өзгелерден де Тіл туралы заңның орындалуын талап ету – азаматтық борышымыз.

 Хайролла АХМЕТЖАНОВ.  

Read 48 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама