Жексенбі, 10 Желтоқсан 2017 21:06

ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУ – КЕЛЕШЕКТЕ КӨРКЕЮ КЕПІЛІ

Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болғалы бері де 26 жылдың жүзі болды. Алғашқы тәй-тәй тұрып, қаз-қаз басқаннан бүгінгі асау атты үйретіп, тізгіндеген, нағыз кемеліне толған жасқа, яғни екі мүшелден үшінші мүшелге аяқ басқан нар тұлғаға айналды. Осы ширек ғасырда Қазақстанды бүкіл жаһан танитын, еліміздің өмірін түбегейлі өзгерткен үлкен істер атқарылды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өз сөзімен айтқанда: «...Біз елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен, нарықтық экономикаға негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық. Екіншіден, «Қазақстан – 2030» стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырып, асқақ Астанамызды салдық. Ал, қазір кезекті маңызды белестің алдында тұрмыз». Ия, ол белес Қазақстанның үшінші жаңғыруы – келешекте көркеюдің кепілі болатын жаңа белес, ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттырудағы  болашаққа бағыт болатын.

Назарбаев десе Қазақстан, Қазақстан десе Назарбаев деп танитын ел болып, «Қазақстан – 2030» стратегиясын жүзеге асырып, озық 50 елдің қатарына қосылып, көрсең көз сүйсінтетін асқақ Астанасын салып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке қабылдандық. Алматыда «Универсиада – 2017» спорт ойындары өтіп, оған 57 мемлекеттен екі мыңнан астам спортшы мен мелегация мүшелері қатысты. Ал, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткізілді. Ендігі мақсат – Қазақстан мәңгілік ел болып қалыптасу жолында жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайына қарсы нақты іс-қимылмен жауап беру. Бұл тұрғыда Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі арта түсуде. Енді үшінші жаңғыруды Елбасы: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғарғы қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде  ілгерілеуге  лайықталған.» деп атап айтты.

Бұл Жолдаудағы жаһандық қабілеттілікке бастайтын бес басымдықтың біріншісі – экономиканың жеделдеген технологиялық жаңғыртылуы, екіншісі – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, үшіншісі – макро экономикалық тұрақтылық, төртіншісі – адами капитал сапасын жақсарту, бесіншісі – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бағыттарда жұмыс жүргізу көрсетілген. Елбасының әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз дағ стратегиялық маңыздылығын, белгілі бір мерзімге нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Президенттің бұл Жолдауы ерекше жаһандық бәсекеге қабілетті жаңғыру кезеңінің алдағы атқарылар мақсаттарын айқындап беруімен құнды. Жаһандық экономиканың қауіп-қатерлеріне төтеп беретін жаңа модельді ойлап тауып, алдағы уақытта шикізаттық бағыттан индустриалды бағытқа бет бұрып, банктік секторлар арқылы жекеменшік секторларды дамыту арқылы табысқа жетуді қамтамасыз ету көзделген.

Әрине, экономиканың өсімі адам капиталының дамуынсыз іске аспайтыны белгілі. Экономикалық бағыттың әлі де алынбаған белестерінің ішінде индустриялық-инновациялық бағытта жаңа технологияны, шағын және орта бизнесті  дамыту, аргоөнеркәсіптік кешен, білім-ғылым салаларына ерекше көңіл бөлу керектігіне баса назар аудартты. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау – ең негізгі стратегиялық шаралардың жүйесіне негізделген. Білім саласында үштілділік, денсаулық саласында медициналық сақтандыру бойынша біраз жұмыстар атқарыла бастады. Оның ішінде халықтың мәртебесін анықтау сияқты жұмыстар да қолға алынды. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы 20%-ға арттырылса, 2018 жылдың 1 шілдесінен жаңа әдістеме бойынша базалық зейнетақы тағайындау жүзеге асырылмақшы. Ал, бала туғанда берілетін жәрдемақы да 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 20 %-ға өсіріліп, ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керектігі айтылған.

Ынтымақ, достықты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында шексіз табыстарға қол жеткізіп келеді. Мемлекетіміздің тұрақты әрі қарқынды дамуы – Елбасының оңтайлы саясатының арқасы. Жолдауды халық арасында түсіндіру барысында Шелек өңірінде бірнеше кездесулер өтті. Мәселен, Қазақстан Халқы Ассамблеясының атынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шаймардан Нурумов, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Данияр Сабырбаев, «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы» директорының орынбасары Жанат Садеков, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР Ғылым  Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Асылы Осман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Валиевалар халықпен кездесіп, Жолдаудың әр бағытын жеке-жеке талдап, түсіндіріп, ой бөліскен еді жыл басында.

Жолдау тармақтарын орындау мақсатында ауданның шығыс өңіріндегі 11 ауылдық округтің ішіндегі 34 мыңдай тұрғыны бар ең ірі округ Шелек әкімдігіндегі атқарылған істерге тоқталған жөн. Ауқымды істер легі атына заты сай «Келешек» балабақшасы, сондай-ақ, жаңадан салынған 600 орындық мектеппен басталды. Осы ғимараттар орналасқан аумақтағы жаңа мөлтек ауданда жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Осы аумақтың үсті жағынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» авто жолы салынып, тіршіліктің қайнар көзіне айналмақшы. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын газбен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынды. Ауылда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде  кәсіп ашамын деушілерге жағдай жасалуда. Айталық, округте жалпы кәсіпкерлікпен айналысушылар саны 1346 адамнан асты. 370-тен аса шаруа қожалығының иелігіндегі 3190 гектар егістік жерлерге көкөніс, жүгері, май бұршағы, көп жылдық шөп және басқа да дәнді дақылдар өсірілуде. Шаруа қожалықтарын ірілендіру мақсатында «Авангард» өндірістік кооперативі құрылып, оған 141 ұсақ жер иелері топтасты. Мал шаруашылығында ірі қара саны 4700, жылқы 1060, қой-ешкі 8250-ден асты. Мал тұқымын асылдандыру да қарқынды жүргізілуде. Үмбетәлиевтің «Феникс» шаруа қожалығы күніне 70 бас ірі қара, 150 бас ұсақ мал союға арналған алаңды, тәулігіне 2 тоннаға дейін ет өңдейтін цехты іске қосты. Өсекбаевтың «СВХ», Қайнарбековтың «Ақ жол», Медетованың «Мұрат», Ермұхамбет Алуаштың «Айдын» шаруа қожалықтары мал тұқымын асылдандыруды қолға алған.

Ауыл күннен-күнге үлкейіп келеді. Бүгінгі күні округ бойынша 1330 адам жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімінің кезегінде тұр. Осы мәселені шешу мақсатында Май ауылы жақтан 100 гектар жерге инфрақұрылым жүргізу үшін қаржы бөлу көзделуде. Бұдан басқа да көптеген игі істер атқарылуда.

«Нұр Отан» Шелек бастауыш партия ұйымының мүшелері жыл басынан Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауын талқылаудан бастап, «Нұр Отан» партиясының жеті партиялық ірі жоба аясында 2017 жылы форумдар, акциялар, семинарлар және түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Атап айтсақ, «Ардагерлерді аялайық» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 72 жылдығындағы мерекелік шарада Ұлы Отан соғысының ардагерлері Василий Щеглов пен Петр Чебоненкоға құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстады . Сондай-ақ, « Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Қарттарым аман-сау жүрші» атты акция өткізді. Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен «Ядролық қарусыз әлем» атты тарихи-танымдық шара өткізді.

Бүгінгі таңда Шелек ауылдық округінде 9021 жас болса, жұмыспен қамтылғандары – 1212, оның ішінде мемлекеттік қызметте 15, бюджеттік мекемелерде 317, ірі, орта кәсіпорындарда 449, ал  басқа салаларда 431 жас жұмыс істейді. «Жастар Отанға» жобасымен Рәміздер күні патриотизмді қалыптастыру, рухани адамгершілік құндылықтарын түсіндіру мақсатында бастауыш партия ұйымы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен акция, халықтар бірлігі күні мерекесінде «Халықтар достығы» атты мерекелік концерт, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Жырлайды жүрек» деген тақырыпта әдеби кеш, жас таланттарды қолдау шаралары, «Мен еліммен мақтанамын» атты жастар форумы өткен. Тазалық айлығы барысында Шелек бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен округ жастары қоқыстардан арылту, ағаш көшетін отырғызуды қолға алды.

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Астана қаласында өткен «ЕХРО-2017» көрмесін тамашалауға жіберді. Балаларды қорғау күні 20 мүгедек балаларға арнап арнайы концерт ұйымдастырып, сыйлықтар табыстады. Округтегі бес мүгедек азаматтар арнайы курста дәнекерлеуші. шаштараз, ЭВМ операторы кәсібін меңгеруде. Ал, «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы бойынша жаңадан салынған №1 мектепте 574 оқушы білім алуда, оның 61-і бастауыш сыныбының табалдырығын аттады. «Мектепке жол» акциясы барысында  тұрмыс жағдайдайы нашар отбасының 40 баласына демеушілердің көмегімен киім-кешек, оқу құралдары табыс етілді. «Сәтті қадам» жобасы негізінде бастауыш партия ұйымы колледж студенттері мен жас мамандар арасында «Болашақ мамандық иесі» атты тәжірибелік байқау өтті. Сондай-ақ «Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел» жобасы бойынша да «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбында ауыл тұрғындарымен, мемлекеттік қызметкерлер мен полиция қызметкерлерінің, жастардың басын қосып, әр түрлі тақырыпта үш семинар-кеңес және халыққа қызмет көрсету орталығы цехтық партия тобының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – баршамыздың міндетіміз» деген тақырыпта дөңгелек үстел,  құқық бұзушылыққа жол бермеу, азаматтарды тазалыққа шақыру мақсатында «Таза аула» акциясы ұйымдастырылды. Жалпы Шелек бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен биыл 19 шара өткізілген.

Қазіргі заман талабы – ұлы көштен қалмай, еліміздің ұлттық технологиялық негізін қалауға қадам басу. Елбасы елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Мұндай батыл бастама, іскерлік ұмтылыс  келешекте Қазақстанның көркейіп, озық 30 елдің қатарына қосылуының кепілі.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Қаралды 66 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама