Жексенбі, 10 Желтоқсан 2017 21:21

«Бар жетістік кілті – ынта мен еңбек»

«Алып ауданның келешегі кемел». Иә, бұл сөзді ауданымыздың тыныс-тіршілігімен танысқан әрбір адамның аузынан естиміз. Ауылшаруашылығы дамыған, кәсіпкерлігі көгерген ауданымыз кез-келген салада талайды шаң қаптырады. Тұмса табиғаты көз тоймас сұлулығымен де талайды баурап алады. Сондықтан болар, тұрғындардың саны күн санап артып, демографиялық өсім де қалыпты жүзеге асуда. Барлап қарасақ, бүгінгі таңдағы аудан тұрғындарының саны 300 мыңнан асыпты. Осы тұста,бүтін бір облыстың халқымен пара-пар осыншама адам қауіпсіз әрі сапалы жолмен, тұрғын үймен және оны салатын жер учаскелерімен толықтай қамтылып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Жоғарыда айтылған сұрақтарды жинастырып, сондай-ақ, төтенше жағдай мәселесін де көтеріп, аталған салаларға жетекшілік ететін аудан әкімінің бірінші орынбасары ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ Нұржан Кеңесұлына кірген болатынбыз.

– Нұржан Кеңесұлы, ауданы-мыздағы ірі салалардың бірі – құрылыс саласына жетекшілік ететіндігіңіз бізге мәлім. Соңғы жылдардағы ауданымыздағы құрылыс қарқыны қалай?

– Өзіңіз білесіз, ауданымыз қай саладан алып қарасаңыз да облыста көш бастап тұр. Сондықтан, осындай алып аумақта нысандардың құрылысы тоқтаған емес. Биылдың өзінде құрылыс саласына 3 млрд 195 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Қаржыға Есік қаласы мен Шелек ауылындағы жаңа мектептер құрылысының екінші кезеңі жүргізілді. Сонымен қатар, Ават ауылындағы мектепке қосымша ғимарат құрылысының да екінші кезеңі аталған қаражаттың есебінен аяқталуға жақын. 

– Еліміздің келешегі – бала-лардың сапалы білім алуына жағдай жасауды тапсырған болатын Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Осыған орай, аудандағы білім беру мекемелеріне тоқталып өтсеңіз.

– Оныңыз рас, балалар – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы, ел келешегін жарқын етер азаматтар. Олардың алаңсыз білім алып, емін-еркін өсуіне жағдай жасау – біздің парызымыз. Бүгінде аудан тұрғындарының саны артып, демографиялық өсім қарқынды жүзеге асуда. Қуанарлық жайт, әрине. Алайда, оларға жағдай жасау керек. Осы орайда, жоғарыда атағанымдай, Есік пен Шелекте әрқайсысының көлемі 8 486 шаршы метрден астам болатын 600 орындық мектептер қыркүйек айында пайдалануға берілді. Бұрындары сая-жайдан Есікке қатынап, жол қиындығын көретін саяжайлық оқушылар бүгін заман талабына сай зәулім оқу ордасында білім алуда. Шелектегі де үш ауысымды мектептердің түйіні шешіліп жатыр.

Аудан әкімінің тікелей араласуымен аудандағы апатты жағдайда тұрған мектептер мәселесі де оң шешімін табуда. Іргетасы жерге сіңіп, қақырап тұрған Жаңашаруа ауылындағы мектептің жанынан сметалық құны 456 млн 674 мың теңге болатын жаңа мектеп бой көтеруде. Ауданымыздың батыс шекарасында орналасқан Алға ауылындағы орта мектеп ғимаратының сапасы сын көтермейтін. Бұл олқылықтың да орны толады. Бюджеттен 815 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 300 орындық мектеп салынуда. Жалпы ауданы 4979 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 50 балаға арналған шағын орталық болады.

Сондай-ақ, бірер жыл бұрын Есік пен Шелекте 280 балаға арналған жаңа балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ташкенсаз, Достық ауыл-дарындағы ескі мектептің ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде жаңарған балабақша тұрғындар игілігіне қызмет етуде.

– Денсаулық сақтау және әлеумет-тік нысандар да жаңартылған болар.

– Әрине, тұрғындардың саулығы әр-қашан бірінші орында. Осыған орай, қазіргі уақытқа дейін Қазақстан, Ащыбұлақ, Түрген, Таусүгір, Ақши, Ташкенсаз сынды ауылдарда жаңа амбулаториялар бой көтерген болатын. Қазіргі таңда көптеген ауылдарда денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараты ескірген. Көктөбе округіне қарасты Алмалы ауылында ғимарат мүлдем болмаған. Ақ халаттылар мектептің бір бұрышын паналауға мәжбүр еді. Бұл мәселенің түйіні осы жылы шешілді. Алматы облыстық құрылыс басқармасының тапсырмасымен Алмалы және Алға ауылдарында дәрігерлік емханалар салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да апатты жағдайда тұрған ғимараттардың санын азайтып, әлеуметтік нысандар салуды жоспарлап отырмыз.

– Аудан аумағында көпқабатты үй, жалпы тұрғын үй салу туралы айтып берсеңіз.

– Соңғы бірнеше жылда ауданымызда көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы жүргізіліп жатқан жоқ. Алайда, алдағы уақытта Есік қаласындағы 3, 4 ықшам аудандарда 30 және 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысына жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Біз жер мәселесін шешуді мықтап қолға алдық. Шелек, Қорам мен Қырбалтабай ауылдарының аумағын кеңейтіп, 100 гектарға жуық жерге инфрақұрылым жасадық. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Ақши ауылына 90 гектар, Шелекке 237 гектар, Ж.Қайыпов ауылына 22 гектар жер учаскелеріне жекеше тұрғын үйлер үшін инженерлік инфрақұрылымдарының жобасын жасауға конкурс өткізілуде.

– Есік қаласындағы көру қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернаттың жанындағы қаңқасы ғана қалған ескі ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды. Жөндеуден өткізіп, тұрмысқа жаратуға бола ма?

– Құрылысы аяқталмаған ғимарат тоқырау жылдары жеке меншікке өтіп кеткен. Алайда, бірер жыл бұрын аудандық прокуратурамен бірлесе отырып, сот арқылы нысанды мемлекет меншігіне қайтардық. Бүгінгі күнде нысанды реконструкциялап, құрылысын аяқтау жұмысына жоба жасалуда. Жобалау жұмыстары аяқталса, күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға беріледі.

– Елді мекендердің арасын жалғап отырған қарым-қатынас көзі – жол мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Биыл аудандағы тас жолдарды жөндеуге қанша қаржы бөлінді? Қалай игерілді?

– Аудан бойынша автомобиль жолда-рының жалпы ұзындығы 2127 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдар 234 шақырым, 689 шақырымы облыстық маңызы бар автомобиль жолдар. Аудандық маңызы бар жолдар 852 шақырым болса, қалған 352-сі ішкі шаруашылық жолдарды құрайды. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану және елдімекендерде асфальтталған жолдардың үлесін арттыру үшін жыл сайын ағымды жөндеумен қатар Есік қаласы мен ауылдарда 1-2 көшеден асфальт төсеу жұмыстары қолға алынуда. Осылайша, жыл сайын ауданда 40-50 шақырым жолға жаңа асфальт салынуда. Өткен жылы тек аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламалары шеңберінде 1 млрд. 23 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржыға Есік қаласы мен 42 елдімекеннің 175 көшесі жөнделіп, асфальтталды. Көшелерге жаңа салынған асфальт ұзындығы 55 шақырымды құрады. Аудандық маңызы бар 852 шақырым жолдардың 512 шақырымы асфальтталған, қанағаттанарлық деңгей-де. 176 шақырымына құм-тас төселінген, ал қалған 164 шақырымы топырақ жолдарды құрайды.

Ағымдағы жылы Қаракемер ауылының 27 көшесін күрделі жөндеу жұмыстарына алғашқы 300 млн теңге бөлінді. Жалпы құны 774,4 млн теңгеге жалпы ұзындығы 15,1 шақырымды жол жөнеделеді. Мем-лекеттік сатып алу конкурсын ұтып алған жергілікті мердігер мекеме «ДСУ-13» АҚ жұмыстарды жүргізуде.

Көп жылдан бері шешімін таппай жүр-ген Малыбай ауылдық округіндегі Көктерек бөлімшесіне апаратын 3 шақырым жолды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалып, жалпы құны 181,2  млн теңгені ұтып алған «ДСУ-13» АҚ  жөндеу жұмыстарын жүргізді. Оған қоса, 12 ауылдың көшелерін ағымды жөндеп, асфальттауға бөлінген 100 млн теңге толықтай игерілді. Бюджеттен бөлінген 18 млн теңгеге саяжай аумағында пайдалануға берілген жаңа мектепке кірме жол мен оқушылардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолағы сызылды. Осыған орай оқушылардың жолдан қауіпсіз өтуі үшін жер үсті өткелінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындауға 8,5 млн теңге қаржы бөлініп, жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Алға, Жаңашаруа, Шелек ауылдарындағы жаңа салынып жатқан мектептерге де кірме жолдарды жасауға 37,8 млн теңге қарастырылды. Есік қаласының көшелерін ағымды жөндеуге 8 млн теңге бөлінді.

Аудан аумағындағы облыстық маңызы бар 689 шақырым жолдың 275 шақырымы күрделі, 200 шақырымы орташа жөндеуді қажет етеді. Бүгінде Қорам ауылына кіре-берістегі 5 шақырым жолға орташа жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Есік-Бөлек-Аймен жолының 9,2 шақырымына, Есік қаласынан 10, Төле би, Түрген ауылынан түскендегі 3 көпірге күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірлік үстінде.

Өткен жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және жөндеу жұмыстарына 150 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 59,8 шақырым жол ағымды жөндеуден өтті. Сонымен қатар, көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Есік-Қырбалтабай-Жетіген тас жолының 26-37 шақырымы аралығына (Қырбалтабай ауылынан Ақжал ауылына қарай) күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы 11 шақырым жолды күрделі жөндеуге қомақты қаржы бөлініп, қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталып, жол пайдалануға берілді.

– Талғар – Есік – Бәйдібек би тас жолы Азат ауылынан Түргенге дейін жаңартылды. Қалған бөлігіне күрделі жөндеу қашан жүргізіледі?

– 2015 жылы республикалық маңызы бар Талғар – Есік – Бәйдібек би тас жолының 45 пен 61-шақырымы аралығы орташа жөндеуден өтіп жолдың асфальт қабаты толықтай жаңартылған болатын. Қазіргі күні Түрген ауылынан Бәйдібек би ауылына дейінгі, яғни 61 мен 78 шақырымы аралығы  күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Бұл жолды күтіп ұстау, жөндеу жұмыстары «Қазавтожол» ҰК АҚ  Алматы облыстық филиалының құ-зырында болғандықтан мәселені шешу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан  ұсыныс жіберілген. Қазіргі күні мекеме басшылары осы жолдың жөндеу жұмыстарына өтінімді 2018 жылдың бюджетіне енгізетіндігін жеткізді.

– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысын жүргізіп жатқан жүк көліктері жүздеген шақы-рым жолды жарамсыз етті. Мердігер компания қайта қалпына келтіреді ме?

– Аудан аумағында 2014 жылдан басталып жүзеге асырылып жатқан халықаралық маңызы бар ірі жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто-көлік магистралінің құрылысы ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға берілмекші. Құрылысты негізінен бас мердігер «Догуш Гюльсан» біріккен кәсіпорны мен италияндық «Тодини» компаниясы жүргі-зуде. Бұл жобада 620-дан аса техника құралдары жұмыс жүргізсе, 1500-ге жуық жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Жолдың аудан аумағындағы ұзындығы 157 шақырымды құрайды.

Алайда, жол құрылысы барысында бас мердігер «Догуш Гюльсан»  және «Тодини» компаниялары Бәйтерек, Ават, Бөлек, Түрген, Балтабай, Шелек, Нұрлы ауылдарының маңындағы карьерлерден ауыр жүк көліктерімен инертті материалдарды толассыз тасымалдау салдарынан аудан бойынша ұзындығы 95,1 шақырым болатын 22 жол учаскесінде асфальтты ой-шұңқырға айналдырып, кей жерлерде асфальтты мүлдем қопарып тастаған болатын. Осыған орай,  2016 жылы аудан әкімдігінің бастамасымен Алматы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасы тарапынан  «Догуш Гюльсан» біріккен кәсіпорнына сотқа шағым түсіріп, соттың шешімімен 91,6 шақырым жолдарды толықтай қалпына келтіру міндеттелген. «Догуш Гюльсан» мекемесі учаскедегі бүлінген жолдарды қалпына келтіріп, кейбір учаскелері толықтай жаңартып, көлік қозғалысы қауіпсіз жүзеге асырылуда.  Қазіргі күні «Тодини» мекемесі тарапынан бұзылған Нұрлы ауылының 3,5 шақырым жолын жөндеу мәселесін шешу үшін «Алматыжоллабораториясы» мекемесімен жұмыстар жүргізілуде.

– Сіздің төтенше жағдайлар бөліміне жетекшілік ететіндігіңіз бізге мәлім. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Оқыс оқиға орын ала қалса, төтеншеліктердің дайындығы қай деңгейде? Материалдық-техникалық база талапқа сай ма?

– Төтенше жағдайлар бөлімі ауданда-ғы оқыс оқиғалардың барлығын жіті бақылауда ұстап отыр. Осы жылдың 11 айында 185 төтенше жағдай тіркелді. Негізі-нен, өрт оқиғалары болғандықтан, бөлім қызметкерлері өртке қарсы науқандар ұйымдастырып, арнайы парақшалар таратуда.

Жаз маусымында төтеншеліктер су қоймаларының, әсіресе, Д.Қонаев атын-дағы Үлкен Алматы каналының (БАК) маңында «Шомылуға тыйым салынады» деген тақтайшаларды қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда, барлық адамдар бірдей ескертуге құлақ аса бермейді. Нәтижесінде, шомылу маусымында 11 қайғылы оқиға тіркелді.

Сонымен қатар, аудан орталығындағы төтенше жағдай және эвакуация кезіндегі сирена жүйесі толықтай жаңартылды. Бұрындары тұрған П-160 құрылғысының орнына цифрлық АСО-8-3М құрылғысы орнатылды. Қала тұрғындары тарапынан сиреналар неліктен жиі қосылады деген сұрақ туындауы мүмкін. Бір әр айдың 20 жұлдызында дабыл жүйелерін қосып, тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Сондықтан, алаңдайтын ештеңе жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 231 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама