Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Жексенбі, 10 Желтоқсан 2017 21:29

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: жылтырақ сөзден жүйелі жұмыс артық

Әсілінде, қазақ тобықтай сөзге тоқтаған, жауға үшкір қару, дауға ұшқыр қалам тосқан дана халық. Иен далада қыран баптап, тазы жүгірткен, асауды ноқталап, өрнекті өлеңімен өсиет айтып, әуезді әнімен таң атырған дара халық. Иі, қайсарлығы қара тасты үгіт кен, бауырмалдығы қатпар тоңды жібіткен, қаһарынан дұшпан аты үріккен Ұлы Дала Елінің бүгінгі ұландары Сіз бен Біз. Білегінің күші алтын, найзасының ұшы алтын есіл Ерлеріміз елінің ертеңі үшін аттан түспеді. Енді біздің майдалануға хақымыз жоқ. Тіпті, тағдырымызды тасқа қашап қалдырған баһадүрлеріміздің арман-мұратын Елбасымыз орындап, бағытымызды белгілеп, жолымызды анықтап берді. Экономикалық кеңістікте көшіміз көлікті болы. Кеңес тұсында кеткен «көзірлерімізді» қайтарып, қазір асығымыз алшысынан түсіп келеді. Шүкір дейік. Енді тек, санамыз ісімізден озғандығы маңызды. Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген егемен елдің ендігі буыны рухани құндылықтарын жұқартпай, тамырымызды тарихымызбен, салт-дәстүрімізбен суаруымыз керек. Себебі, «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай» деп өсиет еткен Тоныкөк бабамыз. Демек, «Рухани жаңғыруымыз керек» деген жылтырақ сөз  Көшбасшымыз айтпақшы жаңғырық боп қалмасын. Елбасы мақаласының жарық көргеніне де 7 айдың жүзі болды. Не істелді, нендей жоспар? Ендеше, байыппен бағдарлап көрелік...

Аудандық мәслихат депутаты

Айдар Даутқұлов:

Бәсекелестік – сананың жаңғыруына жол ашады

Елбасымыз бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың алты жолын айғақтап бергенін білеміз. Мен ондағы екінші – бәсекелестік және үшінші прагматизм туралы айтқанды жөн көріп отырмын. Себебі, бәсеке бар жерде үздіксіз ізденіс пен даму бар. Былайша айтқанда, бәсекелестік – белгілі бір жетістікке жету үшін жүріп отыратын үздіксіз жарыс. Ол экономикалық тұрғыдан болсын, рухани тұрғыдан болсын көрініс береді. Бәсекелестікті ғылыми тұрғыдан қарасақ, жаңалықты ендіру, өндірістің өсуі, сол арқылы кемелдену, төртіншісі – ескіру. Міне, бұл экономикалық, рухани тұрғыда да пайдалануға болатын фактор. Яғни, Елбасымыз «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деді емес пе мақаласында. Бұл –прагматизм. Яки, бәсекелестік – прагматизмге, сананың жаңғыруына жетелейді. Елбасымыз прагматизмнің тамаша анықтамасын берді: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» деді.

Қазіргі заман білім бәсекесінде. Үздіксіз ізденіс пен үнемі еңбек – жеңіске жол ашады. Осыны жас ұрпақ ұғынғаны дұрыс.

 

ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы

Балтабай ЫБЫРАЕВ:

Ұлттық өнерлерімізді өркендету керек!

Қазақтың музукалық фольклорлық мұра-сы ұлттық тәлім-тәрбие негізінің бастау бұлағы десек, бүгінгі таңда жыраулық, әншілік, күйшілік өнерімізге құрмет тұтып қарауымыз заңды. Атадан балаға жалға-сып, ғасырлар бойы тұтас өнер есебінде бағасын жоймай, бүгінгі ұрпаққа жеткен жырау-лық өнер, оның мұрагерлері жас жырау, термешілерді тәрбиелеу ауданымыздағы бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселесі боп тұр.

Хат сақтамай, ат сақтаған, тарихын, өсиетін тасқа қашап қалдырған ата-бабаларымыздың сан ғасырлық саналы ғұмырында өміршеңдікпен көрегенділікке толы терме-толғаулары, жыр-дастандары мен мысал, айтыстарын ұлттың рухани жаңғыруына, тәлім-тәрбие берудің маңызды бағыты есебінде тұруы тиіс. Музыка мектептерінде, колледжде-рімізде орта мектептердің үйірмелерінде, сыныптан тыс сағаттарда жүйелі түрде ата өнерімізді ұтымды пайдаланар болсақ, бұл жан дүниемізді жаңғырту емес немене? Жырау-лық дәстүрдің атасы Қорқыт заманында қобызбен күй тартып, жыр жырлап, өз кезеңіндегі қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге белсене араласып, данышпандық танытып, кейінгі ұрпақ санасына теңдесі жоқ ұлағатын сіңірген. Орта ғасырдағы Қазанғап, Қазтуған, Үмбетей, Теліқара, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жыраулар егеуле найза қолға алып, елі үшін қылша мойнын талша қиып, азаматтық борышын биік адамгершілік рухта атқарып, өткен тарихымызды бүгінге жеткізді. Осындай арыстарымыздың өрелі ойларынан жас ұрпақ үлгі алса, бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік, елге, жерге деген риясыз құрмет түлемей ме. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиеті-міз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деді емес пе Елбасымыз өзінің мақаласында.

Әрине, ғасырдан-ғасыр жылжып, ілгері қадам басқан сайын исі түркі тектес халықтың ата өнері жыршылардың да атқарар қызметі, әлеуметтік, қоғамдық үлес салмағы айқын-дала берді. Бүгінгі таңда жырау-термешілердің тек орындаушы-лық деңгейде көрініс беруі де сол заман ағымының кері әсерінен туындаған ұлттық қасіретіміздің бір тарауы. Рухани жаңғыру үшін рухты жырларымыз бен ер рухын көтеретін ұл-қыздарымызды дұрыс тәрбие-лейік, ағайын!

Біз өнерге бір күнде және бір күнге келгеніміз жоқ. Ұлттық өнеріміздің тағы бір тармағы саятшылық, ұсталық, зергерлік. Бұл өнеріміз де жеке бір адамдардың қызығушылығымен ғана жүретін болса, алар асуы асқақ болмайды. Қысқасы, атал-ған өнер түрлері бізде әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Оларды дамыту үшін қолдау керек. Өйткені, ата өнерімізді адастырмай, тура жолға салу, оны дамытып, биік тұғырына тұрақтату арқылы қазақ руханиятын биік белеске көтере аламыз.

 

Қазақстан округінің әкімі  Марат СҮГІРБЕКОВ: 

Туған жерге туын тікті

Бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын жүрісі жылдам дәуірде жылтырақ сөз емес, нақты атқарылған жұмыспен өрлейтін кезеңде өмір сүріп келеміз. Осыны әрбір азамат жіті ұғынуы керек. Бұл турасында Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «»Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді» деген еді. Осы ретте Ащыбұлақ ауылында облысымыз бойынша, тіпті республика бойынша алғашқы боп Елбасымыздың «Туған жер» идеясын іске асыруға бар күш-жігерімізді салдық. Талай жылдан бері Ащыбұлақ ауылындағы түгі шығып жатқан паркті «Амал Био» ЖШС басшысым Асқар Сабиров өз күшімен абаттандырып берді. Тамыз айында өткен салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ арнайы қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты. Жалпы көлемі 1 гектар болатын саябаққа жаны жомарт азамат 30 млн теңге қаржы жұмсады. Онда қазір шағын футбол, стритбол алаңдары, 2 балалар ойын алаңы, 120 адамға арналған орындықтар, дене жаттығуына арналған түрлі спорттық құралдар бар. Тіпті, қоқыс жәшіктері де заман талабына сай қойылды. Осындай игі шарадан кейін еліміздің түпкір-түпкірінен кәсіпкерлер бой көтерді. Қазір мұндай абзал ағаларымыз ауданымыздың аумағында да өз туған жерлеріне туын тігіп жатыр. Бұл үшін қуанамыз әрі өз жерімізге, елімізге не істей аламыз деген іштей ой пайда болғаны да ақиқат. Осы бағытта әлі де жұмыс істейміз.
Қазақтың 

 

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Салтанат БЕСПАЕВА:

Қолдау болса – қозғалыс бар

Мәдениет – рухани бітім-болмысымыз. Сондықтан Елбасымыз бұл саланы тәуелсіздік алған тұстан бері ақсатқан емес. «Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғаты мен мәдениетін танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» – деген сөзі ойымның айғағы. Ал «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы арқылы мәдениетімізді жаңа қырынан түлетуге жол ашты әрі осы салада еңбек етіп жатқан азаматтарға айрықша жауапкершілік жүктеді. Енді жоғымызды түгендеп, мәдени, әдеби, ата-дәстүр болмысымызды қайта түгендеуге толық мүмкіндік туып отыр. Дұрыс айтасыз, жылтырақ сөзден арылып, жұмыр іске жұмылатын кез келді. Аудан әкімінің ұсынымы-мен болашақ жоспарға Бәйтерек, Балтабай, Қорам, Саймасай, Қаратұрық, Көктөбе сынды ауылдық округтерге мәдениет үйлерін салу  қойылып, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына сұраныстар берілді. Есік қаласы және Көлді ауылдарындағы мәдениет үйлерін, Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдарындағы клубтарды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға 2018 жылға қаражат сұрадық.

Облыстан қолдау тауып, 2017 жылдың тамыз  айынан Қаракемер ауылдық мәдениет үйіне балалар театрына үш штат бірлігі берілді. 2018 жылға аудандық мәдениет үйіне шаруашылық қызметке екі штат бөлініп отыр. Бағдарлама аясында осындай игілікті істер жалғасын табады деп сенеміз. Шешімін тапса, рухани жаңғыруымыздың алтын қазығына айналар еді. Осы күнге дейін ештеңе істелмеді дегеннен аулақпын. 21 мәдениет үйі, Халықтық атағы бар «Жібек жолы» ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ұлттық халықтық аспаптар» оркестрі, «Улыбка», «Ирада» би ұжымдары және «Сувенир» цирк тобы, «Есік археологиялық-өлкетану», «Шелек өлкетану» және «Ұста Дәркембай» атындағы қолөнер музейлері тәуелсіздігіміздің, осындағы билік тізгінін ұстаған білікті басшыла-рымыздың ерен еңбегі. Ендігі мақсатымыз – ентігіп тұрған рухани мұраларымызды түлету.

Екіншіден, аудан бойынша қазіргі уақытта 1500-ге жуық көше бар. Соның  358-нің атауы кеңестік дәуірге сай, ескі идеологияда. Бұл тұрғыда Елбасымыз: «Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген еді бағдарламалық мақаласында. Мәселен, Есік қаласында – 76, Шелекте – 65, Бәйдібек биде – 38,  Бәйтеректе – 33, Бөлекте – 30, Көктөбеде – 16, Балтабайда –16, Ташкенсазда – 12, Саймасайда – 10 көшенің атауы ескірген, әлі күнге Кеңес дәуіріндегі атаулармен аталып келеді. Мұндай көшелері аз ауылдық округтер – Қаракемер, Малыбай, Бартоғай. Ал идеологиялық тұрғыда ескірген атаулармен аталатын көшелер мүлдем жоқ ауылдық округтер – Қазақстан, Қаражота, Қырбалтабай, Масақ, Сөгеті және Тескенсу.Кеңес дәуіріндегі атаумен аталған және қайталанатын көше аттарын тарихи жер-су және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен атау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.  ҚР Президенті  әкімшілігінің жетекшісі Ә.Жақсыбековтың 2017 жылғы ақпан айында жолдаған хатын басшылыққа ала отырып,  қала және ауыл-дық округтердегі жергілікті қоғамдастық мүшелері, көнекөз қариялармен, ақсақалдармен кеңесіп, кездесулер өткізілді. Өзгерту жұмыстарын жаппай жүргізу үшін қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Түйіндесем, «Ұлттық мәдениетімізді өркендету – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деді Көшбасшымыз. Және бір сөзінде: «Мәдениет – елдің ең асыл рухани байлығы, асыл мұрасы. Қайсы елдің мәде-ниеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы да жоғары», – деді. Демек, адамзаттың рухани айнасы болған өнерімізге, тілімізге Елбасы мақаласы қайта жан бітірді. Енді күн-түн демей жұмыс істеу – біздің міндет.

Баспаға әзірлеген Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Қаралды 320 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама