Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Дүйсенбі, 22 Қаңтар 2018 09:40

«Болашақтың кілті – білімде»

Өткен аптада ауданымызға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Зағипа Балиева жұмыс сапарымен келді. Әлеуметтік нысандарды аралап, мектептердің құрылысымен танысты. Сонымен қатар, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің ұстаздарымен, студенттерімен кездесті.

Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев бастаған әкім орынбасарлары мен бөлім басшылары алдымен Бәйтерек округіне қарасты Алға ауылындағы жаңа мектепке ат басын тіреді. Құрылыс барысымен танысқан Зағипа Яхянқызы мектептің сапасына көңілі толатындығын жеткізді. Оқу ордасының құры-лысы мерзімінен бұрын аяқ-талуға жақын. Айта кетейік, осыдан бірер жыл бұрын апатты жағдайда тұрған мектепті көрген мәжілісмен жаңа ғимарат салуды тікелей қадағалайтындығын жеткізген болатын. Тар, қараңғы сыныптар, спортзалының өзі 20 шаршы метрге жетпейтін ғимаратта білім алып жатқан оқушылардың мәселесі өткен жылы шешімін тапқан. Бюджеттен 815 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 300 орындық мектеп салынуда. Жалпы, ауданы 4979 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 50 балаға арналған шағын орталық болады.

Кейіннен, Зағипа Яхянқызы Есік қаласындағы гуманитарлық -экономикалық колледжінің ұстаздарымен, студенттерімен кездесіп, ашық әңгіме алаңын құрды. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Дәу-рен Жүнісов қатысты. Алдымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына тоқталды. Сананы жаңғыртудың алты бағыты бойынша мысалдар келтіріп, осы жолда көп еңбектену керектігін айтты:

– Әрбір азамат өзінің туған жерінің, тұрып жатқан мекенінің тарихын, сол жерден шыққан атақты азаматтарын танып-білуі міндет. Және де, барлық қазақстандықтар татулықты ту етіп, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуымыз тиіс. Ол үшін ең алдымен, сапалы білім алу маңызды. Жаман әдеттерден арылып, тәртіп пен тазалық сақтауымыз керек. Алдымызға Қазақстанның «100 жаңа есімінде» менің де атым болады деген мақсат қойып, соған жету жолында еңбек етуіміз керек – деді.

Сондай-ақ, болашақ ұстаз-дармен кездесіп отырған Мәжіліс депутаты қоғамдағы ұстаздардың мәртебесін арттыру керектігін ерекше атап өтті:

– Дамыған мемлекеттерге барсаңыз мұғалімдерге ерекше құрметпен қарайды. Айталық, Жапонияға барып өзіңіздің мұғалім екендігіңізді айтсаңыз, көресіз, ұстаздардың мәртебесі қандай дәрежеде тұрғанын. Біздің бала күнімізде де ұстаздардың алдын кесіп өтпейтінбіз. Менің әкем ұстаз болған. Көшеде жүргенде бәрі әкеммен сыпайы амандасып, жол беретін. Барлық ұстаздарға осындай құрмет көрсетілетін. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі ұлағат иелерінің жалақысын арттырып, қоғамдағы дәрежесін көтеруді тапсырды. Ал оның барлығы мына сіз бен біздің қолымызда. Ұстазын сыйлаған халық ешқашан жаман болмайды – деп сөзін түйіндеді. Сонымен қатар, бүгінгі жастарға жетістікке жетудің сырын ашты:

– Мен де сіздер секілді жас болдым, алайда, білім алудан еш жалыққан емеспін. Ол кезде қазіргідей кез-келген нәрсе қолжетімді болған жоқ. Біз жаңа кітаптарды сатып алу үшін Алматыға баратынбыз, киім мен опа-далап іздемей, оқулықтарға таласатынбыз. Қазіргі жастардың барлығына топырақ шашудан аулақпын, әрине. Бірақ, технология қарыштап дамыған заманда әрдайым ізденіс үстінде жүруіміз керек. Білім алудың ерте-кеші жоқ. Осы орайда, үш жүздің басын қосқан Абылай хан:  «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» – деген сөзін сіздерге арнап айтқандай – деп, табыс пен жетістіктің кілті – білімде екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Ағылшын тілі мен компьютерсіз де болашақтың бұлыңғыр екендігін алға тартты.

Болашақ ұстаз ретінде студенттерге компьютердің тілін он саусақтай білу керектігін тапсырды. Және сол білімді үлкен жастағы жақындарына да үйрету керектігін айтты. Себебі, болашақ – ақпараттық технологиямен тікелей байланысты.

– Қазақстан бірте-бірте ақпараттық технологиялар ғасырына аяқ басып келеді. Яғни, барлық нәрсе компьютердің көмегімен жүзеге асады. Осы орайда, елімізде «Кибер-щит» бағдарламасы қабылдануда. Ол жастар мен балалардың ғаламтордағы порнография, эротикалық және сол секілді тыйым салынған сайттарға кіруіне кедергі жасайды. Кез-келген ата-ана балаларына смартфон сатып алғанда аталған бағдарламаны орнатуға міндеттеледі. Бұл туралы заң жобасы қазіргі таңда талқыланып, қаралу үстінде – деген Зағипа Балиева кәрі-жас демей, барлығын жаңа технологияларды меңгеруге шақырды. Сонымен бірге күні кеше ғана жарыққа шыққан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы 10 негізгі міндеттерге тоқталды. Жиын соңында ұстаздар қауымы мен студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды.

Жастармен тағылымды әңгіме тиегін ағытқан Зағипа Яхянқызы Шелек ауылында орналасқан облыстық мамандан-дырылған балалар үйіне арнайы барды. Мекеме директоры Зәуре Отарбаеваның айтуынша, мұнда тәрбиеленіп жатқан балалар 0-4 жас аралығында. Негізінен балалардағы церебралды сал ауруымен және даун синдромымен ауырады. Тәрбиеленіп жатқан 18 науқас  бүлдіршіндердің жағдайымен танысқан Мәжіліс депутаты кез-келген уақытта балаларға қол ұшын беруге дайын екендігін жеткізді.

Зағипа Балиеваның ауданы-мыздағы жұмыс сапары Асы округіне қарасты Жаңашаруа ауылында аяқталды. Мәжілісмен жаңашаруалықтардың көптен күткен қуанышымен бөлісті. Ауылдағы оқушылардың көктен сұрағаны жерден келіп, жаңа жылда жаңа ғимаратқа ауыс-ты. Ескі заманды еске түсіретін ескі мектеп ғимаратынан заман талабына сай зәулім оқу ордасына көшкен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Осы күнге дейін іргетасы жерге сіңіп, қақырап тұрған ғимараттың орнына 120 балаға арналған мектеп салуға Зағипа Яхянқызы тікелей араласқан болатын. Енді міне, сметалық құны 456 млн 674 мың теңге болатын жаңа нысан бой көтерді. Мектептің ашылу салтанатында сөз сөй-леген мәжілісмен көпшілікті қуанышымен құттықтады:

–- Құрметті оқушылар, еліміздің жарқын болашағы сіздерсіздер. Сондықтан, бүгін сіздердің ешқандай кедергісіз сапалы білім алуларыңызға мемлекет жағдай жасап отыр. Болашақта сіздер мемлекеттің алдындағы қарызды өтейсіздер. Яғни, жақсы тәрбие мен білім алып, еліміздің өркендеуіне үлес қосуларыңыз керек – дей келе мектепке теледидар сыйға тартты. Алматы облысының құрметті азаматы Өмірғали Кенжебеков:

– Бір жылда облыс аумағында 35 мектеп салу оңай шаруа емес. Осыны іске асырып, балалардың болашағына алаңдаушылық білдіріп отырған облыс басшылығына, Елбасына айтар алғысым шексіз – дей келе ұлағатты ұстаздар қауымына да ризашылығын жеткізді.

– Заманымыз қарыштап дамып, әлем өркениетке қадам басуда. Біздің сол көшке ілесу үшін осындай заманауи мектеп қажет еді. Бүгін сол арманымызға жеттік. Ендігі жастарымыз біз жетпеген биік шыңдарды бағындыруға тиіс – деді зейнеттегі ұлағатты ұстаз, ауыл ақсақалы Дүкенбай Секілбаев.

Құрметті қонақтар мен оқушылар, ауыл қарттары жаңа мектептің лентасын қиып, әжелеріміз шашу шашты. Облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов мектепке спорт жабдықтарын табыс-тап, мектеп ұжымына жаңа табыстар тіледі. Ауыл тұрғындары оқу ордасының ішін аралап, таңданыстарын жасыра алмады. Мультимедиялық, лингафонды кабинеттер, химия-биология, ағылшын тілінің кабинеттері интерактивті тақтамен жабдық-талған. Компьютерлер интернет желісіне қосылған. Мұны Зағипа Яхянқызы өзі тексерді. Ең бастысы, оқушылардың еш алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған.

– Мектебімізде 135 бала оқиды. Биыл мектеп бітіруші 5 түлектің барлығы да ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үстінде. Білім көрсеткішіміз де ойдағыдай – дейді мектеп директоры Шайнұр Әбітқожаева.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Қаралды 291 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама