Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Жұма, 06 Сәуір 2018 10:28

«Алтын адам» қорғаны бой көтермек

Сәуірдің үшінші жұлдызында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына ел қалаулылары ҚР Парламенті Сенат депутаттары, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Аңсар Мұсаханов, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Нұрлан Қылышбаев, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов және ғылымға үлестерін қосып, «Алтын адамның» түп-тамырын зерттеп жүрген ғалымдар ат басын тіреді.


Мақсаттары – аты аңызға айналған «Алтын адамның» қаңқа сүйегін қайта жер қойнына тапсыру жобасымен танысып, игілікті іске қолұштарын беру. Мұражай директоры Гүлмира Мұхтарова бастаған ғылыми қызметкерлер келген қонақтарға танымдық экскурсия жүргізіп, тарихи жәдігерлерін паш етті. Сақ дәуіріне саяхат негізгі мәселені қамтыған семинарға ұласты. Рухани жаңғыру аясында жүзеге асайын деп отырған маңызы зор бастама бірауыздан қолдау тапты.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана халықтың ұрпағы бабаларға құрметті сақтай отырып, болашақта да ғалымдардың сүйекті зерттеу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін «Алтын адамның» қабірін музейлендіруге назар аударуда. Осы тұрғыда мұражай директоры Гүлмира Райылқызы: «Мұражайға келетін туристер «Алтын адамның» қорғанын көрсетуді жиі сұрайды. Өкінішке қарай, нақ табылған жерге құрылыс жүргізіліп кеткендіктен, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Енді қолға алынып жатқан осы игі іс жүзеге асса мұражай аумағы туристік орталықтың қайнаған қазанына айналарына сеніміміз мол. Сүйекті жер қойнына тапсыруға асығуымыздың тағы бір себебі, сүйектің жоғалып кеткен аралығындағы дұрыс сақталмағандығының кесірінен қаңқа сүйектің құрамы бұзылып, болашақта мүлдем қандай да бір мәлімет бере алмай қала ма деген күдіктің басымдығынан», –дейді.

Тарихи ғана емес, сонымен қатар киелі де орынға айналар «Алтын адам» қорғанының бой көтеруі – болашақ үшін де аса маңызды болмақ. Елім деген ер азаматтардан қолдау тапқан игі бастама нәтижелі болғай.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 208 times

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама