Жұма, 20 Сәуір 2018 11:20

Ел болашағына құйылған инвестиция

Әлем сахнасынан ойып тұрып орын алған Қазақ елі ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде адам танымастай өзгерді. Экономикамыз ілгерілеп, алпауыттармен иық теңестірер деңгейге жеттік. Әлеуметтік сала алға басып, халықтың тұрмыс тіршілігі жақсара түсті. Тіпті, жер жүзін сергелдеңге салған дағдарыстың өзі Қазақстанды айналып өтті. Мұның барлығы Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған көреген саясаттың берген жемісі. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдаулары мен Үндеулерінде шатқаяқтап тұрған салаларға көңіл бөліп, дамуға бағыт-бағдар сілтейді. Жақында ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа жариялаған Үндеуінің де мақсаты осы – қазақстандықтардың негізгі мәселесін шешіп, әлеуметтік салаға жаңа серпін беру.

«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Шағын несие беруді көбейту», «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бастамаларын алға тартқан Президент елдің әлеуметтік жағдайы мен олардың жұмыспен қамтылуын тапсырған. Әсіресе, жастардың проблемасына бей-жай қарамайтын Н.Ә.Назарбаев бұл жолы да ел келешегінің тұтқасын ұстар азаматтарға толыққанды жағдай жасауды тапсырды: «Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады» – деді. Демек, заман талабына сай нанотехнологияларды, робот техникасын меңгерген мамандар даярланып, бәсекеге қабілеттілігіміз арта түседі. Бұл өз кезегінде басқа да салалардың тасы өрге домалауына жол ашады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тәлімгер жастардың бүгінгі таңдағы негізгі мәселесіне тоқталды: «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді». Иә, қазіргі уақытта білім алу үшін алып қалаға ағылған студенттерге жатақханадағы орын тапшылығы қиындық тудырып тұрғаны жасырын емес. Бұл да төрт жылдың көлемінде оң шешімін тауып, әлемдік трендке ұмтылған білім саласына жаңа серпін береді. Мектеп бітіруші түлектердің мүмкіндіктерін арттырып, болашаққа деген сенімдерін нығайтады. Яғни, жастардың алаңсыз білім алуына еш кедергі болмайды.

«Жас мұраты – білім, тәлім, талабы... Өнер, оқу – жастықтың қару-жарағы» – деген еді қазақтың «Құлагері» Ілияс Жансүгіров. Ақынның жалынды жастарға арнаған осы өлең жолдарына Елбасының әлеуметтік бастамасы жан бітіргендей. Президент бір сөзінде «Жастарға жасалған жағдай – болашаққа салған инвестиция» – деген ойын айтқан еді. Өзінің бастамасымен ел болашағына тартылған инвестиция – ел дамуына қызмет етері сөзсіз.

 

Гүлсара ЕГІНБАЕВА,

аудандық мәслихат депутаты.

Қаралды 93 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама