Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 06 Қыркүйек 2018 11:22

Мемлекетіміздің адастырмас темірқазығы

Тарихты түгендесек, баба заңы, дала заңы бар. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы»... Табиғат тылсымдары. Бәр-бәрі белгіленген өзіндік заң шеңберінде тал бесіктен жер бесікке дейін жүреді. Заңнан асып өту, басып өтуге болмайды. Мұндайда «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батыр Бауыржанның сөзі ойға оралады. Мемлекетіміздің басты құжаты саналатын Конституцияның 23 жылдығында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ бұл тұрғыда кеңінен ой өрбітті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары,  қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді жастар қатысты.

– Дала заңдары аталған: «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» бүгінде Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтасып жатқандай. Себебі, бұл құжаттар бiрлiк арқылы дербес мемлекеттiкке жол салған халқымыздың арманын меңзейтiн құқықтық тарих – деп бастады әңгімесін аудан басшысы. Халқымыздың жүрегінен шыққан, заман сынына қапысыз төтеп берген мемлекеттігіміздің темірқазығы Ата заңымыздың маңыздылығына да тоқталып өтті: –Азаматтығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Мемлекетіміздің дамылсыз дамуына, үздіксіз өсуіне кепіл болған барша заңдарымыздың қайнар көзі, бастау бұлағы. Еліміздің әл-ауқаты мен құқығын үйлестіруге ұмтылған ұлы бостандық қағидаттарына негізделген мемлекеттік құрылымның барлық пирамидасының іргетасы. Азат елдің ар-намысындай қазақтың ұлан-байтақ даласының кеңдігін де, елінің ерлігі мен өрлігін де бойына сыйғызған Тәуелсіз елдің мызғымас тұғырына айналған елдігіміздің киелі кітабы іспетті қастерлі құжат.

Иә, ұлы бабамыз Төле би «Халқы  заңын сыйлаған елдің бағы бір мысқал артық» деген. Біз ықылым замандардан Ата заңына бағына білген, бейбітшілік пен өзара сыйластықтың тағына мінген елміз. Кешегі тарихтан тамыр алған, ертеңгі тарихқа тұғыр болған Ата заңымыз салтанат құрып тұрғанда еліміз толағай табыстарға бөлене бермек. Бұл тұрғыда Бинәлі Әбдіқапасұлы: «Заңын құрметтей білген, заңына бағына білген ел ғана озады» – деген ұлағатты өнеге тұтып, тағылымды тарихымызды түгендеген жоралы жұрт, барша халықтың басын біріктірген бәтуәлі ұлт ретінде, Біз Ата заңға сүйене отырып мемлекеттігіміздің іргесін бекіттік, дамудың даңғылына түстік. Соның нәтижесінде, Елбасымыз атап көрсеткендей: «Сын сағатта тәуелсіздігіміздің кепілі болған қастерлі Ата Заңымыз – ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналды» – деді.

Салтанатты жиын ауданның өсіп-өркендеуі жолында талмай еңбек еткен азаматтарды марапаттаумен жалғасты. Аудан басшысы ел алдында алғысын білдірді.

Кезек концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары табиғат пен адам арасындағы көзге көрінбес заңдылықтарды керемет үйлестіре өнер көрсетті. Әсіресе, қасқырдың монологын оқыған Бәйдібек би мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Рахат Әлқожа (суретте) барша көрерменді баурап алды. Арнайы экраннан түз тағысының образын көрсету арқылы терең ой салды көпшілікке. Әсіресе:

«Бізбенен иттің тегі – бір дейді...

Рас па, қасқыр – бабалар?

Өлексе үшін жұлысқан болсақ,

Өмірі бітпей кегіміз.

Иттермен бірге туысқан болсақ,

Не болды – ата тегіміз?» – деген жолдар ұғынған жанға терең ой салды.

Не керек, әуезді ән, көркем би, мағыналы, ырғақты оқылған монологтар концерттік бағдарламаны жандыра түсті.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Қаралды 152 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама