Күндер бойынша реттелген элементтер: Сейсенбі, 16 Шілде 2019
Сейсенбі, 16 Шілде 2019 14:40

Мұсылмандық сипаты

Ислам – қоғам ішінде бейбіт өмір сүру мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың және адамдардың алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауы-на мүмкіндік береді. Үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштықтың болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Ол мойнына елдің келешегі жүктелген азаматтарға дұға жасап, оларға Алладан игілік тілейді.

Ислам тек құлшылықтар діні ғана емес, ол қоғамды, Отанды қорғап, елді сүюге, адамзатқа адал болуға, айналаға пайда келтіруге тәрбиелейтін парасат діні.

Ислам дінінің тәрбиелік маңызы зор. Ислам діні – мәдениеттіліктің бастамасы, оны қорғаушы күш. Ислам өзінің жолын құлдықты жою, кедейлерге көмек көрсету сияқты маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардан бастады, әлемге басқа әлемдік діндерден өзгеше, берекелік жүйесін берді. Ислам бойынша, бақытты өмір сүрудің кілті – имандылықта.

Ислам діні – әрбір мұсылман-ның әлеуметтік жағдайына да басты көңіл бөледі. Отбасы, бала тәрбиесі, мұсылман арасындағы қарым-қатынастың жүйелігін ислам жіті қадағалайды және кез келген әлеуметтік мәселелерді түсіністікпен шешуге, ауыртпалықтарға сабыр етуге шақырады. Осының нәтижесінде мұсылман-ның бойында белгілі бір мінез-құлық пайда болады.

Ислам қоғамындағы тыныш-тық пен ынтымақты сақтау үшін мұсылман қауымынан мынандай негізгі қағидаларды сақтауды талап етеді. Бірінші, өзгенің ақысын бұзбау. Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеуі керек. Екінші, әділ болу, жақсы қатынас жасау. Үшінші, жақсы мінезге ие болу. Ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Төртінші, сенім еркіндігі. Ислам жеңіл дін әрі ешкімді сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Бесінші, мейірімді және кешірімді болу.

Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі жақсы амал. Исламда сауапты істер жасау – бауырмалдық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету секілді көптеген құндылықтарды қамтиды.

Мұсылман үшін отбасын бағып-қағу да үлкен сауап. «Ер адамның садақа етіп шығарған динарының ішіндегі ең абзалы – өзінің қарамағындағылары үшін шығарған динар, Алла жолындағы өзінің көлігіне шығарған динар және де Алла жолындағы өз жолдастары үшін шығарған динар» делінеді хадисте (Муслим).

Шынайы мұсылман баласы үшін ешкімге мұқтаж болмай өмір сүру, адал жолмен мал табу – басты өмірлік қағидаттардың бірі. Миқдад ибн Мағди Якрабтан жеткен риуаятта Мұхаммед Пайғамбар: «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дауіт те қол еңбегімен тамақ тауып жеген» деген.

Исламның іргетасы жақсы мінезге құрылған. Жақсы мұсылман болу үшін көркем мінезге бай болу керек. Исламның биік өнегелі тұлғасы – Мұхаммед пайғамбар ерекше көркем мінез иесі болған. Бұл жөнінде Құранда: «Әлбетте, сен көркем мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) делінген.

Кісі ауырғанда оның жағдайын сұрау, дүние салса көңіл айту, қолдан келсе көмек көрсету – мұсылмандық сипаттардан. Пайғамбар былай деп баяндайды: «Ауру адамның халін сұрауға баратын жол – жәннатқа баратын жол, ал ол адамдарға періштелер қанатын төсейді».

Мұсылман сипаттарының тағы бірі – бауырмалдық. Мұхаммед Пайғамбар: «Сендердің ешбірің өзіне қалағанын діндес бауырына да қаламайынша, толық иман келтірген болмайды» деген.

Осындай көркем сипаттар кез-келген адамның бойында табылса, онда ол өмірінің әртүрлі сынақтарынан сүрінбей өтіп, кез-келген әлеуметтік жағдайлардың шешімдерін оңай таба білмек.

Дін ұлтты ұйыстырушы фактор және гуманистік қоғамдық құбылыс ретінде ұлтаралық үдерістерді тұрақтандыруға, бейбітшілік пен адамзаттық келісімнің орнығуына әсер етеді. Қазіргі Қазақстанның діни саласына төзімділік пен сыйластық тән. Бұл қуаттты тұрақтандырушы фактор болып табылады.

 

Ақнұр ТҮРЛІҚОЖА,

«Алматы облысы дін істері басқармасының Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы

Published in Діни
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет