Жұма, 21 Шілде 2017 10:22

Мәжілісінің депутаты халық қалаулысымен кездесті

Жақында Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Шаймардан Нурумов Шелек ауылдық округінің мәжіліс залында жергілікті тұрғындармен кездесті.

Қонақтарды бастап келген аудан әкімінің орынбасары Алтай Досымбаев оларды жиналған жұртпен таныстырып, халық қалаулысына сөз берді. 3 шілдеден бастап депутат Талғар, Ұйғыр, Панфилов аудандарын аралап, халықпен кездесіп, олардың көкейінде жүрген мәселелерді тыңдап, ой-пікір бөлісу үшін жүргенін айта келе, елімізде болып жатқан жаңалықтар мен жетістіктерді, Елбасымыздың Қазақстанды әлемге мәшһүр етудегі ерен еңбегін, дүние жүзі үлгі аларлық халық ассамблеясын құрып, бірлік пен бейбітшілікті ту етіп, Мәңгілік ел болудың негізін қалап, озық елдер қатарынан көрінудегі жетістіктері жайлы әңгімеледі. Шелек ауылының ақсақалдары Әлден Әбдірешов қымбатшылықтың күн өткен сайын қарқын алып бара жатқанын, ауыл шаруашылығына баса назар аудару керектігі жайлы айтып, жастарды қалаға қаңғытпай, жұмыспен қамту жағын қарастырса деген ойын айтса, Сыпатай Асанбаев жемқорлықты ауыздықтауды қатаң қолға алу керектігін тілге тиек етті. Кәріс, славян этно-мәдени орталықтарының мүшелері Татьяна Шарафуддинова мен Римма Волокитина халықтар арасындағы достық пен татулық, ынтымақтың арқасында еліміз тың қарқынмен дамып, әлемге әйгіленіп жатқан жетістіктерді Елбасының салиқалы саясатының арқасы екенін сөздеріне арқау етті. Аталмыш мәселер мен сұрақтарға Шаймардан Үсенұлы жауап берді. Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша басшысының орынбасары Данияр Сабырбаев, Достық – үй қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Жанат Садеков қатысты.

 

Анарбек МӨКІШҰЛЫ.

Қаралды 108 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама