Сейсенбі, 19 Қыркүйек 2017 09:53

Келісіп пішкен тон келте болмас

Расында, билік пен қарашаның арасы бір атаның баласындай, қос өзеннің сағасындай жақын болса, онда ынтымақтың орнағаны. Онда шешілмейтін түйткілдердің болмағаны. Жақында Ақши орта мектебінің акт залында өткен аудандық мәслихат жанындағы комиссиялардың біріккен көшпелі отырысы осындай ізгілікті істің көрінісін көз алдымызға әкелді. Оған бөлім, мекеме басшылары, Бәйдібек би, Ақши, Балтабай, Қырбалтабай округінің әкімдері мен қоғамдық кеңес мүшелері арнайы шақыртылды. Себебі, көшпелі комиссия отырысынан екі күн алдын аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов бастаған депутаттар төрт ауылды аралап, қоғамдастық мүшелерімен кездескен еді. Келелі мәселелерді көзбен көріп, тұрғындармен жүздескен еді. Отырыс сондағы түйткілдердің түйінін тарқатқандай болды.

Күн тәртібінде «Аудан көлемінде салық түсімдерінің 2017 жылдың І жартыжылдығын-дағы жағдайы», «Аудандық жер қатынастары бөлімінің есепті кезеңде атқарған жұмыстары мен аталған бағытты сала аясында алдағы кезеңге негізделген кешенді іс-шаралары» қаралды. Тиісінше, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Аманқұл Садыров, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Қыдырбаев есебін берді. Алғаш боп мінберге көтерілген Аманқұл Садыровқа мәслихат хатшысы Бекет Ахметовтың бірқатар сұрақтары болды. Әсіресе, «Қазіргі таңда салық түсімдері бірқатар бағыттар бойынша төмендеп кетті. Не себеп?» дегеніне: «Иә, салық түсімдері бірқатар бағыттарда төмендегені рас. Олардың қатарында: «Догуш Гулсан» жүзеге асырып отырған құрылыс жұмыстары-ның аяқталуына байланыс-ты құрылыс саласында және кәсіпорындар мен сауда нысан-дарының үлесінен кәсіпкерлік саласынан түсетін салықтардың көрсеткіштері төмендеді. Сонымен қатар ауылдық округтерде де салық түсімдері азайып кеткен», – деп жауап қайырды Аманқұл Раушанұлы. Сонымен қатар Қайрат Қыдырбаевқа да жайылымдық жерлердің жетіспейтіндігін айтты. Оған бөлім басшысы: Жайылымдардың жетіспеуіне байланысты қазіргі кезде заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Ол бойынша әрбір ауылдағы мал басы мен жер есептелініп, әрбір басқа қажетті жер көлемі анықталып, соның негізінде заңға өзгертулер енгізу арқылы, бұрынғы жеке меншікке беріліп кеткен жерлер мемлекет мұқтажы үшін қайтарылып алынатын болады, – деді.

Кезек ашық микрофон яғни, сұрақ-жауапқа көшті. Бәйдібек би округі бойынша депутат Бөкен Тіккелдиев ондағы 3 қабатты аурухананың болашағына алаңдаушылық білдірді. Бұл сұраққа ауданның бас дәрігері Болат Балақойшиев: – Шыны керек, бұл мәселе менің де қабырғама батып жүр. Алайда, қазір амбулатория деңгейінде жұмыс істеуде. 11 мыңға жуық округ тұрғындарын емін-еркін қабылдауға қауқарлы. Әйткенмен болашақта инвесторлар тауып, арнайы кеңейтілген орталық жасасақ деген жоспар бар, – деді. Тұрғындармен кездесу барысында көтерілген тегін дәрі-дәрмек мәселесі бойынша да бас дәрігер ашына айтты: – Қазір аурудың 42 түріне тегін дәрілер таратылады. Әрине, ол есепте тұрған азаматтарға. Қазір Бәйдібек би ауылынан тегін дәріге қол жеткізе алмай жүрген азаматтың мұңын айтып отыр. Бұл мәселені шешуге өзім араласамын, – деді. Кейіннен мемлекет тарапынан денсаулық саласына көрсетіліп жатқан қамқорлықтарды жан-жақты айтып өтті. Кейіннен Бәйдібек бидегі жабайы сауда мәселесі бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ерболат Серғалиді орнынан тұрғызды. – Иә, бұл округтегі сауданың 80 пайызын жабайы деуге болады. Осы тұрғыда ауданда құрылған арнайы комиссия жұмыс істеуде. Алайда, рейд барысында кәсіпкерлер прокуратураға шағымданамыз деп шығады. Осы ретте аудандық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясы, қоғамдық кеңес боп бірге рейдке шықсақ, ісіміз оңды болары еді» – деді. Бұл ойды Аманқұл Раушанұлы да қолдады. Ұсыныс депутаттар тарапынан да қолдау тапты. Ақши ауылдық округі бойынша сөз алған аудандық мәслихат депутаты Қайнар Жұмағожа: – Ақши ауылының дәрігерлік амбулаториясы жаңа салынған дәрігерлік мекемелердің қата-рында, алайда дәрігерлік амбулаторияның кіре-беріс баспалдақтары бір-бірінен ажырап жатыр, төбесінде жарықшақ пайда болған. Осы бағыттағы жұмыстарға кім жауапты? Екіншіден, соңғы 10 жылдан бері көтеріліп келе жатқан Қайрат орталау мектебінің электр желісінің жағдайы. Депутаттық сауал жолданды, шара қабылданбады. Осы бойынша қандай жұмыстар жүргізілмек? Сонымен қатар, Ақши ауылы бойынша жаңа су құбыры жүргізілді. Ол «Есік су құбырының» балансына берілді. Алайда, ауыз су берілмегеніне бір жылға жуықтады. Не себеп?» – деді.

Сөз алған аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәурен Мәлібеков: – Иә, Ақшидегі су құбыры толықтай «Есік су құбырының» балансына бе-рілді. Алайда, қазір тұрғын-дардың небәрі 25 пайызы ғана орталықтандырылған жаңа су жүйесіне қосылды. Ал ол өз кезегінде мекемеге айтарлық-тай материалдық шығын болып тұр. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керек» – деді. Ал Қайрат орталау мектебіндегі электр желісін ауыстыру бойынша білім бөлімі басшысының орынбасары Әсел Молдасбаеваға бір ай ішінде атқарылған жұмыс бойынша жауап берілсін деген қаулы қабылданды.

Балтабай округіндегі Балтабай, Бірлік ауылдары және Қырбалтабай округі бойынша да ауыз су мәселесі көтерілді. Сонымен қатар қоғамдастық мүшелері Балтабай округі бойын-ша да су насостарын жиі өшіру фактісі тіркелгенін айтты. Салдарынан ауыз су лай күйінде беріліп, насостың бұзылуына әкеп соғатын көрінеді. Аталған мәселе бойынша да арнайы рейд жүргізілсін деген ұсыныс түсті депутаттар тарапынан.

Жиын қорытындысында: Ауылдық округтердің әкімдерінің хабарламалары мен аудандық мәслихат депутаттарының тарапынан енгізілген түйткілді мәселелер бойынша талдау жүргізе отырып, аудандық мәслихат аппараты тарапынан тиісті мекемелердің атына депутаттық сауалдар жолданылсын.

Отырыс барысында енгізілген ұсыныстар мен ескертулер бойынша тиісті мекемелер тарапынан нақты шаралар қабылданып, күнтізбелік 1 ай көлемінде атқарылған жұмыстар туралы ақпараттар тапсырылсын. Олардың орындалуы тұрақты комиссиялар мен тиісті мекеме басшыларына жүктелсін деген қаулы қабылданды.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Қаралды 127 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама