Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017 14:24

Ел тізгінін білікті маман ұстауы тиіс

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру – «100 нақты қадамның» бастауы. Демек, елді басқаруға тек білімі мен білігі, тәлімі мен тәрбиесі толысқан азаматтар ғана кіруі тиіс. Осы және өзге де бағыттар бойынша жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев кеңінен сөз етті. Аудан активімен болған кездесуді әкімнің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов жүргізіп отырды.

Қазір мемлекетіміз мәнсаптық қызметке бет алған. Бұл дегеніміз, маман ә дегенде аспаннан түскендей басшылыққа емес, қызметтің сатылы сынынан өтуі тиіс. Яғни, жетекші маман, бас маман, басшы орынбасары, басшы... Екіншіден, департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметке орналасу үшін таныс-тамырдың қажеті жоқ. Қазір конкурс жария түрде өтеді. Бос орындар БАҚ құралдарына, арнайы сайттарға шығады. Қызметке келгіңіз келсе тест тапсырыңыз, комиссиядан өтіңіз, сөйтіп, қызмет табалдырығын аттайсыз. Осы және облыс бойынша бос орындарды сөз еткен Серікбай Өрікбайұлы:

 

Қазір Алматы облысы бойынша 745 мемлекеттік органда 8132 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 495 мемлекеттік қызметке бос орындар жарияланып отыр. Бір өкініштісі, мемлекетке қызмет жасаймын деп шынайы берілген азаматтар өте сирек. Жұмыс ұсынсақ, үйімнің жанында болса барамын деп шарттарын қояды. Бұл мүмкін емес қой. Ендігі мәселе, кадрлық тұрақтылықты сақтау – ең маңызды шарт. Осы тұрғыда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бір жылда 6,2 пайыз ғана кадрлық ауысым жүргізу туралы шартқа қол қойды. Демек, 93,8 пайыз кадр тұрақты орнын сақтайды деген сөз. Бүгінгі күні 3,9 пайыз кадр ауысқан. Ал санға шаққанда 172 адам жұмыстан кеткен. Неге қызметінен босады? Шыдамады ма, әлде қудаланды ма? Бұл біздің бас-ты назарымызда тұратын жәйт. Екіншіден, қызметкерлердің біліктілігін арттыру 9 қадамда көрсетілген. Осы тұрғыда үш жылда бір рет оқу курстарынан өтпеген қызметшілерге де шара қолданылатын болады.

Осы кезге дейін 1700-ге жуық қызметкерді оқыттық. Оған 57 млн 223 мың теңге облыстан арнайы қаржы қарастырылды. Осындай мүмкіндік бола тұра 300-ден 500-ге дейін мемлекеттік қызметкер оқудан өтпей қалған фактілер анықталды, – деді.

Кейіннен Серікбай Өрік-байұлы жақында өткен аттеста-циялаудың қорытындысын жариялады. Айтуынша, қыз-меткерлер бір-біріне мақтауын асырып мінездеме берген. Ендігі кезекте жазылған әр мінездеме тексеріледі. Мақтауға сәйкес келмесе, мінездеме жазған азамат үстемақысыз қалады. Бұл өз кезегінде шындықты жазуға жол ашады. Үстемақы демекші, әр параметрден жоғары өткен мемлекеттік қызметкер жыл соңында үстемақы ретінде 13 айлық жалақы алады. Осы мәселе қазір парламентте талқылануда дейді департамент басшысы. Қысқасы, сапалы қызмет ет – адал еңбегіңнің жемісін көр.

Әлеуметтік желі оңды қолданғанға пайда, орынсыз қолданғанға зиянын тигізуде. Бұл мемлекеттік қызметкерлер-ге де тікелей қатысты. Айталық:

Қазір әрбіріңіздің әлеумет-тік желілеріңіз қатаң бақылауда. Оның ішінде шетелде жүрген, саятшылықта, ішімдікпен түскен, түнгі клубтарда, қыздарымыз су жағасында тұрған яғни, қызмет-шінің моральдық-этикалық кел-бетін бұзатын суреттеріңіз болса, бізге ренжімеңіздер. Оған да шара қолданамыз. Бүгінде облыс бойынша осындай 230 жағымсыз суреттер анықталды, – деді.

Мәнсаптық өсу бойынша да айтты С.Нұрғисаев. – Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 36 азамат қызметіне сәйкес және жоғарылатуға ұсынылады деп қорытынды бердіңіздер. 5 қызметшіні лауазымынан төмендетуге шешім шығардыңыздар. Ал 22 азамат-тың қызметін өсірдіңіздер. Қалған 14-і ше? Уәде бердіңіздер ме, енді орындаңыздар! Екіншіден, 5 қызметшіні қызметіне сәйкес келмейді деп, оның екеуін лауа-зымынан төмендеткен екенсіз-дер. Қалған үшеуі әлі сол орнында. Бұны қалай түсінеміз? Осы мәселе бойынша жыл соңына дейін жұмыс істеңіздер!

Иә, кәсіби кадр – мемлекет тірегі. Ал сыбайлас жемқорлық – тамырға түскен жегі құрт. Осы ретте жыл басынан 66 қызметкер қылмыстық істерге барса, оның басым бөлігі пара алып, басын бәлеге байлап отыр. Мәселен, сыбайластыққа жол берген облыс бойынша білім саласында – 7, денсаулық саласында – 3, ауылшаруашылығы бойынша – 5, жер қатынастары саласында – 7 қылмыс тіркеліп отыр. Серікбай Өрікбайұлының сөзіне сүйенсек, қазір жаңа заң бойын-ша сыбайлас жемқорлыққа бар-ған қызметшілер сотталмайды керісінше, ауқымды деңгейде айыппұл арқалайды әрі мемлекеттен түбегейлі шеттетіледі.

«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» демекші, жұмыс-тан тыс уақытта қызметтік көлікті пайдаланғандар да жазадан жалтармайды. Ол турасында да жан-жақты мәлімет беріп, шеңберден шықпауға ескертті.

Қорытындысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев сөз сөйлеп, толыққанды түсінік бергені үшін С.Нұрғисаевқа аудан активі атынан алғысын жеткізді.

Бәрін айт та бірін айт, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына енгізілген кәсіби мемлекеттік аппарат құру – шетелдік тәжірибе. Осы тәжірибе қорытындысында, қызметшілердің 5-7 пайызы өз еркімен жүйкесі шыдамай жұмыстан кететін көрінеді.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Қаралды 116 рет
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама