Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 16:59

Білім – ізденіспен келеді

Білім –  ізденіспен келеді mezet.kz

«Білмеген нәрсеңді сұрап алуды ар көрме» деген екен сонау Алтын орда дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі Саиф Сараи. Әлбетте, Абай атамыздың айтқаны да есіңізде болар:

«...Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз...». Міне, білуге, үйренуге деген ұмтылыс – ай жүзіп, тіршілік нәрін тоқтатпайынша әлемдік ұран болып қалмақ.

Білім саласы бойынша бос ұранды қойып, нақты істі бастап кеткен тәжірибелі ұстаздар Қайырғали Ахметов және  Гүлзада Ахметова өз пәндері бойынша онлайн оқытуды жүзеге асыра бастаған. Ол үшін Google-ден арнайы қосымша ашып, оқимын, ізденемін деген жасөспірімдерге жол ашты. Бұл жаңалық жуырда жапондық Цукута университетінен арнайы келген делегацияға кеңінен таныстырылды. Профессор Фудзии Ходака бастаған, доценттер Юсуке Эндо, Қуаныш Тастанбекова,  кіші ғылыми қызметкер Рей Танака, докторанттар Хидеми Хираока, Чико Эвата, Масаки Такано, Ян Джа Юн және магистрант Линда  Юн секілді делегаттар алдымен Гүлзада Ахметованың физика пәнінен жүргізген ашық сабағына қатысты. Онда оқушылар берілген тапсырмаларды орындап, кейіннен Қайырғали Ахметов өзі құрастырған онлайн тест тапсырды. Оның ерекшелігі, бір мезетте он оқушы білімін сынаса, олардың қалай тапсырып жатқандығы, қай сұрақтан сүрінгендігін ұстаз өз компьютерінде ашық көріп отырады. Кейіннен тест нәтижесін шығарып, оқушылар қолына ұстатады.

Шараның маңыздылығын тіліне тиек еткен Қайырғали Ахметов: – Біз өзіміз Сол Цукуда қаласындағы Такизоно ауданының мектептерінде болдық. Ондағы ұстаздардың жұмыс тәжірибесін көрдік. өзара пікір алмастық. Енді бүгін оларды өзімізге шақырып, қазақстандық оқу үрдісін көрсетудеміз. Сонымен қатар, өзіміздің ерекшелігімізді паш еттік. Әсіресе, онлайн оқу жапон мемлекетінде жақсы жүргізіледі, – дей келе онлайн оқыту жайында айтып берді: – Осыны ерекше назарға алған Гүлзада Әбілқайымқызы ютуб арқылы онлайн оқытуды былтырдан қолға алды. Оған әрбір адам кіре алмайды. Жүйеге қосылу үшін аккаунт ашады түлектер. Былайша айтқанда, 10-12 оқушыдан арнайы сынып құралады. Сосын онлайн видео арқылы сабақ өтеді. Онда әрбір күрделі физикалық есептердің шешілуі жөнінде ұстаздың сабақтары топтастырылған. Оқушы қиналып жатса, видео арқылы мұғалімге тікелей шығып, шешу жолдарын сұрауға болады. Ең бастысы, шығарылған есептерін мұғалім де бейне арқылы тексеріп, бағасын қоюға мүмкіндік қарастырылған. Қазір Б.Майлин атындағы орта мектептің оқушылары қатты қызығушылықпен онлайн оқуға жазылуда. Жетістігі сол, оқушы сабақтан кейін өзіне ыңғайлы уақытта өз аккаунты арқылы дайындалуға, қосымша сабақ алуға болады», – деді.

Бүгінде жаңашыл ұстаздар ауданымыз бойынша бірнеше семинар-тренингтер өткізіпті осы бағытта. Бірқатар мектеп мұғалімдері де қызығушылық танытып, қазір тәжірибе алмасуда.

Делегаттар кейіннен мектеп директоры Шынтас Пірімбаевтың химия пәнінен қосымша сабағына қатысты. Онда да жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде еліміздегі үдерістерге толы сабақтың куәсі болды.

Тәжірибе алмасу соңында жапондықтар бірқатар сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Кейіннен алғыс білдіріп тарқасты.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 1089 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет