Сәрсенбі, 15 Мамыр 2019 10:20

Түнгі шайқас

Түнгі шайқас https://www.google.com/search?q=%D2%9B%D0%B0%D1%81%D2%9B%D1%8B%D1%80&source=lnms&tbm=isch&sa=X&ved=0ahUKEwjN0-C-25ziAhXa8qYKHR3vCyoQ_AUIDigB&biw=1600&bih=708#imgrc=0T6tVrRHzxEGPM:

Сұрапыл соғыс та бітті. Бірақ көптеген боздақтар майдан даласында қалды. Қайтып келгендер – көбісі жаралы не жарымжан болғандар. Соғыстан бұрын туған балалардың әлі де болса буыны бекіп,  қабырғасы қатпаған кез. Соғыстан кейін де ондаған жылдар бойы жұмыстың ауырын әйелдер атқарды. Қақаған аяз, ақтүтек борандарда шиеттей бала-шағаларын асырау қамында шұрық тесік қоралардағы қойды қасқырға бермей, аяулы аналар жанқиярлық еңбек етіп жатты.

1949 жыл. Қаңтардың сақылдаған аязы бет қаратар емес. Қарашеңгел бөлімшесінің екі отар қойы бір жерде қыстап отыр. Қоспа қораның бір жағы бір көзінен айырылып, жамбасына оқ тиіп, бір санын сүйретіп келген аға шопан Құрымбаев Жақашбайдікі. Қақаған аязда жарықшақ қалған жамбасы қақсай берген соң, ол қойды бірге күзетіп тұрған Зімиләға: – Мына қу соғыстың жамбасына салып берген жарықшағы жанымды жегідей жеп барады. Шыдар емеспін. Мен барып мұны тұзбен қыздырып келе қояйын. Ертең қой бағуға жарайтын түрім жоқ. Екі қора саған аманат. Бір лажын жаса, – деп ілбіп басып жанына келді. Зәмилә қарсылық білдірмеді. Азаматтар қан майданда жүргенде: – Құдай-ау, боздақтар мен балалардың әкелерін жау оғынан сақтай гөр! Жанында болсақ сол оққа біз де төсімізді тосар едік қой, – деп талай таңды көзбен атырғаны есіне түсіп, келісім берді. Ол кеткелі де біршама уақыт өтті. «Бұл байғұс тұра алмай қалды ғой шамасы, мейлі демалсын» деп ойлады. Сонан соң қымтана түсіп, қолындағы таяғын сығымдай ұстады. Үстіндегі қолдан тігілген шұбатылған ескі тонның шалғайларымен тізесін ысқылап, басындағы жүн орамалын маңдайын жаба түсіріңкіреп қойды. суықтан жарылып кеткен беті мен ерні дызылдағандай. Көбіне ұлыған жел ішін тартқан сәтте тың тыңдап, анда-санда дауыстап қояды. Ысқырған долы боран бір толастар емес. Күндегі әдетінше алыстан қасқырдың ұлыған даусы естіледі. «Ауылда сес көрсетер еркек жоқтығын бұлар да біледі» деп іштей күбірлеп қойды. Елегізді. Денесі тітіркеніп қай-қайдағы ойына түсті. «Жасұланым тірі болса ғой, жаныма серік болар еді. Биыл күзде он жетіге толар еді-ау құлыным. Құдай маған оны да қимады... Кез келген жерінен қасқыр жарып кіреді. Мынадай боранда ит екеш ит те бас сауғалап ықтасын іздейді. Ит болса біздің Қарауыздай-ақ болсын. Шамасы келгенше аянбайды-ау бейшара. Бірақ мына боран о байғұстың да берекесін қашырды, білем Оның үстіне тамағы да нашар. Әттең, екі уақыт майлы жуынды не ботқа ішсе, қасқырдың қандай арыстанымен болса да алысар еді, алам қанша. Әлгі Зағипа мен Күнімге бір уақыт көңілдеріңді бөліп, құлақтарыңды сала жатыңдар деп Жақашбай айтқан шығар-ау. Олар да тым-тырыс. Мына боран да ештеңені естіртер емес. Оның үстіне суықта киетін үшеуара жалғыз тон. Ол менің үстімде. Олар қалай шықсын далаға...»

Аспанға қарап еді, жұлдыздар көрінді. «Бұған да құдайға шүкір. Жетіқарақшының құйрығы Бақанастың төбесіне барып шаншылыпты. Түн жарымы болған екен ғой. Түн ұзақ. Бір уақ қораның ана тесік жағынан ішіне кіріп, қойдың арасынан бой жылытайыншы, мына жел өңменімнен өтіп кетті ғой. Қасқыр қораға кірсе, мына тұстан кіреді». Ол үңірейген тесіктен ішке кірді. «Осы жерде отыра тұрайын, естуіме жақсы».

Ол ішке енгенде қойлар аздап толқи ығысып тоқтады. Адам екенін білген соң тіпті, айнала қоршай ұйлығысып, шоғырлана түсті. Зәмиләнің денесі әжептәуір жылып, өн бойына ұйқы үйірілгендей. Ысқырған долы боранның уілі, қойдың анда-санда пысқырғаны, күйіс қайырғаны, ыңыранғаны ғана естіледі. Ұйқы да жау. Әйтсе де, екі отардың жауапкершілігі есіне түскенде бойын жиып ала қояды да, ұйқысы сергіп кетеді. Осылайша тағы біраз отырды. Бір кезде қораның өзі көз айырмай қарап отырған саңылауын қараңғылық басқандай болады. Ол селк ете қалды. Әлде көзі ілініп кетті ме. Жоқ. Дегенмен де бойы мұздап, ұйқысы шайдай ашылып кетті. Сезімі алдамаған сияқты. Саңылаудың үстінде қарауытқан нәрсе қимылдағандай болды. Қарауыз ба? Ол болса бір дыбыс берер еді. Мынау қасқыр! Иә, анық қасқыр! Құлағын жымырғандай басын бір көтеріп, бір түсіріп, мойнын қораның ішіне қарай сұғып тұр. Алдыңғы екі аяғын тесіктің ернеуінен салбыратып жіберген. Зімилә айғайлап жіберді. Бірақ даусы шықпады. Қасқыр тесіктен секіріп, дәл алдына топ ете түсті. Осы кезде жан ұшыра үріккен қойдың дыбысын естіп, сырттағы қарауыз арсылдап қораның о шетіне бір, бұ шетіне бір жүгірді. Ешкім шыға қоймаған соң арсылдап барып, жер кепенің есігін соқты. Мұның бәрін Зімилә естіп отыр. Қасқыр қалың қойдың арасына кіргенде ғана ол есін жиды. Бөрінің соңынан жан ұшырған күйі таяғын ала ұмтылды. Бар күшін салып таяқты жоғары көтерген бойы қасқырға сілтей беріп еді, аласа қораның төбесіндегі бөренеге тиген ол қолынан ұшып кетті. Қасқырдан көз жазып қаламын ба деп сезіктенген Зәмиләнің мұршасы болмады. Қойдың арасынан бұлтара алмай жүрген қасқырдың үстіне төніп барып атылған бойда екі қолымен екі құлағына жармаса кетті. Қасқыр да сытыла қашпақ болып алға ұмтылғанда қос құлақтан қадалған қолды жұлып кете алмай екі артқы аяғынан тік шаншылып тұрып қалды. Арланның бойы өз бойымен теңескен сәтте оның салмағымен шалқалап құлай жаздаған әйел жан дәрмен, бар қуатын бойына қайта жинап, оны етпетінен салды да екі қолымен құлақтан айырылмастан үстіне атша мініп, еркін отырды. Жанталасқан қасқыр төрт аяғына қайтадан тік тұрып, аузын арандай ашып, тонның екі жеңін кезек-кезек шайнай берді. Қарауыз кепенің есігін соққанда Зағипа басын жастықтан жұлып алды. Күнім, әй Күнім, Жақашбай қайда? Тез далаға шықшы. Қарауыз есікті соғып жан ұшырып, дауысы сенбей үріп жатыр ғой. Күзетшілердің үні шықпайды. Қора жақты бір шолып қайтшы. ол Жақашбайдың ауырып, үйге келіп жатып қалғанын білген жоқ еді. Күнім қолына түскен киімді иығына іле сала, жүгіріп сыртқа барып дауыстады. Зімиләнің дыбысы естілмейді. Қарауыз неге үсті-үстіне үріп, қораның артына қарай жан ұшырып барып қайтып жүр, әрі таман барайын деп қораға қарай бір-екі аттады да, қараңғылықтан қорқып қайтадан жеркепеге қарай ығысты. «Зімилә киіз жаппаға кіріп ұйықтап қалғаны ма? Зімилә-ау! Зімилә деп жаппаға жақындап барып айқайлады. Бірақ, ешкім дыбыс бермеді. Жақашбай жаңа ғана тыныс алып еді. Ол байғұсты оятпай-ақ қояйын. Неде болса, қарау жүрген жерге дейін барайын» деп тәуекелге бел буды. Оның ойын сезгендей Қарауыз жүгірген күйі келіп, Күнімнің етегін бір соғып, қораның артына қарай зымырай жөнелді. Күнім де асыға басып солай жүрді.

Зімилә қасқырмен алысып жатыр. алдыңғы екі аяғы бүгілгенмен артқы екі аяғымен жер тіреген көкжал да берілер емес. Қасқыр қолға түскеннен кейін-ақ, оған күші жететінін білген Зімиләнің даусы енді еркін шығайын деді. «Зағипа апа! Күнім!» деп дауысы сенбей айғайлай берді. «Бұл қасқырды жібере қоймаспын. Барық бөрі түнде жалғыз жортпаса керек еді ғой. Қалғандары келіп, қойды қырып кетсе ше?» деген ой қатты үрейлендіріп жіберді. Осы сәтте қораның ық жағынан келе берген Күнім қораның ішіндегі Зәмиләнің: «Күнім! Балта әкеліңдер!» деген даусын анық естіді. Дөңестеу жермен адымдай басып қораға жақындай түсті. Енді дауыс анық естілді.

  • Мен қасқыр ұстап отырмын, балта әкеліңдер!

Күнім жүгіріп үйге қалай жеткенін білмеді.

  • Зағипа апа! Жақашбай! Қасқыр... Балта... Зәмилә ұстап отыр, - деп айғайлаған бойы кепеге жақындағанда, Жақашбай да шығып келе жатыр еді...

Зәмиләнің қасқырдың құлағын қысқан екі қолы қарысып, қатып қалған. Аш қасқыр арпалыса-арпалыса әлсіреп барып құлап түсті. Бірақ арсылдап ескі тонның екі жеңін кезек жайнап жанталасуда. Көмектен күдерін үзген әйел қасқырды үйге қарай сүйремек болды. Бірақ ол ойынан тез қайтты. Ұстаған жерден қолы босаса, қасқырдан айырылып қалатындай көрінді оған. Енді қолын құлақ түтпен мойынға жылжытпақ болып еді, қарысып қалған саусақтарын ажырата алмады.

Енді байқады, денесін тер жуып кеткен екен. Денесі қызған соң қайта біте бастағандай. Алғашында айтқанына көндіре алмаған ол тістеніп алған. Құлақ түптен ұстаған күйі, қасқырдың тұмсығын жерге ұрғылай берді.

  • Ау, Зәмилә! Қайдасың! Қалай кіремін қораға? – деген Жақашбайдың даусы естілді.
  • Тесіктен! – деп айқайлап жатып та ұрғылай берді.

Жақашбай мен Күнім бірінен бірі қалыспай тесіктен секіріп түсті. Жақашбай Жамбасының қақсағынан да ұмытып кеткен. Күнім шырпы жағып жарық бергенде Жақашбайдың балта ұстаған қолы қалтырап, тонның екі жеңінің арасынан көріне берген қасқырдың қан болған тұмсығына үш-төрт сілтеп барып әрең тигізді. Қасқыр бір ышқына қырылдап, сылқ ете қалды. Оның өлгеніне енді ғана көзі жеткен Зәмилә қарсыласының үстінен түсіп, бойын жазбақ боп түрегеле беріп еді, көкжалдың қан-қан болған басы қарысқан қолдарымен қосыла көтерілді...

Осы оқиға кейін бүкіл аймаққа аңыз боп тарап кетті.

 

Түйін орнына: Исағұл Сәбитұлы бізге бұл туралы хат жолдапты. Онда Батыр ананың ерлігін естіген совхоз басшылары 500 сом ақша, 1 қой сыйға бергендігін жазған. «Осы оқиғаның шынайы куәгерлері қазір Қырбалтабай ауылында тұрады» деген екен автор.

Баспаға әзірлеген Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 93 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет