Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 28 Наурыз 2019
Бейсенбі, 28 Наурыз 2019 10:08

Ерім деген елдің қолдауы

Ұлы Отан соғысының ардагері

Солтанбай Жарықбасов:

Дана xалқымызда «Нар тәуекел – ер ісі» деген сөз Нұрсұлтан Әбішұлына айтылғандай. 1991 жылы Тәуелсіздік алған күннен бастап көрегендігімен, ұзақ жылдарға жоспарлаған Стратегиялық қадамдарымен осынау 27 жылдың ішінде мемлекетімізді дүниежүзіне танытып, экономикасы қуатты, әр күні шуақты 50 елдің қатарына қосты. Тұрақтылық пен келісімді нығайтты. Қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жыл сайынғы Жолдауларында ел азаматтарының күнкөріс деңгейін, еңбекақы, жәрдемақы және тағы басқа бағыттарды көтеруді назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес бастамасына жол ашты. Жақында Елбасы өзінің Президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Үндеуін жариялап, сан сынақта қолдау білдірген еліне басын иді, алғысын айтты. Бұл асқан көрегенділіктің, тектіліктің көрінісі.

Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын. Жастық жігерін Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арнаған Елбасымыздың еңбегін елі жоғары бағалайды деп сенемін. Соның айғағындай Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы алғашқы Жарлығына қол қойды. Рас, тыңнан түрен салып, Еліміздің бойында әсем қала орнатқан – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еселі еңбегі. Ендеше, әлемді сұлулығымен аузына қаратқан Елордамызға Елбасының есімін беру – теңдіктің, ерін ойлаған елдіктің көрінісі.

 

Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Абликим Сайдуллаев:

"Даудың дұрыс шешімі – шешенге жүк. Көштің аман жетуі – көсемге жүк" дейді дана халық. Біз ширек ғасырдан астам уақыт қатпарлы өткелден аман өттік! Бұл жаңашылдыққа бастаған Елбасымыздың елімен бірге еңсерген жолы, қол жеткізген табысы! Тақырдан қамал тұрғызған, батпақтан қала қалаған Арқаның төріндегі әсем Астана сөзіміздің дәлелі. Енді өз жүрегіндей өзі салған қаланы «Нұр-Сұлтан» деп өзгертсек, несі айып? Мен елімнің жеке кәсіпкері ретінде мемлекет тарапынан жасалатын түгелдейдерлік қолдаудың барлығын көріп келемін десем артық айтқаным емес! Әрине оның барлығы біріншіден Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының салған сарабдал саясаты мен жүйелі жүргізген жұмысы. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік жариялаған тұста тоқырап тұрсақ, небәрі ширек ғасырдан астам уақытта ең дамыған, кедейлік пен сауатсыздық жойылған, өз шекарасы, өз Астанасы бар іргелі елге айналдырған көреген саясаткерге қандай да болсын құрмет лайық деп ойлаймын.

 

Еңбекшіқазақ ауданының құрметті  азаматы, еңбек ардагері,  Бартоғай ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы

Аянбек ДАУЫТҚҰЛОВ:

Тарихта араға ғасыр салып дүниеге келіп, қайта-ланбайтын ұлы істер жасайтын ерекше тұлғалар болады. Осындай ірі тұлға, саяси қайраткер, кемеңгер көшбасшы ол біздің Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ашығын айту керек, Астана – Елбасының өз туындысы. Сондықтан елорданың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту өте орынды шешім және Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілген үлкен құрмет деп білемін.

Тәуелсіздік жылдары Тұң-ғыш Президенттің ел қуатын еселеуге қосқан еңбегі мен үлесі шексіз.

Отыз жылға жуық мемлекет басында болып, қаншама қиын-қыстау жағдайлардан шашасына шаң жұқтырмай шыға білген, Қазақстанды тәуелсіздік тұғырына қондырып, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қосқан тарлан тұлға бұл жолы да парасат биігінен таныла білді. Бұл – әлемді көркениеттің озық үлгісі. Осы тарихи шешім арқылы ол өзінің адамзаттық құндылықтарға, әлемдік демократиялық үрдіске, ұлттық мүддеге адал әлемдік деңгейдегі тұлға екендігін дәлелдеді.

Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғырын қалаған Елбасымыздың есімін Астана қаласына беруін өз тарапымнан қолдаймын.

Published in Саясат

Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы «Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сəйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталсын.

2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.ТОҚАЕВ.

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 23 наурыз №6.

Published in Ресми
Бейсенбі, 28 Наурыз 2019 09:51

Қош келдің, әз-Наурыз!

Ықылым заманнан бері амал жұлдызымен қатар келетін береке мен бірлікті, тазалық пен татулықты, риясыз шаттық пен қуанышты, жаңа жақсылық жаршысын, ақ тілеу мен пәк пейілдің қосшысы – Нау-рыз мерекесін халқымыз асыға күтеді. Бұл күні Жер-Ана бусанып, күн мен түн теңеседі. Тіршіліктің бойына қан жүгіріп, көктемнің қоңыр-салқын желі еседі.

Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың,

Халықтың бірлігінің мығымдығы.

Күдіктің безбеніне тартылмайтын,

Қазақи ата-дәстүр ұлылығы – деп халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев жырлаған ұлы мерекеміз Ұлыстың ұлы күні босағамыздан еніп, қазақ жеріне қуаныш пен береке сыйлады. Күлімдеген көктемнің жаңа жылы 22 наурыз күні Т.Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында аталып өтті. Ауқымды шараға аудан әкімі Бинәлі Ысқақ қатысты.

Қаз-қатар тізіліп, қазақ даласына жаңа күннің келгенін айқындап тұрған  қазақ үйлер мерекенің көркіне көрік қосты. Жастар жағына арнайы жасақталған спорттық жарыстар, алтыбақан тепкен қыз-бозбала, ең бастысы, негізгі тағам – наурыз көже салтанатты шараның мерейін арттырғандай. Мерекелік бағдарламаның шымылдығы Қазақстанның жарық жұлдызы Абай Бегейдің қазақ әндеріне жасаған попурриімен түрілді.

Кейіннен, әр қазақтың жүрегінен орын алған «Аспанға қараймын» әнін шырқап, көпшілікпен бірге көңілді би биледі. Наурыз мейрамы жайлы әсерлі көрініс сахналанды.

«Улыбка» би тобының қызғалдақтары «Көктем» биімен жиылған қауымға қуаныш сыйлады. Ортаға шыққан Абыз қарт ақ батасын берді. Қыс көзі қыраудан аман шыққан көш көктеуге бет алып, көш басын қолдарында шашуы бар әжелер бастады. Халық әндерін орындаған асыл қазыналарымыз халыққа шашу шашып, ізгі тілектерін жеткізді. Ұлттық нақышта киінген жастар қауымы домбырамен көңілді ән орындап, әзілдері жарасты. Ортада Тайқазан көтеріліп, «Алтын адам» сақ астанасының тұрғындарына ақ тілегін жеткізді.

Думанды мереке аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлының құттықтауымен жалғасты:

– Келгенінше құттықтап бірін-бірі,

Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.

Көңілі түгел адамның сен келген соң,

Самарқанның елжіреп түскен тасы – деп Ахмет Байтұрсынов жазған бұл жолдар, көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-Анамен тығыз байланыстыратын, халқымыздың өткені мен бүгінін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы деп бағаланатын – Наурызды сипаттайды. Қазақта «Наурыздың келгені жандыда балық біледі, жансызда көк тас біледі» деген наным бар. Табиғатпен егіз өрім – ұлық күн туралы Міржақып Дулатовтың «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы...» – деген сөзі, ата-бабамыздың даңқын дәріптеген, бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырған Сұлтан Наурызды – салтты рәмізіміз, айбынды мерекеміз екендігін дәлелдейді. Осы тұста, «Асылдың сақталатын қосы – дәстүр, тарихтың баяны ұзақ досы – дәстүр, атаның ұрпағына қалдыратын ең қымбат мұрасы да – дәстүр» – деген нақыл сөз тегін-нен тегін айтылмаса керек. Әр жыл сайын әлеуеті мен қуаты артып келе жатқан еліміздің ажары осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай берсін! Заман ағымымен жеткен аманат, ортақ қуанышты күнге айналған аманат, дүниеге көрік беріп, бойымызға сіңісіп, салтымызға айналған шырайлы да, шұғылалы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы бар-лықтарымызға құтты болсын! – дей келе Бинәлі Әбдіқапасұлы биылғы жыл ауданымыз үшін табысты болатындығын айтты. Мереке аудан өнерпаздарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Балуандар боз кілемде белдесіп, қол күресіп, арқан тартысты. Қала тұрғындары мен қонақтары тегін наурыз көжеден дәм татып, көңілді тарқасты.

Ұлыстың ұлы күні Шелек ауылында да ауқымды деңгейде аталып өтті. Мерейлі мерекеден аудан басшысы Бинәлі Әбдіқапасұлы да қалыс қалмай, шелектіктердің қуанышымен бөлісті.

Қазақ эстрадасының жұлдызы, жерлесіміз Мұрат Тоқашбаев әуелете ән шырқап, жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аудан басшысы мен ауданымыздың құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев жұртшылықты мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, аузы дуалы ауыл ақсақалдары бата берді. Алаңда тігілген қазақ үйлерде тегін наурыз көже мен бауырсақтар таратылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

 Сардарбек НҰРАДИН.

Published in Мақалалар
Page 2 of 2
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама