Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 23:27

Жалынды күндер жаңғырығы

Жалынды күндер жаңғырығы mezet.kz

  Талай жанның жүрегін езгілеп, намысын жаншылап, сенімін күйреткен сол бір жылдың желтоқсанын, әсте, естен шығару мүмкін болмас.  «Елім-айлап» егілген ата-баба жолымен «Менің елім Қазақстанды» ұран етіп, бейбіт түрде Конституцияға сай «Әр халыққа өз ұлтынан басшы сайлануы керек» деген талаппен алаңға жиналған жастардың тілегінің күл-талқан болғаны намыс отын өршітпей қоймады. Оның үстіне, желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, оған қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Шындығында, желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс еді. Ол ызғарлы күндер біздер үшін тарих болғанымен, сол қанды қырғынды басынан өткерген аға-әпкелеріміз үшін қаралы, қайғылы күн. Бүгіндері желтоқсаншылардан құрылған «Желтоқсан ақиқаты» республикалық патриоттық қозғалысының ұйымы бар елімізде. 2007 жылдан бері құрылып, көтерілістің ақ-қарасын шынайы кейіпкерлер арқылы ажыратуға атсалысып жатқан ұйым құрамында 400-ге жуық адам тіркелген. Арасында ауданымыздағы желтоқсаншылар-бүгінгінің батырлары редакциямызға ат басын бұрған еді. Көздерімен көріп, бастарынан кешкен шынайы оқиғамен бөлісіп, Тәуелсіздік жолындағы құрбандарды еске алды. Тілге, елге, жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі – ағаларымыз бен аналарымыз желтоқсаншыларға тиісті құрмет көрсетілсе екен дейді...

  

Сағидолла Мергенбаев,

Қазақстан ауылының тұрғыны, бес баланың әкесі :

Әскерден жаңа келген кезім. Автобусқа мінгенім сол еді, гу-гу әңгіме, жастар алаңға жиналып жатыр деді. Пәтеріме келіп, құжаттарымды тастай сала, мен де алаңға бет алдым. Келсем 60-70 адамдай жиналып қалған екен. Үсті-үстіне жан-жақтан ағылып келіп, қосылып жатыр. Сол күні кешке қайтып, ертесі қайта жиналдық.  Қазақ жастарының арасында қолдап келген кәрістерді де, кейбір орыс азаматтарын да көрдім. Мысалы, милиция майоры да жүрді арамызда жанашырлықпен «Сіздердікі дұрыс талап қой» деп. Алаңнан бөлек, қаланың басқа көшелерінде де итпен, қарумен жүрген жендеттер расымен көздеріне түскен қазақтарды ұрып-соғып жатты. Үлкен кісілерді аяқтарынан шалып құлатып, мазақ қылғандарын да көрдік. Барып, әлгі кісілерді тұрғызып алып, әскермен төбелесіп қорғап қаламыз, бірақ біздің шамамыз жетсін бе, олар рациямен дереу бірнешеуін жинап алады. Оның үстіне қолдарында арматура, қарулары қоса бар. Ал, біз ешқандай қарусызбыз. Бейбіт шеруге шыққанбыз. Ұлт намысы үшін бойымызды ашу кернегенімен, ешқандай артық ойсыз, талабымызды естісе екен деген мақсатпен жиналған едік. Сол жерге сондай асқақ мақсатты арқалап бару үшін де қандай жүрек керек десеңізші. Қаншама «Мен» деген алып денелі, ұрсаң таяғың сынатын жігіттер алаңға емес, ауылдарына қашып кетіп қалды. «Сен тимесең, мен тиме» деп. Сонда олардың бойынан табылмаған намыс қаршадай қыздарымыздың жүрегінен көрінді. Алаңға барғанның әрқайсы жеке дара батыр деген атқа лайық, ойлап қарасақ. Дүрбелең басталғанда бір-бірімізді қорғаштап жүріп, құлап, аяқ астында жаншылғандар болды. Бір уақытта басымнан соққы тигенін сездім. Күректің басымен ұрғанда бас сүйегім екіге айырылып кеткен екен, тыртығы әлі бар. Бел-омыртқама зақым келген. Әлгі жерде құлаймын етпетімнен, жерде жатқандардың бәрін сүйреп отырып автобусқа тиейді. Мең-зең күйдемін, айнала шыр көбелек ұшып барады. Бір қарасам ауруханаға әкелген екен жағдайы ауыр деп. Орыстың медбикесі қолында ота жасауға арналған қайшысы бар. Өзі жарылып тұрған басымды  әлгімен сарт еткізгені, «өзіңе сол керек, қалай ғана әлі өлмей отырсың» деп. Екі-үш жерінен іліп тіккендей болған. Әрі қарай бізді қайта тиеп алып, түрмеге әкеледі. Сол жерде «Өй мынауың, өлік қой, қазір мына жерде жан тапсырар, одан да апарып сыртқа лақтырып кетіңдер» дейді. Сөйтіп, қоқысқа лақтырып кеткен екен мені. Ессіз жатқан жерімнен бір журналист кісі тауып алып, Ақсай жақтарда бос тұрған үйлердің біріне апарған екен. Үш күннен кейін ауылдағы бауырларымды шақыртып, үйіме қайттым жаралы күйде.

  

Ұлбосын Сейітқазиева,

«Желтоқсан ақиқаты» республикалық патриоттық қозғалысы ұйымының аудандық бөлімі төрағасының орынбасары:

Ол кезде он жеті жастағы ауылдан қалаға барған кезім. Байланыс техникумының студенті едім. Жатақханамыз дәл алаңның жанында болатын. 16 желтоқсанда шамамен сағат төрттерде Колбиннің сайланғанын хабарлайды барлық ақпарат құралдарынан. Ашу-ыза кернеген жастар бәріміз «неге қазаққа өзге ұлт өкілінен басшы сайлайды?» деген сұрақпен алаңға қарай ағылдық. Біздің салт-дәстүрімізден, менталитетімізден, таным-түсінігімізден мүлдем алшақ біреуді сайлағанына, орыстың теперішінен онсыз да жапа шегіп жүрген халықты мүлдем құрдымға кетірейін дегеніне намыстанып, елдің ертеңіне алаңдаған жастар жиналды. Себебі, сол кездерде балабақша, мектептердің бәрі тек орыс тілінде болды. Ауылдан қалаға жоғарғы оқу орнына түсем деп келетін балалардың орыс тілінде сауатты сөйлеп, білімін орыс тілінде дұрыс жеткізе алмағандықтарынан оқуға қабылданбайтын. Тауы шағылып, орысша білмейтін «топас» болып шыға келетін еді бір сәтте. Осының бәрі де қазақ жастарының ішіндегі ар-намыстың отын маздатып, ата-бабамыздан қалған өз жерімізде ана тілімізде сөйлей алмай қор болғанымызға күйініштің арнасынан асқандығының көрінісі болды. Тіпті, омыраудағы балаларын біреуге қалдырып, екі жасар бүлдіршіндерін ойыншыққа алдандырып өздері алаңға шыққан жас аналар да ұлт намысын бәрінен жоғары қоя білді сол сәттерде.  Біздің ешқандай да артық ой, іс-қимылымыз болған жоқ. Бейбіт шеруге шыққан түріміз. Он алтысында кешкісін жатақханаларымызға қайтып, он жетісі қайта жиналатын болдық. Алайда, ол күні бізге оқу орнынан шығуға мүлдем тыйым салды. Әйткенмен, қалай жәй қарап отырамыз. Бір топ болып, екінші қабаттан секіріп төмен түсіп, жол бойында алаңға қарай жол тартып бара жатқан жастарға қосылып кеттік. Алғашқыдағыдай емес, бұл күні қарулы әскер ешкімді жолатпай, аязды күні алаңдағы жастарға суық су шашып, сапер күректермен ұрып, қуып, жан-жағымыздан қаумалап алды. Бірнеше қыздармен бірге бізді көлікке салып алып, апарып қамап тастады. Сұраққа алып, жер-жебірімізге жетіп, тәуліктік жұмыстарға жегіп, оқу орындарына сөгіс жариялады. Менің жасым небәрі он жетіде болғандықтан, он бес күнге қаматты да, кейіннен босатты. Алайда, сол босап шығатын күні абақтыдағы бір кісінің өтінішімен хатын алып шығып, мекен-жайына салып жібергенім үшін қайта қамауға алды. Мен, тіпті, ол кісінің кім және не үшін хат бергенін де түсінбедім, біле алмадым. Екі жарым жылға жабық сотта бас бостандығымнан айыру туралы үкім шығарды. Сол жерде екі айдай жатқаннан кейін жүрегіме ота жасалып, дәрігер мені өмірден өтті деп хабарлап, өзі жанымды алып қалды. Артынан ауылдан әкемді шақыртып, түнделетіп ауылға аттандырғаны бар. Үйде болып, ес жиып, денсаулығымды қалпына келтіргенімше де біраз уақыт өтіп, у-шу басылғаннан кейін қайта қалаға келіп, оқуымды жалғастырғанмын. Ал, сол кездегі оқиға, мені өлдіге шығарғандары бәрі тағы басыма бәле болып жабысама деп алаңдап едім, ол жайлы ешкім ештеңе қазбаламай, жабулы қазан жабулы қалпында қалды. 2004 жылы ақталғандығым туралы құжатымды қолыма алдым.

 

Берденғали Жандосов,

Рахат ауылының тұрғыны:

1986 жылы мен 22 жастамын. Киров зауытында жұмыс жасап жүргенмін. Сол жердің жатақханасында тұрамыз. 17-желтоқсанда зауытта істейтін он-он бестей жігіттермен жиналып, алаңға бардық. Бізді барғаннан «қайтыңдар, жиналмаңдар мұнда, тұруға болмайды» деп қуды. Лозунгілермен, үндеу қағаздарымен  жүрген жастар тарай қоймады. Керісінше, аяқ басар орын қалмады адамның көптігінен. Трибунаға шығып та сөйлеп жатты. Бәрі бейбіт түрде өтіп жатқан. Сағат үштерге қарай арнайы топ келіп, сыртымыздан дубинкалармен соққылап, үйретілген иттері бар, көлікпен су шашып берекемізді қашырды. Жастар намыстан өртенердей болып, қазақтарды сонша қорлағанына ашуланып, төбелес басталып кетті. Алаңға кірген адам шыға алмайды. Айнала қан-жоса. Еске алудың өзі қорқынышты. Әйтеуір әбден соққы жеп, қашып қала шетіндегі ағамның үйіне жеткенімді білемін.

  

Жұмагүл  Байсеркенова, желтоқсаншы:

Мен ол кезде 21 жастамын, Алматыда жұмыс жасап жүрген кездерім. Тұрмыстамын, бір балам бар сол сәтте. Алаңға шығып жатқандарды көріп, жанымыздағы құрбыларымызбен, біз де қосылайық дедік. Тағайындалған жаңа басшыға қарсылығымызды білдірейік деп бардық. Екінші күні, яғни, 17 желтоқсанда сол жерде болдық. Көтерілістің қызған сәті. Су шашып, ұрып, қуалап жатқан жендеттер. Қашып бара жатып бір сәтте артымнан соққыны сездім, арғы жағын білмеймін. Бәрімізді бір жүк көлігіне тиеп алған екен. Еміс-еміс есімді жиғаным сол еді, менің қимылсыз жатқаныма «Әй, мынау өліп қалған ғой, тастап кетіңдер, лақтырып» деген сөздерді естідім сыртымнан. Одан кейін не болғаны да беймәлім. Білмеймін қалай, әйтеуір, бір уақыттарда оянсам күл-қоқыстың ортасында жатырмын айдалада. Үсті-басым қан-жоса. Сүйретіліп, әрең қаладағы пәтеріме жетіп, артынша бірден ауылға аттанып кеттік.

 

Жанат Атабаев,

«Желтоқсан ақиқаты» республикалық патриоттық қозғалысы ұйымының аудандық бөлімінің төрағасы:

Желтоқсанның ақиқаты әлі де түгел ашылған жоқ. Көп құжаттар қасақана жойылып, мәліметтер ғайып болған. Ең бастысы, бәрімізге белгілісі – сол кезде алаңға шыққан бойында намысы бар қазақтың ұлдары мен қыздары. Ал, Абай даңғылынан төмен қарай түссең бәрі тып-тыныш, күнделікті тіршілік. Ешкімнің ештеңемен шаруасы жоқ. Оларға кімнің сайланып, тағайындалып жатқаны бәрібір сияқты. Дәл солай қаланың жоғарғы жағына қарай жүрсең де күйкі тірліктен басқамен бастарын қатырғысы келмейтін адамдар. Алаңдағы жастардың ұлт намысы үшін қанға бөгіп жатқандығынан хабары да жоқ, тіпті, хабары болса да ісі жоқ. «Аш пәледен қаш пәленің» кебінде еді. Ал, орталықта болашақтың қамы үшін күрес жүріп жатқан-ды. Ол жерге тек жүрегінің түгі бар, қазағым деп намысты бәрінен жоғары қойып, жанын шүберекке байлаған жалынды жастар жиналған еді. Олардың қазақ тілі, елі, жері үшін күресіп жатқандығы ұлтшылдық деп бағаланып, жаншылды. Ал, сол кездерде, мысалы, қоғамдық көліктерде болсын, қазақ пен қазақ өз тілінде сөйлеп тұрса түртпектеп, «чего на своем разговариваете? Это не культурно. Говорите на русском» деп тыным бермегені, қарапайым ауылдың қазақ баласына жоғарғы оқу орнына түсу үшін орыс тілін білуге міндетті болғаны – бәрі жиналып, бір сәтте бір шешімнен кейін жарылған уағы еді. Желтоқсанға қатысқан кез-келген ұлдар мен қыздар мен үшін қаһарман. Олардың ішінде қаншамасы ақталмай жатыр әлі де. Көтеріліске қатысқандардың дені негізінен көкірек көздері ояу, жалындаған, сауатты студент жастар еді. Ал, оларды бұзақылар, маскүнемдер, ұлтшылдар деп шығарды. Неге ондай жағдайларда, мысалы, орыстар патриоттар болады да, ал байғұс қазаққа ұлтшыл, бірлікті бұзған деп айып тағылады. Керісінше, қазақ жастары патриоттықтың жоғарғы үлгісін көрсете білді сол қанды күнде. Қазақ жастарына жасалған әділетсіздік, шындықтың беті тұмшаланып, ақиқаттың әлі сыртқа шықпағаны – өкінішті. Қанша қыршынынан қиылған қазақтың бозбалалары мен бойжеткендері құрбан болды. Денсаулықтарынан, болашақтарынан айырылды. Арамызда жүрген желтоқсаншылар – ертеңгі тарих, бүгінгі күннің батырлары. Оларды көздері тірісінде қадірлеп, тиісті құрмет көрсетілуі керек. Біле білсеңіздер, көтерілісті жаншып, басқаннан кейін де қазақтарға қарсы сұмдық іс-әрекеттер жалғасып жатты. Орыс жұмысшыларының қолына арматуралар беріп, көшеден көрген кез келген қазақты соққыға жығуға рұқсат берілді. Мейлі, ол жас па, кәрі ме, ер ме, қыз ба, тіпті, балалы ана ма бәрібір. Көздеріне көрінгенін көшеде ұрып, соққыға жығып жатқандарына куә болдық. Сондай бұзақылықтары ескерусіз қалып, ел намысы үшін күрескен қазақ жастары бірнеше жылдарға сотталып кете барды.

 

P.S. Иә... Ағаларымның естеліктерінен жаным түршігіп, әпкелерімнің көз жасын сығып отырып баяндаған бастан кешкендерін жанарымнан жас құрғамай тыңдадым. Тәуелсіздіктің құрдасы бола тұра, осынау Ұлы күнге жетуге атсалысқан батыр адамдармен жүздесіп, сұхбаттасқаныма шүкірлік еттім. «Мың өліп, мың тірілген» батыр халықтың қызы болғанымды мақтан тұттым Тәуелсіздіктің тойына ғана куә болып жүрген, құрдастарымдостарым, қастерлі күннің артында қаншама құрбандықтың ізі жатқанын ұмытпайықшы!                                              

 

 Алмагүл НҰҒМАН.

Read 216 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама