Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 27 Желтоқсан 2018 14:41

Тарихтан тәбәрік

Тарихтан тәбәрік https://www.google.com/imgres?imgurl=https%3A%2F%2Flediplus.ru%2Fwp-content%2Fuploads%2F2015%2F12%2Fnovogodnjaja-elka-i-kosmos.jpg&imgrefurl=https%3A%2F%2Flediplus.ru%2Fchto-nuzhno-znat-o-novogodnej-elke-ukrashenie-mesto-raspolozhenija-horovod%2F&docid=6n

  Жаңа жыл – бүкіл әлем ерекше күтетін, қуанышқа толы ғажайып мерекелердің бірі. Баршамыздың жадымызға жаңа үміт, жаңа сенім ұялатып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. өзімізді тап бір ертегі қаһармандарындай сезінуімізге мүмкіндік береді. Ал сыйлықтар туралы айтпаса да түсінікті шығар Аяз Ата мен Ақшақарға шын жүректен сеніп, тіпті, хат жазатынымыз да бар. Келе жатқан жылдан ерекше бақыт күтетініміз де баршамызға аян. Ал бұл мереке қалай пайда болды? Тек христиандар тойлайтын мереке ме?

  Түрлі тарихи басылымдарда жаңа жылды әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрін Ресейде 1700 жылы қаңтардың 1-інде І Петрдің енгізгені, әрі өзі басқарған Мәскеудегі мейрамның таңға дейін созылғаны жазылып жүргенімен, бірқатар этнограф-тарихшылар қыпшақтарда да шырша мерекесі болғанын, көшпелілердің де тойлағанын жазады.  Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында «Шыршалар мерекесі» деген тарауында ежелгі алтайлықтар шырша мерекесін 25 желтоқсанда күннің түнді «жеңген» сәтіне, күннің қайта оралғанына қуанып тойлай бастаған. Дұғаларымыз Тәңірдің құлағына шалынса деген үміт-арманмен сүйікті ағаштары – шыршаны үйлеріне әкеліп, бұтақтарын неше түрлі шүберектермен әсемдеп, дөңгеленіп қол ұстасқан қалпы шыршаны айналып: «Түн кетіп, күн келсін» деп ән салғандығын жазады. Осылайша «үлде мен бүлдеге» оранған шырша мерекесі І Петр патшадан да әріде болғаны баяндалады.

  Белгілі этнограф, тарихшы Ақселеу Сейдімбек жаңа жылдың көшпелілер мейрамы екендігі туралы:«Өмір – тіршілікте шарттылықтар өте көп. Солардың ең ғажабы – адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар, Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді және тойлайды. Ол мейрамға «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-і Исаның туған күні деп тойлайды», – дейді өз еңбегінде.

  Ал ресми деректерде ежелгі заманда адамзат біткен жаңа жылдың басын көктемде мерекелейді екен. Күн мен түн теңеліп, табиғат оянып, дала нұрға бөленіп,малдың аузы – көкке, адамның аузы аққа тиіп, қыстан аман шыққанына қуанып, мейрамға айналдырған. Бұл дәстүрді бұзып, Ежелгі Римнің императоры Юлий Цезарь жаңа күнтізбе ойлап тауып, жылдың басын 1 қаңтарға белгілейді. Көршілес орыс жеріндегі Жаңа жыл да патша заманында 1 қаңтардан басталған. Атап айтқанда, І Петр 1700 жылы бұған дейін көктемде тойлайтын Жаңа жыл енді 1 қаңтарға ауыстырылсын деп бұйырады. Өзі түнгі сағат 12-де далаға от алып шығып, оны аспанға қарай шашқанда «Жаңа жыл есіктен енді» деп есептейтін болған. Отшашу дәстүрі содан қалған деседі. Патша дәуіріндегі дәстүрді 1927-1936 жылдар аралығында қызыл коммунистер тойлаудан бас тартады. Осыған орай, 1936 жылы «Правда» газетінде Постышев «Жаңа жылға қарай балаларға арнап шырша ұйымдастырайық» деген мақаласында Қазан төңкерісіне дейін бай-шонжарлардың балаларына арнап шырша өткізгенін, сол кешке қатысқан бай балаларына кедейдің балалары терезе сыртынан қызыға қарап тұрғанын, сол үрдісті «ескінің қалдығы» деп бас тартқанын, ол дұрыс емес екенін айтып, «бүкіл колхоздарда шырша тойлансын, комсомолдар атсалыссын, мектептер, театрлар мен жетімдер үйінде шырша орнатылып, көңілді кеш ұйымдастырылсын», – деп үндеу тастайды. Сталин Жаңа жылды тойлауға рұқсат бергенмен, 1 қаңтарды күнтізбеде жұмыс күні ретінде белгілейді. Ал Кремльдегі ең алғашқы бүкілодақтық шырша 1954 жылы тойланады (оған дейін Одақ үйінің залында тігілетін шырша). Бұл үрдіс, тіпті, 1941-1945 жж. соғыс кезінде де жалғасын тапқан. Жау тылына жақын қалған кезде советтік жауынгерлердің қолдарына темір бақырларын ұстап түскен мерекелік суреттер көп қазір архивтерде. Шыршаға қатысты тағы бір қызық мәлімет, 37 жылға дейін шыршаның басына 8 бұрышты жұлдыз қойылса, КСРО кезінде бұл Сталиннің бұйрығымен, 5 жұлдызға өзгертілген.

  Бүгінде Жаңа жыл бірқатар мұсылман мемлекеттерінде де атап өтіледі. Мәселен, Египет, Ливан, Сирия, Біріккен Араб Әмірліктері. Себебі сан алуан: Египет пен Ливанда жергілікті тұрғындар қатарында христиан арабтар бар. Ал Сирия туризмді дамытуға мүдделі болғандықтан, ол жаққа қарай ағылатын христиан туристер өздерінің діни мерекелерін бірге апарып, жергілікті халықтың салт-дәстүріне сіңірген.

  Қазақстанда, әлбетте, Жаңа жылды атап өткеніңіз үшін заң алдында жауап бермейсіз. Сол күні ақ дастархан жайылып, тәтті тілектер айтылып, бір-бірімізге сыйлықтар береміз. Қарбалас тіршілікте басымызды қосып, сыйластық танытатын бұл мерекенің еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Тек дарақылыққа салынбай, шегімен болса. Сөз соңында сіздерді бүгінгі жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Тәңір әрбір жақсы тілектеріңізді қабыл етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

 

Мәліметтер turkystan.kz

сайтынан алынды.

Баспаға әзірлеген

Жансая ЫСҚАҚ.

Read 39 times

Күнтiзбе

« Қаңтар 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама