Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 10 Қаңтар 2019 15:53

Тау тұлға биіктейді жылдан жылға

Тау тұлға биіктейді  жылдан жылға mezet.kz

  Үмбетұлы Тоқатайдың  ұлы Рақымжан батыр 1923 жылы 5 қаңтарда Қаракемер ауылдық кеңесі, Киров атындағы колхозда дүниеге келген. 10 жасында әкеден жетім қалып, шешесі Ұлжалғас, әпкесі Ратай, інісі Рахымбаймен бірге тағдыр  тауқыметін тарта жүріп  ер жетеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда 17 жаста  болған екен. Бір жылдан соң 1942 жылдың  9 тамызында, кіп-кішкентай «қалақтай» ғана  бозбала өзі сұранып майданға аттанады. Бір күндік  ұрыста соғыстың соңында ғана  жаудың 9 танкісімен 4 броньды машинасын жойып Батыр атанған екен. Әскери борышын  абыройымен өтейді.

  «Жақсының аты,ғалымның хаты өшпейді».  Атың өшпеу үшін, артыңда өшпейтіндей ісің қалу керек шығар. Ұшқыр уақыттың  шапқан аттай тасырлап өтіп жатқаны-ай?!. Тірлік деп тыпырлап жүріп Алатаудай асқар биік ағамызды мәңгілік мекенге аттандырғалы да 7 жылдың жүзі болыпты. Тірі болғанда биыл 96-ға келеді екен. Алланың әр пендеге берер жасы мен  маңдайдағы тағдыр-пешенесі бар. Одан ешкім де аса алмайды. Фәни жалғаннан өткен пенденің артында ұрпағы, атын атар ел-жұрты болса мыңдаған жылдар бойы өлмейді де, рухы өшпейді де. Тәубә. Ұрпағы да қайысқан қалың елі де бар. Жыл сайын туған күні өзі болмаса да аталып отырады. Бұйыртса, 2023 жылы 100 жылдық мерейтойын да атармыз....

  Батыр ағамыздың сан-салалы өмір жолын жіліктеп, оның кім екенін, өмірдің  ыстық-суығына қалай қақталғаны, білімін, біліктілігін, бүкіл адами болмысын,  басы мен аяғы көк пен жерге  астасып жатқан салиқалы өмір жолын түсіндіріп қайталаудың өзі артықтау. Өзінің әлемге әйгілі батыр даңқын, асқақтаған атағына арқаланып кеудесін керген емес. 88 жас жасаса да сәбидей пәк, таза, ақ көніл, аңғал, кең пейіл кейпінен өзгермей кетті. Тым қарапайым адал жан еді. «Тау  алыстаған сайын биіктей береді» демекші, жыл өткен  сайын орны ойсырап, сағыныштың мұңлы  сезіміне  еріксіз бөлейді. 

  Соғыс туралы сұрай қалсаң әдемі, мейірімді жүзімен көзі бірден солғын тартып кететін. Соғыс туралы айтуды аса қаламайтын.

– Соғыс деген апат қой, айналайын. Менің тілегім енді  соғыс болмасын. Ондай соғысты ешкім де көрмесін. Балшықпен шыланып  су толған окоп – төсек, оқпен түтін иісінен қарауытқан ашық аспан асты – үйіміз болды. Зілдей ауыр зеңбіректі қысы жазы жаяу сүйреп қабырғамыз қайысқан күндер мен жылдарды қалай ұмытам. Жап-жас боздақтардың  аспаннан түскен бомбамен, танк, зеңбіректен атылған снарядтардың астында қалып, сүйектері жаңқадай шашылып, әп-сәтте  пулемет  пен автомат оғынан опат болғандарын қалай ойдан шығырамын – деп, ауыр күрсінетін Рақымжан ағам.

  Адамдықтың,  тірлік  мәнінің,  достықтың қадірін  шынайы  түсінген  жанның бірі еді. Ысқыра атылған оқ пен снаряд, бомбалар-дың жойқын  жарылыстары сәл саябыр тартқан  тұстарда, жазып сызып қоятын,   төс қалтасына салып, жүрегінің сыртына кеудесіне шаптап, жатса-тұрса  өзімен бірге болған қойын кітапшасын қызы Гүлнәр көзінің қарашығындай сақтап отыр.  Сарғайып сартап болған майдан даласында жазылған осы  күнделіктің әрбір әрпін зерттейтін болса әлі талай тарихи деректер ашылары сөзсіз. Әскери техника, соғыс алаңы, туыстар, қарулас достар мекен жайы жазылған.

  Әсіресе балалық шағының  асыл қазына-сы жан досы Рәннің әрбір хатын тәптіштеп көшіріп отырғаны өлім мен өмірдің арасында от кешіп жүрген жауынгерлердің сыры жүрегіңді шымырлатып көзге жас келтіреді.

24.04.1945 жылы жазылған хатта:

Мен жүрмін Чехословакия даласында

Хат жазам  Тоқатайдың баласына.

Ауылда бірге жүрген досым едің,

Жүрсіз сіз осы күнде қандай  халде?

Біз жүрміз алуан-алуан жер-асуда

Елді ойлап бүгінгі  күн шер басуда.

Бір жүрсек әлде  қандай болар еді

Сағыныш сөздерімді шығаруға,

Досыңыз осылай деп ой ойлауда,

Қол тиді осы күні хат жазуға.

Отырмын аппаратпен дүние шолып,

Шолпан туды, жақын ғой таң атуға.

Таң атып күннен күнге  күн өтеді,

Аман болсақ осылай жыл өтеді.

Сыйласқан қайран біздің  қызық жылдар,

Досыңыз тірлігін айтып білдіреді-деген өлең жолдары бар. (Соғыс жағдайында жазылған өлең жолдарын түзетуге қол көтерілмеді)

  Осы қойын дәптер көшірмесі, суреттер, естеліктер, әскери киім, орден медальдар, өзі тұтынған заттар барлығы да ағаның өз атындағы орта мектеп  музейінде тұр.

  Досы Рән Талдыбаев соғыста байланысшы болған. Жұбайы Дахан екеуі  6 баланы өмірге әкеліп қызығын көрді. 1971 жылы соғыстан алған жарақаты салдарынан қайтыс болды. Еліне қорған болған батырлар шынайы достық қатынастарын үзген емес.

  Бұл қанды-қырғын соғыста бір ғана  Енбекшіқазақ ауданында Р.Тоқатаев, Қ.Жа-манқараев, Т.Қабылов, Ж.Қайыпов, Петр Вихрев, Әділхан Байғожаев, Иван Беляков, Ыбырайым Қалдыбаев, Төле Кенжебаевтар Кеңес Одағының батыры атағын алды.

  Отан үшін, ел үшін құрбан болған, сол зұлматтың киындығын көріп қан кешкен мыңдаған қайсар ұл-қыздың батыр атағын алмаса да барлығы да нағыз каһарман,  бахадүрлер. Рақымжан ағаның майданда  қарулас, бейбіт өмірде қызметтес достары, туыстары Р.Кешубаев, Әбер Сабазов, Р.Кеншімбаев, Б.Құрманбаев, Р.Талдыбаев, Ә.Қойшыбаевтарды қосуға болады.

  Олардың қаны мен жанымен келген жеңістің қадірін балғын ұрпақтың зердесіне құя білу, бүгінгі орта  буынның  парызы мен мойнындағы қарызы деп білемін.

  Ағаның алдында туған баласындай еркелеп өстім. Менің әкем  Стамшалмен Роза, Лиза әпкелеріміз туыс болып келеді. Біздер – Торайғыр тауымен ұштасқан, Қулық тауының сағасындағы Көртоғай-Шарын шатқалының үстіртіндегі  Ұзынбұлақты мекен еткен Бәйдібек пен Домалақ ана  ұрпағы Абыз Әлмеректің ұлы Баба ұрпағымыз.

  Роза, Лиза деп аттарын атамай еркелетіп «екі қыз» атаған қыздың кішісі Лиза, марқұм әкем Стамшалдың мектепке бір сиясауытты  кезектесіп көтеріп апаратын бала досы, құрдасы.

  Ұзынбұлақтың қасиетті қаратасына қайралып, шыңдалып өскен, суарылған қылыштай,  кезі келсе кесіп түсер турашыл қайран менің асылдарым – қадірлі әкем, аяу-лы әпкелерім-ай?! Өздерің туралы бірнеше том кітап жазылса да, өткен өмірлеріңмен ел жұртқа жасаған жақсылықтарың сыймас еді...

  Роза әпкеміз, ботакөз, әппақ дөңгелек  жүзді, бұрымы тоқпақтай, нағыз хас сұлудың өзі болған. КазПИ-дің филфагында  2 курста оқып жұріп, физмат факультетінің студенті, жігіттің сұлтаны,  батыр ағамызға тұрмысқа шығады. Ерін сүйген, ерін сыйлаған ұстамды әпкем, отбасылық ынтымақты қарым-қатынастарына селкеу түсірмей елу жыл тату-тәтті өмір сүрді. Үш ұл, бір қыз өсіріп, немере сүйді. Әр істе еріне ақыл қосып, қолдау жасап сүйеніш бола білді. Өтпейтін өмір, сынбайтын темір болмайды. Туыстардың, жанына жақын жандардың қамын ойлар қамқоршы, бауырмал әпкем 68 жасында ұзақ науқастан бақилық болды. Адамгершілігі мол, кең ниетті жан еді.

  Батырдың жұбайымын деп қатарласып мінбеге шығып, ел алдында жүрмеді. Ерінің жағдайын жасап, іздеп келіп сәлем берер ел жұртқа берекелі дастарханын жайып,  отбасының сәнін келтіріп, кімді болса да қуана қарсы алатын алтын қазық – ошақ иесі еді. Өзіне айтылар мадақ сөз болса, тіршіліктің қажеттілігі санап, өзіне назар аударғанға ұялатын да еді ау?!

  Олар – ұстаз, үлкен әріпті ұстаз болды. Тәрбиелеп өсірген шәкірттері бүгінде шетінен белгілі биік өр тұлғалар. Олардың атын ұстаздарымен қоса, мақтанышпен қай-қайсымызда атай аламыз. Мысалы ақын Т.Молдағалиев, тележурналист Нығмет Әбенов, полиция қызметкері Оразбай Жалғаубеков, генерал Асыл-Кеней, әкім Асыл Байтулақов, журналист Мұрат Нақатаев, аудандың маслихат хатшысы Бекет Ахметов, Ботай Ақтаев, Рақымжан Ғаниев сияқты азаматтарды атауға болады.

Тірісінде аз адам жұртына аңыз,

Бәрімізде болуға ұмтыламыз,

Пендеміз ғой, пендеміз! – деп Нұрлан Оразалин ақын ағамыз айтқандай, сол деңгейдің  шаңына ілесуге тырбаңдап ұмтылғанымыз-бен аңызға айналу бақыты, мыңнан бір асыл туған пенделерге ғана бұйырары хақ.

  Бүгінде, Есік қаласында қазақ орта мектебі, үлкен даңғыл көше батыр атымен аталады. Туған ауылы Каракемерде Қ.Жаманқараев пен қатарласа тірі кезінде ескерткіш – бюст орнатылды.

Алтында да, алмаста емес жалтылдаған

Бір сый бар, аға, саған тартылмаған!

Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,

  Сыйдан да он есе артық даңқың маған - деп  аңыз ғып, Бауыржандай батырды жырға қосып, өзі де аңызға айналған ақиық ақын Мұқағалилармен бірге асыл бейнесі сәулелі нұрын шашып, түнде тура жол сілтеп темір қазықтай жарқырап, күндіз қазағымның көк байрағында рухы желбіреп, жебеп, күш-куат  беріп тұрғандай. Елі алақанына салып аялаған аңыз адам, Рақымжан ағамызды алла алдынан жарылқасын, ақыреттік өмірде де тіршіліктегідей дәрежесі жоғары болуын нәсіп етсін деп дұға тілеу ғана.

  Өлгендер қайтып келмейді арамызға. Иәә, бір кем дүние, Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай...

 

Айгүл Стамшалқызы.

Read 58 times

Күнтiзбе

« Қаңтар 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама