Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 17:39

Қуаныштар еселенген күн

Қуаныштар еселенген күн mezet.kz

Тарих таразысы қатал, сүзгісі тым майда. Сондықтан болар, уақыт желісімен талай «менменнің» мысы басылып, бастапқы биігінен көш кері қалатыны. Бұл тек ХХ ғасырдың Пайғамбары атанған Дінмұхаммед Қонаевқа тиесілі емес. Себебі, саф алтын су астында жатпайды. Адалдықтан аттамаған жанды Жаратушымыз да жақтайды. Елдігіміздің іргесін қалауда табанды еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлының туғанына 12 қаңтарда 107 жыл толып отыр. Осыған орай есімін адал арқалаған Түргендегі мектеп келелі ісін дәстүрлі жалғастырды. Бұл жолы ел басқарған жылдары қайраткердің хатшысы болған Бауыржан Сабырбаев демеуші болып мұражай ашты. Сондай-ақ, сол күні «КазИнтерСервис» компаниясының басшысы Төлебай Төлеповтың демеушілігімен заманауи мұғалімдер бөлмесі және ұстаздарға арналған психологиялық демалыс кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Оған ҚР Қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев арнайы келді. Құрметті қонақ қызыл лентаны ардагер ұстаздармен бірге кесті.

Игі жақсылар алдымен Дінмұхаммед Ахметұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейіннен ел ағалары мұражайдың лентасын қиып, аналарымыз шашу шашты. Б.Сабырбаевтың қолдауымен ашылған Д.Қонаев атындағы мұражай 6 бағытқа бөлінген.  Бұл турасында: – Бірінші, екінші бағыттар Дінмұхаммед Қонаевтың жас кезі, отбасы туралы кеңінен мәліметтер топтастырылған. Үшінші, төртінші және бесінші бағыттарға Димаш атаның «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытқан емеспін» деген тақырыбын бойтұмар еттік. Онда ел басқарған жылдардағы тарихи жолы толық көрініс тапқан. Мұндағы құнды экспонаттарды біз Бауыржан Сабырбаев ағамыздың ықпалымен Алматыдағы орталық мұражайдан алып келдік. Ал алтыншы бағыт «Менің кіші Отаным» деп аталады. Онда табиғаты саф Түрген ауылының құндылықтары, мектебіміздің жетістіктері бейнеленген. Бұл мұражайдың басқа мұражайдан ерекше тұсы – Дінмұхаммед Қонаевтың өмірбаянын, жүріп өткен жолын бейнелейтін видеороликтер үлкен экран арқылы көрсетіліп тұрады, – дейді директор орынбасары Наргиза Сейдаметова. Алдағы уақытта түрлі танымдық кездесулер, оқушылар арасында пікірталастар осы мұражай ішінде өткізілетіндігін де айтты НаргизаТолыбайқызы. Ол үшін арнайы үстелдер мен орындықтар, ноутбуктар да қойылған.

Ал заманауи мұғалімдер бөлмесінде 8 компьютер тікелей жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Сондай-ақ, кіші конференция өткізуге арналған үстел де орналастырылыпты кабинет ішінде. Бұл турасында кеңінен әңгімелеген директор орынбасары Гүлжан Ақтамқұлова: – Мұндағы компьютерлер облыстық және министрлік тарапынан жылдам ақпарат тарайтын чаттарға толық қосылған. Сол арқылы ұстаздарымыз күнделікті жаңалықты күнде біліп отыруға мүмкіндік алды, – дейді.

Ұстаздар демалатын бөлменің маңыздылығы жайында да айтып берді директор орынбасары: – Бір ұстаздың өзі орташа алғанда күніне 100 балаға дәріс береді. Жүз баланың психологиясы да жүз түрлі. Бірі қағылез, енді бірі ақпаратты баяу қабылдайды. Одан өзге заман талабына сай электронды күнделіктерге әрбір баланың үлгерімін белгілеп шығады. Мұның бәрі ұстазға психологиялық қысым келтіретіні ақиқат. Осы ретте біз бір сәт болсын миын тынықтырып алсын деген мақсатта арнайы кабинет жасақтауды жөн көрдік. Директорымыз Римма Әуесханқызы – Бізге шаршаңқы ұстаз керек емес. Әр іске ынтасымен кірісетін мұғалімдер керек, – деп үнемі айтып отырады. Енді әрбір ұстаз бір сәт осы кабинетке келіп, газет-журналдар оқуына, кішігірім шай-кофе ішуіне мүмкіндік туғызылып отыр. Бұл өз кезегінде ұстаздарымыздың бой сергітіп, тың күш-қуатпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді. Айтып өтейік, өткен жылдың басында Төлебай Төлепов демеуші болып, заманауи биология кабинеті де ашылған еді мектепте.

Жиылған көпшілік акт залда бас қосып, елі Димаш деп еркелеткен абзал ел ағасын еске алды. Көзін көрген, қызметтес болған Серікбай Өрікбайұлы, Бауыржан Сабырбаев есте-ліктерін тыңдады. Кейіннен әнші Гүлнұр Оразымбетова көпшілікке әннен шашу шашты.

Шара соңында округ әкімі Бота Елеусізова, мектеп директоры Римма Ахметова мектеп ұжымына, оқушылар мен ата-аналарға мол қуаныштар сыйлаған демеушілерге ыстық ықыласын білдіріп, естелік сыйлық пен Алғыс хаттар табыстады.

Кейіннен марқұмның әруағына құран оқылып, ас берілді.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

 

Read 121 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама