Бейсенбі, 31 Қаңтар 2019 16:01

«Археология – күрекпен қаруланған тарих»

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Төреәлі Төлегенов:

«Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қай заманды алсаңыз да, тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастыру, мемлекеттік идеологияны насихаттау, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қызметін атқарған. Осы тұрғыда мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым» дей отырып, «Тарих дегеніміз – тек өткеннің сабағы ғана емес. Ол – едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі» деген тұжырымын алға тартты. Расында, тарихи таныммен ұрпақ өсіп-өнеді, олардың ұлттық санасы қалыптасады. Өткенін өлшеп, қазіргісімен мақтанып, болашағын болжайды. Ал, тарихты қалыптастыратын әрі зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір ерекшелік – қазба жұмыстары арқылы табылған тарихи жәдігерлер. Биік-биік үйілген төбешіктер мен қорымдар. Адам қолымен тасқа қашалған жазбалар мен бейнелер. Қарапайым көзге жәй ғана жазық болып көрінгенімен, бар құпияны қойнауына жасырған далалар. Әсіресе, «Алтын адамымен» әлемге танылған Есік қаласының аумағы – тарихи мол мұраның қоймасы десек артық айтпаспыз. Оған дәлел, бұрынғы қазбалардан өзгерек 2017-2018 жылдары «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси аймақтық археологиялық институты (ҚХР) бірлесіп, Іле Алатауының етегіндегі тегіс келген екінші терассаның солтүстік шетінде, Тасмұрын шатқалына кіреберіс тұста орналасқан атақты сақ-үйсіндердің Рахат қала жұртына, сонымен қатар, қала маңындағы ескерткіштерге алғашқы барлау және қазба жұмыстарын жүргізгендігі. Ескерткіштің «Есік қорымына» жақын жатуы, ерте көшпелілер мәдениеті жөнінде жаңа мәліметтер алу мақсатында қалашықта зерттеулер жүргізілген-тін. Сол қазба жұмыстары барысында зерттеуге қатысып, алғашқылардың бірі болып табылған жәдігерлерді көзімен көріп, қолымен ұстаған «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері, Бекен Нұрмұхамбетовтың шәкірті Төреәлі Төлегеновпен әңгімелескен едік.

– Құрметті Төреәлі Жақсылықұлы, қазба жұмыстарына қатысты халықаралық келісімшарт жөнінде айтып өтсеңіз және оған кімдер қатысты?

– Жалпы, 2015 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шанси облыстық археологиялық мәдениет басқармасы арасында мәдени мұраларды қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы алғашқы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал, 2016 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шәнши облыстық археологиялық институтымен келісімшартқа қол қойылды. Осы келісімшарт негізінде 2017 жылдың мамыр-шілде айларында алғашқы барлау және қазба жұмыстары жүзеге асты. Бұл аса маңызды тарихи шараға өзіміздің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінен жоба жетекшісі Гүлмира Мұхтарова, көмекшілері Жазира Құрбанәлі және өзім, Шанси аймақтық археология институтынан профессор Дин Ян, Миау Ифей, Жау Хан Чин сынды көмекшілері қатынасты.

– «Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі» дейді. Өткенімізді зерттеу арқылы қандай тың дүниелерге тап болдыңыздар?

– Негізінен, халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты мақсаты – ескерткіштің стратиграфиясын, уақытын, құрылымын және археологиялық кешенін зерттеу болып табылады. Осы мақсатта қалашық маңында бірнеше барлау-бақылау кесінділері жасалынды. Археология бір орында тұрмайды, дамып барады. Археологиясы әлем бойынша қарыштап дамыған елдің бірі де Қытай. Көптеген зерттеуге қажетті техникасы мен методикасы зерттеу жұмыстарына біршама септігін тигізді. Соның бірі кез-келген тарихи жәдігер болсын, суреттің болсын үш есе үлкейтілген бейнесін алатындай  мүмкіндігі бар құрылғының болуы. Сонымен қатар, жер бедерлерін де анық көрсетіп береді. Мысалы, біз аэрофотосуреттерде көп нәрсені көрмей немесе байқамай қалуымыз мүмкін, шұңқыр жерлер бар дегендей. Бізде, мысалы, 1000-2000 суреттен ілеуде біреуі ғана анық бейне бере алады.  Ал, бұл өз кезегінде жұмыстарды қиындатпай қоймайды. Осы жолғы зерттеудің ерекшелігі де сол – жұмысымыз жетілдірілген технологиялардың арқасында тез әрі жемісті болды.

– Жер қойнауындағы жұмбақты ашу – археологтардың міндеті. Археологтардың, яғни, сіздердің бұл жолғы ашқан жұмбақтарыңыз?

– Әр жүргізген қазба жұмыстары өзінше бір әлем. Қай-қайсынан болмасын өзімізге тәжірибе алар дүниелермен танысып келеміз. Тарихта еш нәрсе із-түссіз жоғалып кетпейді. Бұл жолғы қазба жұмыстары да бұрынғыларынан бөлек. Мысалы, қалашық үш қамал кешендерінен тұратын шығыстан батысқа қарай тау сілемінде созылып жатқан жүйені құрайды. Қамалдардың көлемдері әртүрлі болғанымен, орталықтағы цитаделі мен оларды қоршаған қамал қабырғалары ұқсас келеді. Мұнда қиық пирамида тәрізді бірнеше мұнаралары бар көлемді қамал кешендерден тұратын цитадель анық байқалады. Анағұрлым көлемді мұнаралардың биіктігі 75 метрден асады. Басқа мұнаралар негізгі мұнарадан алшақ орналасқан және көлемдері кішірек болып келеді. Цитадельдің оңтүстік жағында шахристанның орны болуы мүмкін тегіс жазықтық көрініп тұр. Қалашық цитадельден шығысқа қарай созылып жатқан негіздері бірдей мұнараларды құрайтын кішірек келген, қиық пирамида тәрізді мұнаралармен жалғасып жатыр. Осы тұста айта кететін мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі, таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған, әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаның сыртынан бойлай солтүстік тұсына қарай жайыла келіп, көрінбей кетеді. Мұндай жүйе, салыстыратын болсақ, оңтүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады. Жалпы, Рахат қалашығы алаңында аумағы 32 шаршы метр құрайтын үш орынға бақылау-барлау қазба жұмысы жүргізілді. Аталмыш қазба орнынан 80 данадан астам темір, қыш, тас, сүйектердің бөлшектері табылды. Бұл бөлшектердің ішінде қызыл, қоңыр және құмды қыштар, майда және ірі құм аралас жасалған қыш түрі де кездесті. Екі түрлі қыштың күйдіру температурасы біршама жоғары болды. Табылған артефактілер негізгінен – темір пышақтар, қыш құмыралардың сынықтары, жүздері бүдірлі құралдар және бүйірі тегіс кесілген тас құралдар. Қыш құмыралардың басым көпшілігінің жиектері жалпақ, бүйірі дөңес келген. Табылған артефактілердің ішінде қыш ыдыстың бүйірлері әлдеқайда көбірек. Ыдыс тұтқаларының пішіні ойық тәрізді, жарты құлақты тұтқалар және сан алуан түрлі өлшемде болды. Қыш ыдыстарының түбі негізінен дөңес болып келгенімен, түбі тегіс ыдыстар да кездесті. Бұл ыдыстардың жасалу әдісі орашолақтау, жасалу іздері айқын емес, негізінен тым қарапайым деп айтуға болады. Қазба орнында екі жерден жиналған тастар табылды, олардың арасындағы үш тастың бір жағы адам қолымен кесілген сияқты. Табылған сәтте тастар бір деңгейде орналастырылып, тұмсықтары бір-біріне қарай бағыттала қойылған. Болжауымызша, бұл қазба орны тұрмыстық-шаруашылық шұңқыры болуы әбден мүмкін. Себебі көп мөлшерде табылған артефактілердің бәрі дерлік бүтін күйінде сақталмаған. Қазба жұмыстары барысында сиыр, қойдың сүйектері көптеп кездеседі. Сонымен қатар, жылқы және иттердің сүйектері де табылды. Бұл сүйектерді адамдар тұтынып болғаннан кейін қалдырған деген болжам бар.

– «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық» деген еді Елбасы бір сөзінде. Өздеріңіз қазба жұмыстарын жүргізу барысында қай кезеңнің мәдениетін көрдіңіздер?

– Расымен, қарап отырсақ, барлық кезеңнің мәдениеті кездеседі біздің кең байтақ қазақ жерінде. Мысалы, Рахат қалашағының маңынан сақ-үйсін кезеңінің жерлеу орны табылды. Бұл жерлеу орнын Рахат ауылының тұрғыны А.Тұрлыбаев есімді азамат Тұңғатар көшесінің қиылысында су құбырын орнату кезінде кездейсоқ байқаған. Куәгердің айтуы бойынша, су арнасын қазу барысында орташа көлемдегі өзеннің малта тастарынан құралған біраз тастар алынған. А.Тұрлыбаев түрлі өлшемдегі 2 қыш ыдысты қазып алған. Алайда, қабірдегі қыш бұйымдарының орналасқан жері белгісіз боп қалды. Сыртқы сипаты мен ыдыстың пішініне қарағанда, бұл жерлеу орнын сақ-үйсін дәуірі деп болжауға болады. Осы маңда басқа да жерлеу орындары болуы әбден мүмкін. Жоғарыда аталып отырған қыш бұйымдар қорық-музейдің қорына сыйға беріліп, олар қалпына келтіріліп, ғылыми тұрғыдан құжатталды. Қазіргі уақытта табылған қыш бұйымдардың сынықтары негізінде, Рахат қала жұртының мәдени қабатының ең кейінгі кезеңі орта ғасыр, яғни XIII ғасырды қамтиды, ең ерте кезеңі ерте темір дәуірі (б.з.д VII-III ғғ.) болуы мүмкін. Археологиялық барлау мен жүргізілген қазбалар нәтижесін қортындылай келе, Есік және Түрген өзендерінің аралығында, Қайназар, Рахат, Өрікті және Алмалы ауылдарының маңындағы ұзындығы шамамен 30 шақырымға созылған алапта біршама қоныс орындары бой көтерген деп айта аламыз. Есік қорымына қарама-қарсы тұста орналасқан Рахат қала жұрты басқа ескерткіштермен салыстырғанда аумағы мен көлемі аса үлкен болғандықтан Рахаттың мәртебесі жоғары болған деп есептейміз. Рахат қалашағына ұқсас ескеркіштер кешені Оңтүстік Қазақстан, Алтай және Сібір өңірлерінің ерте темір дәуірлеріне қатысты қалалық жүйелерде кездеседі. Бірақ қазба жұмыстары аяғына дейін толық жетпегендіктен, нақты тұжырым айтуға әлі ерте. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет.    

– Тарих жолы қашанда тайғақ. Нақты заттай деректер мен фактілер болмаса, шындыққа жетуде адасып қалуымыз мүмкін. 2018 жылы жүзеге асқан қазба жұмыстары барысында нендей фактілермен қаруландыңыздар?

– Рас айтасыз. Оның үстіне біз қазба жұмыстарын ашық аспан астында жүргіземіз. Ол өз кезегінде бірнеше кедергілерге соқтырады. Табиғаттың түрлі мінезі бар: жауын, жел сияқты. Кішігірім су тисе де құрамын өзгертіп немесе бүлініп қалуы мүмкін табылған зат. Ал, салыстырмалы түрде айтайын, Қытай еліндегі қазба жұмыстарына да қатысып келдік келісімшарт негізінде. Сонда байқағанымыз, ол жақта қазба жұмысын жүргізетін аймақты белгілегеннен кейін үстіне арнайы шатыр орнатылып, зерттеу жұмыстары жабық түрде өтеді екен. Есесіне, ешқандай бүліну болмайды. Сонымен, өзіміздің жердегі қазба жұмыстарына оралайық. Қалашықтың оңтүстігінде орналасқан этнографиялық жерлеу орындарында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерден 14 адамның, 2 жылқының қаңқа сүйегі табылды. Сонымен қатар, бірнеше орындарынан табылған күл шұңқырларын тазалау жұмыстары аяқталды. Олардың ішінде екеуі тікбұрышты ақым қабір болса, екеуі топырақ қабір. Қабірлерден шыққан адамның бас сүйегі солтүстік-батыс жаққа қаратылып, шалқасынан екі қолы кеудесіне қойылып жерленген. Бойлары ұзын, шамамен 1,8-2 метр, дене бітімдері ірі болғанға ұқсайды. Ал, жылқылар арнайы адам қабірханасының жанында орналастырылған. Жылқылардың басы батысқа бағытталып, төрт аяғы бүгіліп, секіруге ынталанып тұрған күйде жерленген. Жылқының дене сүйегінің маңында бірнеше ат әбзелдерінің қалдықтары да табылды.  

– Археология – «күрекпен қаруланған тарих» деп айтылады. Бұл жолғы «күректі» еңбектеріңізден не күтеміз және қандай болжамдар жасалуда?

– Жалпы, жұмыс нәтижелі болды деп толыққанды айта аламыз. Себебі, зерттеу жұмысының бірінші күнінен-ақ қыш ыдыстардың бөлшектері мен мал сүйектері табылды. Рахат қала жұртының ежелгі қоныс иелерінің мәдени қалдықтарын жүйелей отырып, осы аумақтың ең ертедегі мәдени қабатының жасын анықтау – алға қойған мақсатымыз еді.  Қызығы, болжам демекші, дәл осы қазба жұмыстары жүргізілген жерлерге зерттеу жүргізу керек екендігін бұрынырақта Бекен Нұрмұхамбетов айтып кеткен болатын. Сол кісінің айтқандары дәл келді десек те болады. Біздің бастапқы шым-топырақ қабатын тазарту барысында шөп пен топырақ қабаты қалыңдау келгенін байқадық. Ол өз кезегінде күрекпен жұмыс істеуге қолайлық туғызды. Рахат қалашағына ұқсас ескеркіштер кешені Оңтүстік Қазақстан, Алтай және Сібір өңірлерінің ерте темір дәуірлеріне қатысты қалалық жүйелер де кездеседі. Бірақ қазба жұмыстары аяғына дейін толық жетпегендіктен, нақты тұжырым айтуға әлі ерте. Болашақта зерттеулерді одан әрі жалғастыра отырып ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтерді алу үшін қазбаның аумағын ұлғайта түсу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!                                                                                                                                                                        

 

Әңгімелескен Алмагүл НҰҒМАН.

Оқылды 1648 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет