Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Наурыз 2019 18:35

Түркі әлеміне әйгілі Алтын адам

Түркі әлеміне әйгілі  Алтын адам mezet.kz

Ақпанның соңғы күндерінде Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің акт залында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Түркі әлеміне әйгілі Алтын адам» атты аудандық конференция өтті. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау, жастарға ұлтжандылық, патриоттық тәрбие беру мақсатында өткен конференцияға аудан жастары, тарих пәнінің мұғалімдері, музей және мәдениет қызметкерлері қатысты.

Есік қорғанынан табылып, бүгіндері тек қаламызды ғана емес бүкіл елімізді әлемге танытқан «Алтын адамның» тарихын насихаттауға бағытталған шарада алғашқы болып сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева рухани жаңғыруымыз – өткенімізді білуден басталады дей келе, өткізіліп отырған конференцияның маңызы мен өзектілігіне тоқталды. Ал, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Әсел Амарғазиева «Алтын адамның» ақиқаты мен аңызын салыстыра отырып, көпшілікке беймәлім тың мәліметтермен бөлісті. Мәселен, «Алтын адамның» табылған жылы біраз кітаптарда жазылып кеткендей 1969 емес, шындығында ол жылы тек экспедиция жұмысын бастап, 1970 жылы Бекен Нұрмұхамбетов тоналмай сақталған қабірді байқап, сол қабірден сақ ханзадасының қаңқа сүйегі алынғандығын айтты көпшілікке ғылыми қызметкер. Бекен Нұрмұхамбетов тоналмаған қабір жайлы Кемал Ақышевқа хабарлап, жедел түрде сол жерде қазба жұмыстарын жүргізуге археологтар  барғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Есік» археологиялық-өлкетану мұражайының директоры Нариман Тойжанова қаламыздағы алғашқы мұражайдың қалай бой көтергенін, оның қала тұрғындары өміріндегі маңызына тоқталды. Аудандық балалар мен жасөспірімдердің туризм және экскурсия орталығының қосымша білім беру педагогі, тарихи-өлкетану үйірмесінің жетекшісі Жанатгүл Бүтімбаева да жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарына сараптама жасап, жасөспірімдер үшін өлкесін таныту жолындағы еңбектің жемісті жүргізіліп отырғанын ортаға салды. Тарих пен мәдениеттің тың мәліметтеріне қаныққан көрермендер аудан өнерпаздарының концертін тамашалап, рухани байып қайтты.

 Алмагүл НҰҒМАН. 

Read 90 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама