Жұма, 13 Сәуір 2018 16:34

Ерлікке пара-пар ғұмыр

Шелек тарихи-өлкетану музейінің әр залының өзіндік тарихы, атауы бар. Ежелгі замандардың көне жәдігерлерінен бастап «Ерлік», «Еңбек даңқы» залдарында тұрған стенділерге ілінген фотосуреттерде бейнеленген әрбір жан өткен өмір шежіресін айтып, сенімен тілдескендей болады.

«Болашағыңнан үміт етсең, өткенді ұмытпа».

халық нақылы.

Музейге үлкен де, кіші де келеді. Оны қызықтап, аралап жүргендердің кейбіреулері: «Бұл суреттегі адам кім? Шелек аймағына қандай еңбек сіңірген?» – деген секілді сұрақтар қойып жатады. Сондықтан жұмыс барысында архивті ақтарасың, көне-көз қариялармен әңгімелесіп, дерек іздейсің. Сонау 1920 жылдан 1960 жылға дейінгі аралықта (және одан кейін еліміз егемендік алған жылдарға дейін де) өмір сүріп, еңбек еткен адамдардың көпшілігінің ғұмыры ерлікке пара-пар екен-ау. Киерге киімі, ішерге асы тапшы болса да тәубесінен айырылмады. Небір нәубет пен зұлматты бастан өткізсе де рухы түспеді. Бастарына қара бұлт төнсе де жігерлері мұқалмаған, жасымаған, неткен шымболаттай мықты десеңші. Осындай азапты өмірдің өзінде болашаққа деген сенімін жоғалтпай, арман отын сөндірмеді. Міне, сондай қайсар жандардың музейде суреті ілулі тұрғандарының бірі Руфина Даниловна. Ол Украинада дүниеге келген. 1930 жылы Петроград қаласында университет бітіріп, дәрігер дипломын алған соң үлкен шаһардағы жайлы орнын тастап Қазақстанға, Шілік аудандық ауруханасының (ол жылдары қазіргі Шелек ресми құжаттарда Шілік деп жазылып, Шілік деп айтылатын) емдеу бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Танымаған ел, білмейтін шалғай жер. Оның үстіне ол кездегі ахуалды көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Жаңадан аудан орталығы болған Шілікте басқа жерден көп өзгешелігі жоқ-тын. Қоңырқай тіршілік. Аурухана деген аты болмаса екі-үш медбике, бір-екі практик фельд-шерлерден басқа қызметкерлер де жоқ болатын. Медициналық құрал деген атымен жоқ. Аурухана ғимараты да жадағай, қазіргі біздің фельдшер-лік пункттеріміздің өзі оның жанында кең сарайдай. Осының барлығын көрген жас дәрігер қыздың еңсесі түспеді. Жоқтан бар жасап, қолда бар мүмкіндікті шебер пайдаланып, жұмысқа бар ынтасымен кірісті. Университет қабырғасында алған білімін әріптестерінің тәжірибесімен толықтырып емдеу ісін біршама жолға қойды. Тумасынан ақкөңіл, мінезі қарапайым Руфина жергілікті тұрғындармен қоян қолтық араласып тез тіл тауып кетті. Мұның өзі қазақ тілін жылдам меңгеруіне септігін тигізді. Сонау Ресейден жоғары білім-ді дәрігер келіпті, қолы шипалы екен, – деген сияқты жақсы сөз аймақ жұртышылғына ебі желіндей тез тарады. Оған сенім артып, келушілер саны да өсті.

1931 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы басшылар Шілікті ауруханасының жұмысы жолға қойыла бастағанын әрі Руфина Даниловна Данилевскаяның іскерлігін, біліктілігін ұйымдастырушылық қабілетін ескерді ме, оны Жамбыл ауданының Қарақастек ауылындағы емдеу орнына басшылық жасауға жібереді. Әрине, Шілікте жаңа ортаға енді-енді бойы үйреніп, дос-құрбы тауып, сеніп тапсырылған учаскедегі жұмысты енді игере бастағанда басқа жаққа ауысу оған оңай соқпады. Алайда, Петроградтан не үшін, не мақсатпен қазақ жеріне, еліне келгені ойына түсіп, басын тұмшалаған күмәнді ойды сілкіп тастап, белін бекем буып Қарақастекке аттанды. Бұл ауылдағы шағын аурухана жұмысы да бір жағына қисайып мүшкіл халде болып шықты. Дәрігер жетіспей, оған қоса құрал-жабдық атымен жоқ болғандықтан мұнда да жұмыс шаш етектен болып шықты. Әсіресе, ана мен бала денсаулығының жағдайы мүлде көңілін көншітпеді. Үйінде, алыстағы қыстауда, тағы басқа жерлерде қолдан босанып, қиыншылыққа ұрынып, соңы қайғылы жағдайға ұрынып жатқанын көзбен көргенде жаны күйзелді.

Сондықтан ауруханадағы қарбаластан сәл қолы босай қалса артель жетекшілеріне өтініш жасап жазда жол бастаушы алып, атқа мініп, қыста тонға оранып шанамен қыр жайлаған малшы ауылдарды аралады.

Әйелдер мен жас балалардың денсаулығын тексеріп, оларға ақыл кеңесін айтып, ем-домын жасап тыным таппады.Жанқиярлығы нәтижесіз кетпеді. Тек Қарақастектен ғана емес, көрші ауылдардан да аурудан жаны жай таппағандар Руфинаны іздеп келетін болды. Мейірбан, алдына келгеннің бетін қайтармайтын, көңілін қалдырмайтын дәрігер қызға алғашқыдай емес сенім көрсетіп жылы қабылдай бастады. Өздеріне ішерге асы тапшы болғанына қарамастан бар наны мен талқанын, құрты мен сықпасын алдына жайып салып құшақ жая қарсы алатын. Тіршіліктері қоңырқай болса да осындай тауқыметке көнбістік танытқан қырдағы қазақ отбасыларының пейіліне, ақ көңіліне, қонақжайлылығына тәнті болатын. «Қазақ деген қандай керемет халық»- деп Петроградтағы құрбыларына сүйсіне, тамсана хат-хабар жолдайтын. «Қалаға қашан қайтасың?» деген сұрақтарына: «Маған бұл жақтың елі де, жері де ұнады. Осында қалатын шы-ғармын...», – деп батыл, сенімді жауап қайтаратын.

Тоқтаусыз өткен уақыт. 1936 жыл да келіп жетіпті. Облыс денсаулық сақтау басшылары Шілікті аудандық ауруханасында қалыптасқан ауыр жағдайды, әрі мұндағы кадр тапшылығын ескерді ме Руфинаны қайтадан алғашқы еңбек жолын бастаған ауылға қайтар-ды. Аурухананың әйелдер босана-тын бөліміне меңгеруші етіп бекітті. Шіліктіктер Руфинаға ежелгі танысындай, ет-жақын туысындай құшақтарын ашты. Бұл кезде оның да тәжірибесі толыға түскен-ді. Тек гинекология саласында ғана емес ол медицинаның барлық саласынан толыққанды хабары да, білімі де, тәжірибесі де бар қазіргі тілмен айтқанда, жалпы практикада дәрігер есебінде қалып-таса бастаған білікті маман болатын.

Тек Шілік аймағында ғана емес барлық жерде тұрмыстың, әлеуметтік жағдайдың өте мүшкіл халі, емдеу орындарының материалдық базасының төмендігі, дәрігерлердің жетіспеуі барлығы келіп әсіресе, ана мен бала ауруының өршуіне себеп болғандай өмірінен артық ешнәрсе жоқ деп санайтын. Екіқабат әйелдердің көпшілігі емдеу орындарына келуден қашқақтайтын. Тіркеуге тұру, тексеруден өту деген сияқты талапты ескермейтін, тіпті білмейтін. Ене мен абысындарының немесе ауылдағы қолы жеңіл деп саналатын әйелдердің көмегіне сүйеніп босана беретін. Мұның зардабы жақсылыққа апармайтын. Руфина ана мен бала өмірінен артық ешнәрсе жоқ санайтын. Сондықтан болар алдына шипа іздеп келгендерін күнде де, түнде де мезгілсіз уақытта келдің ғой демей қабылдап көмегін көрсетіп жататын. Кейбір әріптестерінің оның мұндай әрекетін ұнатпағанына қарамай, бұл дәрігердің басты міндеті! – деп нық жауап қайтаратын. Қазір ойша есептеп көрсек Шілік өңірінде тек 1936-1950 жылдары аралығында дүниеге келген сәбилердің көпшілігінің кіндігін осы қаршадай ғана өз ісіне шынайы берілген дәрігер қыз кесіпті. Осыны сол жылдары дүние есігін ашқан жандар біле ме екен?

1941 жылдың жаз айы. Ел шетіне жау тиді. Миллиондаған жанның өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысы басталды. Руфина Данилевская да азаматтармен қатар әскери бөлімге барып өтініш жазып майданға сұранды. Олардың жауабы қысқа болды: «Дәрігерлер тылға, ауылға да керек», – деп шығарып салды. Дәрігер жігіттерден, бір де екісін майдан госпиталіне жіберді. Мұнда да ауыртпалық әйелдерге түсті. Руфинаға көп өтпей тағы қосымша міндет, жауапкершілік жүктеліп ол аудандық ауруханада басшы болып тағайындалды. Бас тартатын мүмкіндік болмады. Жағдайды көріп тұр. Жылдар өте жылдам есейтіп, өмір қазанында қайнап піскен, іске ілкімді, басшылар алдында ойын ірікпей айтатын Руфина аурухана жұмысын жақсартуға бар күшін аямады. Әр қызметкерге талап та қоя білетін, әрқайсының басына қиыншылық түссе қамқорлықтан шет қалдырмай жағдайына қарайласатын басшы ұжымда ғана емес аудан жұртшылығы алдында өзіндік зор беделге ие болды. Руфина Даниловна Данилевскаяның осындай ерен еңбегі лайықты бағаланды. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы «ерлік еңбегі үшін» медальмен және «Қазақ ССР денсаулық сақтау ісінің озаты» төс белгісімен марапатталған. Сол сияқты «Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген дәрігері» құрметті атағы беріліп, №33 Шілік сайлау округінен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат та болып сайланған.

Ойлап қарасақ, атақ пен даңққа жетсем деп ұмтылушылар баршылық. Алайда талай тар жол тайғақ кешуден өту, маңдай терді төге отырып бастысы ел үшін жасаған адал еңбегі ескерусіз қалмайтынын атақ көксеушілер ұмыта береді-ау. М.Горькийдің кейіпкері Данко секілді Руфинаның да жүрегінде лапылдаған от, бойында қайнаған қайраты, адамға деген мейірбандығы, ыстық махаббаты қосылып қазақ жерінен оған дос бауыр тапты. Табысқа жеткізді, құрметке бөледі. Әйтпесе, бүгіндері Алматы мен Астананы тастап, ауылға кел десең кекірейіп, түсі түңірейіп кететіндер кездесетіні шындық қой.

Руфина секілді заман қиыншы-лығына қарамай ары мен намысын серік етіп, арман биігіне ұмтылған жастар, дәрігерлер осы күндері де баршылық. Нәубет пен ашаршылық-ты, соғыс пен қуғын сүргінді бастан кешірген жылдар өткенімен тарихта жазылып, санада ізі қалды. Бүгін жағдай анағұрлым жақсарды, өткеннің бәрі көрген түстей. Заман өзгерді. Солай дей тұрғанмен дәуір-мен бірге өзгере бастаған санаға дүниеқұмарлық, қатыгездік, тойым-сыздық пен ашкөздік сияқты дерттерге үйір етіп алмай, ұлттық кодымызға сай, бабалар сүйегімізге сіңірген асыл қасиеттерді ту етсек нұр үстіне нұр болар еді. Олай дейтінім, әсіресе қасиетті мамандыққа – денсаулық саласында да адам аурухана төсегінде өлім халінде жатса да қызметін ақшамен бағалайтын, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп темір тордың ар жағына тоғытылып жатқандар кездесуі көңілге кірбің ұялатады.

Мақаламыздың соңында айтарымыз, дәрігерлеріміз ауданымызда денсаулық сақтау мекемелерінің негізін қалаған Руфина Данилевская секілді өз ісіне шынайы берілген жанкешті жандардың атқарған еңбегін ұмытпай өнеге алып, олардың жолымен жүріп, халық сеніміне селкеу түсірмесе екен дейміз.

Р.Д.Данилевская суреті музейдегі стендінің жоғарғы қатарында бірінші болып ілінген. Жанары шоқтай жайнаған ол мейірбан қалпымен бізге қарап тұрғандай.

 

Ә.Айтақынов,

Шелек тарихи-өлкентану музейінің қор сақтаушысы.

Қаралды 88 рет
Толығырақ бұл категорияда: « Тылда да Жеңіс шыңдалды ҚАЛЫБЕК батыр »
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

Жарнама