Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Сәрсенбі, 26 Желтоқсан 2018 16:21

Театр – жақсылық жақтаушысы

Театр – жақсылық жақтаушысы mezet.kz

   Жаңа жыл қарсаңында Есік қаласындағы «Техноград» техника дүкенінің демеушілігімен Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің жанынан ашылған «Қаракемер» балалар театры өңірдегі мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен көзі нашар көретін мектеп-интернат бүлдіршіндеріне «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі» атты қойылымын тегін көрсетті. Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде қойылған көріністе балалардың зәресін алып, Аяз ата мен Ақшақарды тұтқындап қойған бір көзді Диюмен айқасу үшін Алдар көсе, «өрмекші адам», жүйрік көлік Маккуин, және тентек қыз Маша күш біріктіреді.

   Ашылғанына көп уақыт болмаса да жыл бойы ауыл-аймақты аралап, кішкентай көрермендердің жүрегінен жол таба білген театр ұжымының биылғы жылғы қорытынды сапары болды бұл қойылым. Мейіржан Әлібектің ертегісінің желісімен жасалған спектакльде Алдар көсе бай мен кедей тауып алған дорбасын  қулықпен өзіне қалдырған дүрбісі арқылы болашақты көре алады. Қазіргі заманғы мультфильмдердегі сүйікті кейіпкерлері қонаққа келіп,  балаларды қуантты. Актерлермен бірге күліп, зұлымдықты жеңуге барын салып, жандары ашып, көмектесіп отырғанынан әртістердің кәсібилігін байқауға болады. Атап айтсақ, Алдар көсе рөлінде театр директоры Жарқын Барақбай өзі ойнаса, байдың рөлінде – Ерқуат Оңашхан, кедей рөлінде Ұлан Қали, өрмекші адам – Әлішер Кебенқұлов, Макиун көлігін жас актер Әмірәлі Ізжан шебер ойнап шықты, Маша қыздың рөлімен Айгерім Сүндетбаева сүйсінтті. Өз ісінің майталмандары жиналған жас та болса, тәжірибе жинақтап үлгерген театр ұжымының болашаққа да жоспары өте көп. Келер жылы жаңа қойылыммен тек аудан арасы емес, облыс көлемінде араламақ ниетте екен.

   Қойылым соңында кейіпкерлердің ауызбіршілігінің арқасында залым Диюді жеңіп, тәртіпке салып, жамандықты түбі жақсылық жеңетінін дәлелдеді. Аяз ата мен Ақшақар қамаудан босап шығып, балаларға әкелген тәттілерінен шашу шашты. «Техноград» сауда үйі қаржылай демеушілікпен қатар, театр ұжымына теледидар сыйға тартты. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аталған дүкен мен Қаракемер мәдениет үйінің ұжымына «Мәңгілік ел» идеясын жастар арасында кең насихаттап, өскелең ұрпаққа мерекелік көңіл күй сыйлағаны үшін алғысын білдірді.

 

Жансая ЫСҚАҚ

Read 60 times

Күнтiзбе

« Қаңтар 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама