Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 27 Желтоқсан 2018 14:07

Өнердің өрінде, халқының төрінде – Бекжан Тұрыс

Өнердің өрінде, халқының  төрінде – Бекжан Тұрыс mezet.kz

Таңдарымыз тұғырлы Тәуелсіздіктің арқасында арайлап атып, күндеріміз мәнді де мағыналы өтуде. Сондай керемет күннің бірінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері Бекжан Тұрыс ағамызбен келелі кездесу өтті. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Рахат №1 орта мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен шара рухани жаңғырудың жаңа қырын көрсетті.

Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дәріптеу, Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ өнерінің жеткен жетістіктерін, оның әлем мәдениетіндегі орнын насихаттау мақсатында болған кездесуге мектеп ұстаздары мен оқушылары, музей қызметкерлері және Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің драматургия, қазақ тілі мен әдебиеті тобының студенттері жиналды. Әуелі құрметті қонақтың өмірбаянымен толыққанды танысқан көрермендер ендігі кезекте өздерін қызықтырған сұрақтарын жаудыртты. Соның бірі: «Сіз өнерде өзіндік орны бар тұлғасыз. Бекжан салған сара жол қандай?» дегенге: «Қазақты құртатын да мақтау сөз. Мақтау – біреуді өсіреді, біреуді өшіреді. Көп адам соған малданып, масайрап қалып жатады. Көптің көшінен қалмай келе жатқан жайым бар. Мен қазір сара жол салдым деп айтқаным да орынсыз болар. Әлі өнердің етегінде ғана жүрмін. Ол енді болашақтың еншісіндегі дүние. Өнердің жолы - ащысы мен тұщысы қатар жүретін нағыз дара жол», – деп жауап берді Бекжан Тұрыс. Жастар арасынан актер ағасынан бата алып, актерлік жолды таңдағым келеді дегендерге де ағалық ақыл-кеңестерін беріп, қалтарысы көп жол екенін баса айтты.

«Өнердің миссиясы – ұлтқа қызмет ету» деп түсінетін белгілі актер келешегіміз қандай болатыны өскелең ұрпақтың қолында дей келе біраз түйткілді ойларымен бөлісті.

– Ұлылардың ұлағатымен жалғасып келе жатқан қазақы рух жұдырықтай жүректе тайдай тулап маза бермейді. Өйткені, біз ұлттық тәрбиенің шет жағасын көрген адамдармыз. Тамыры тереңде жатқан қазақ халқының қандай болғанын зерделеп, қадіріне жетуге талпынудамыз. Сақтардан қалған салтым, ғұндардан қалған ғұрпым, түркіден қалған жұртым бар, соның бәрін қазақы қазыққа байлаған елміз деп әркез мақтанышпен айтып жүремін, себебі, қазақтың 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығынан ғана бастау алған жоқ. Қазақтың діні – діңгегі, ілімі – ілкі жұрттан да ілгері. Аллаға шүкір, бүгінде – егеменбіз. Сендер Әлиханшыл, Ахметшіл, Міржақыпшыл болуларың керек. Мектептің ұлағатын айтатын қашанда ұстаз болса, ұлық атын шығаратын – шәкірт. Сондықтан, тарих толқынының талқысында туралаған, тамұқта есеңгіреген, қазақтың адасқан көшін елдікке бастаған арыстарымызды біліп, танып, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Осы балаларды сіздер мен біздер болып тәлпіштікке емес – тәрбиелікке, опасыздыққа емес – Отаншылдыққа, көргенсіздікке емес – көргенділікке баулуымыз қажет. Біздің бабаларымыз мынадай, анадай болған деп мақтана бермей, олардың қасиеттерін бүгінгі ұрпақтың бойына дарыта білу керек.

«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз» деп Абай ақын айтпақшы, өнердің өрінде жүрген ағаларының ой толғамын ұйып тыңдаған жастар әсерленбей қоймады. Мектеп оқушылары шағын концерттерін ұсынып, артынан қонақкәде сұрады. Қазақтың қара домбырасын қолға алып, термемемен көрерменді тебіренткен Бекжан ағамыздың бойынан қарапайымдылық пен халқына деген сүйіспеншілік желдей есіп тұрғандай болды.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 145 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама