Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Дүйсенбі, 10 Желтоқсан 2018 10:08

Тұңғыш Президент күнін ауданымызда қалай атап өтті?

Тұңғыш Президент күнін ауданымызда қалай атап өтті? mezet.kz

  Еліміздің ел болу шежіресі сан түрлі белестерден тұрады. Соның біріншісі де бірегейі Тұңғыш Президентімізді сайлау болатын. 2012 жылдан бастап жалпыұлттық мереке етіп бекітіп, тойлап келе жатқан атаулы дата биыл да жалғасын тапты. Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде «Елімнің бағы – Елбасым» атты салтанатты кеш өтті.

  Шараның шымылдығын Есік қаласының әкімі  Бауыржан Бименов құттықтау сөзімен ашып, Елбасымыздың ерен еңбектеріне тоқталып өтті. Мерекеге  орай мемлекетімізге сіңірген адал еңбегі мен қаламыздың қоғамдық-саяси және мәдени өміріне белсене ат салысқаны үшін бірқатар мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме басшыларына алғыс хат тапсырды. Кеш соңы ауданымыздың өнерлі жастарының концерттік бағдарламасына ұласты.   

  Атаулы күнді «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы да ерекше атап өтті. Мерекеге орай, «Елбасы – ел тірегі» тақырыбында мектеп оқушылары арасында шығар-ма байқауын жариялап,  үздік шыққан туынды иелеріне алғыс хат табыстады. Жиын барысында аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қ.Байғоджаев Елбасының соңғы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талдап, жас өрендерге түсіндірді. Шара соңында болашақтың тірегі жастар екеніне сенетіндігін айтып, партия қатарына қосылуға шақырды.

 

Жансая ЫСҚАҚ.

 

   ҚР Тұңғыш Президент күні жақында Шелек ауылындағы мәдениет үйінде «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбымен аталып өтті. Округ әкімдігі қолдау білдірген шараны А.Розыбакиев атындағы орта мектеп пен мәдениет үйі ұйымдастырды. Шараға ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен жастар қауымы қатысты.

  Мерекелік концерт барысында келген қонақтарды атаулы күнмен құттықтаған округ әкімінің орынбасары  Айбек Сәрсембек Елбасының ел үшін атқарған еңбегіне тоқталды:

– Өзінің мемлекеттік Рәміздері бар тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекітіп, күрмеуі көп қиын шақта өзіне сенім артқан жұртын ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеген және дамыған әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қосқан тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың халық алдында еңбегі зор әрі орны ерекше. Елбасы қазақ халқының ынтымақтастығын жарастырып, бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниежүзіндегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға сүбелі үлес қосып, жаңа мемлекеттің келбетін қалыптастырды. Елдің болаша-ғын айқындап, экономиканың өрлеуіне ерекше серпіліс берді – дей келе Қазақстанның әлем елдері арасындағы абыройын мақтанышпен айтып өтті. Кейіннен, жиылған жұртшылық назарына мектеп оқушылары мен округ өнерпаз-дарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ән айтылып, би биленді. Жас ақындар Президентке арнауын оқып, көпшілік көңілді тарқасты.

                               Сардарбек НҰРАДИН.

Read 155 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама