Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 22:57

Қос ішектен күй күмбірлеткен күн

Қос ішектен күй күмбірлеткен күн mezet.kz

  Қайсыбір елде де өзінің атадан балаға жеткен көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық дәстүрлі музыка өнері болады. Сол сияқты қазақ үшін күй өнері – ұрпақтан ұрпаққа берілген өшпес мұрасы. Осы жүйені  жалғастырып, құндылығын жоғалтпаған төл өнерімізді насихаттау мақсатында жуырда аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен «Бабамыздың үнісің сен – домбыра» атты аудандық жас күйшілер байқауы өтті.

  Қос ішектен күмбірлетіп күй төккен 50-ге жуық жас өрендер өнерлерін ортаға салып, бақ сынады. Жас дарындардың талантын ұштап әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бектұр Мұхаметалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Думан Мырзақожа, ҚР мәдениет үздігі  Арайлым Мамырбекова, Қаракемер ауылдық округінің әкімінің орынбасары Ұлан Мәлікұлы болды.  «Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра», – деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай қасиетті аспабымыздан шыққан әрбір үн көрерменнің бойын балқытып, жан сарайын ашты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, ерекше өнерімен көрермен қошеметіне бөленген М. Әубәкіровтың «Талас» күйімен Есік гуманитарлық - экономикалық колледжінің студенті Жасүрпек Құдайбер-генов топ жарды. ІІ орынды Абылай хан атындағы орта мектептің оқушысы Ерболат Өтемісов пен Бекарыс Алламбергенов иеленсе, ІІІ орынды Нұрдос Оразхан мен Тұрғанбек Ерасыл қанжығасына байлады. Топтық өнер көрсеткен Райымбек орта мектебі мен Малыбай ауылдық округінің жас күйшілер ансамбліне және Ақши мен Қаракемерлік өнерпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

  

Жансая ЫСҚАҚ

Read 62 times

Күнтiзбе

« Қаңтар 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама