Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018 23:41

Ұлт келбеті – жастарға бағыт

Ұлт келбеті – жастарға бағыт mezet.kz

«Мұғалім ісі – сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген орыс педагогы К.Ушинскийдің сөзі бар. Расында, ұстаздық ету екінің бірінің қолынан келмейді. Әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, заман ағымына қарай өзгеріп, ата-анамен байланыс орнату – ұлы іс атқарушылардың міндеті. Осы орайда, №1 Шелек орта мектебінде «Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жастарға бағыт» тақырыбында аудандық семинар өтті. Тағылымды шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова, Шелек округі әкімінің орынбасары Мәди Бектасов, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-ұйымдастырушылар, психологтар мен тарих пәнінің ұстаздары қатысты.

Келген қонақтар ІТ-сыныбына бас сұғып, шәкірттердің құрастырған роботтарын тамашалады. Бірі шаңсорғыш жасаса, енді бірі кәдімгі танктің кішкентай макетін құрастырған. Басқа мектеп директорлары ІТ-сыныбына қызығушылық танытып, алдағы уақытта оқушыларына роботатехника кабинетін көрсету туралы ұсыныс білдірді.

Аудандағы ұлағат иелері бас қосқан семинар бірнеше бағытта өрбіді. Келген қонақтар алдымен «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» атты оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалап, мектептің түрлі бағыттағы жетістіктерімен танысты. Кейіннен, мектеп ұжымы балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста екендігін дәлелдеді. Яғни, ата-аналар қауымы мәжіліс залында «Өз балаңа үлгі бол!» тақырыбында конференция өткізді. Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Ардақ Қырықбай семинардың бағдарламасымен таныстырып, конференцияға белсене қатысқан ата-аналар қауымына ризашылығын білдірді. Өздері жүргізіп, өнерлерін ортаға салған ата-аналар қазіргі заманғы өзекті мәселелер бойынша көрініс қойды. Оқушылар да конференциядан сырт қалмай, қоғамның бейнесін сахналандырылған қойылым арқылы көпшілікке ұсынып, көздеріне жас үйірді. Ал қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен тәрбиелік мәні зор тыйымдарды көрініс арқылы көпшілік назарына ұсынған оқушылар тарих қойнауынан сыр шертті.

Жас мамандар мен жоғары сыныптар арасында «Ұлт келбеті – жалынды жастар» тақырыбындағы дөңгелек үстел жас ұстаздардың көңілінен шығып, өзара тәжірибе алмасуға септігін тигізді. Сонымен қатар, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Көшбасшы» сынып сағат-тары ұйымдастырылды. Мектеп ішіндегі ашық шараларға қатысқан қонақтар семинар соңында мәжіліс залына жиналып, мектеп оқушыларының «Ұлы дала елінің ұлттық рухы биік ұрпағымыз» әдеби-сазды кешінде көңіл көтерді. Күміс көмей әншілер көпшіліктің құлақ құрышын қандырып, жас ақындар өлеңдерін оқыды. Бүлдіршіндерден құралған бишілер тобы да кештің сәнін келтірді. Оқушылар мен жас ұстаздардан құралған «Атамұра» аспаптар оркестрі жиылған көпшіліктің қошеметіне бөленді. Семинар «Кәсіби іс-әрекеттегі күйзелістік жағдайлардың тұлғаға ықпал ету ерекшеліктері» тақырыбындағы психологиялық тренингпен қорытындыланды.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 120 times

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама