Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 24 Қаңтар 2019 15:29

Жолдау – жаңғырудың жаңа жолы

Жолдау – жаңғырудың жаңа жолы mezet,kz

Сарқылмас қазынаны сақтаған мекен – аудандық кітапханада жуырда дөңгелек үстел өтті. Тақырыбы – «Жолдау – жаңғырудың жаңа жолы». Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жас буынға тереңінен түсіндіруге «НұрОтан» партиясының аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев атсалысты.

Сонымен қатар, жазушы, ардагер журналист Шаяхмет Құсайынов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен Б.Шарғынова, Абылай хан атындағы, В.Терешкова атындағы, Рахат №1, «Білім-инновация» лицейінен оқушылар мен ұстаздары, мектеп кітапханашылары қатысты. Баршаға ортақ тақырыпқа байланысты пікір білдіріп, ойларымен бөліскен жас буын қонақтарға сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. «Осынау жатқан кең-байтақ жер мен кемелденген елдің ертеңі – жастар. Жастарымыз білімді, білікті, ізденімпаз, талапты болса ғана дамыған отыз елдің қатарынан көрінеміз», – деген Қуат Сұлтанұлы Жолдаудың маңызды тұстарын жалпыға ортақ тілмен жеткізді. «Рухани жаңғыруға бәріміз де атсалыса аламыз. Бастысы – өз тарихтарыңды жетік білулерің керек», – деп ой толғаған Шаяхмет Құсайынұлы оқушыларға аз-кем тарихтан сыр шертті.

Көлемі кіші, ауқымы тар болғанымен әрдайым оқырмандарын жинап, мәнді де мағыналы әңгіме өрбітіп, келелі кездесулер ұйымдастырудан талмайтын аудандық кітапхана ұжымы келген қонақтарға алғыс білдіріп, оқушыларға оқуда озат болуларына тілектестік білдірді шара соңында.

 Алмагүл НҰҒМАН.

 

Read 67 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама