Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 24 Қаңтар 2019 15:33

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі –  ұлт болашағы https://www.google.com/url?sa=i&source=images&cd=&cad=rja&uact=8&ved=2ahUKEwjs88L-j4bgAhUD3SwKHePIAfAQjRx6BAgBEAU&url=http%3A%2F%2Fkazgazeta.kz%2F%3Fp%3D63611&psig=AOvVaw2_SVGmswfeNaXYNsi2u93a&ust=1548409203804650

Кей-кейде балаларымыздың айтқан сөздері мен істерінен, жалпы бойынан өз қылықтарымызды танып күліп немесе үркіп қалатын кездеріміз аз кездеспейді. Неге десеңіз, бала – анасы мен әкесінің тікелей көшірмесі, амал-әрекеттерінің таразысы. Олай болса, алдымен өзімізді тәрбиелеуден бастау керек сияқты. Жағымсыз әдеттерден арылып, өсек-өтірік айтпауды, біреуді сыртынан ғайбаттап, жақсылығын жоққа шығаруды доғаратын болсақ өзіміз де, артынан баламыз да оңалады. Есесіне, еңбекке баулып, көмекке мұқтаждарға қол ұшын созуды, мейірім мен бауырмалдықты көрсетсек күнделікті тіршілігімізде – өткенге өкініп, сан соқпайтын боламыз. Бүгінде балаларымыздың өзі қоғамның белді бір мүшелеріне айналды. Себебі, үйінде ата-анасының тәрбиесін көрсе, балабақшаға барып тәрбиешінің тәлімімен түлейді. Артынша мектеп табалдырығын аттап мұғалімнің межесінен өтеді. Салыстырады. Өзінше бір қорытынды шығарады. Тіпті, кейде бірінші сыныпта оқитын қызымның «Анашым, апайымыз осылай деп айтты сол дұрыс па, әлде олай емес пе?» деген анықтау мақсатында қойған сұрақтарына жауап беру үшін де терең ойланатын сәттер болады. Немесе балабақшадағы қызымның «Сіз былай деп айтып едіңіз ғой, тәрбиеші былай деді» деп екіойлы болып келгенінде балам үшін ең дұрысы қайсысы болар екен деп толғанатын кездер де аз емес. Өміріміздің ең маңызды бөлшегі – балаларымызды тәрбиелеуді қоғам болып біржақты қолға алу қажет. Таразының бір басында бала тағдыры, тәрбиесі, болашағы тұрғанда бейқам болудан сақтану маңызды. Ендеше, осы тұрғыда педагогтарымыздың да айтары бар екен...  

Бәйтерек орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Гүлмира Батырханова:

«Келешек – бүгіннен»

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне зор мән берген. Ана, ұстаз ретінде мен үшін балалардың тәрбиелі болып өсуі  маңызды. «Тәрбие басы – тал бесік» деп бекер айтпаған дана халқымыз. Қазіргі технологияның дамыған заманында балала-рымызға тәрбиені дұрыс беріп жатырмыз ба?  Қоғам бала психологиясының дамып-жетілуіне қалай әсер етіп жатыр? Осы секілді сұрақтар  көптің көкейінде жүргені еш шүбәсіз.

Біздің тәрбиелеп жатқан балаларымыз  Z  ұрпақтары болып саналады. Өзіміздің тілмен айтқанда «біліп туғандар».  Бүлдіршіндеріміз өзімізге ақыл айтқанда, таңырқап қалатын сәттеріміз аз емес. Бұл ұрпақтың жақсы жағы – ақпаратты тез қабылдап алуға бейім. Сонымен қатар, Z  ұрпақтары темірдей қатал тәртіппен берілетін тәрбиеге көне бермейді. Себебі олар еркіндікте  өз ойларын ашық айтып, қалаған жұмысын жасағанды жақсы көреді. Осындай ерекшеліктерімен өсіп келе жатқан балаларымызға тәрбие беруде бірнеше мәселелерге мән беру керек. Балаңыздың не айтқысы келетінін, ойында не тұрғанын толығымен жеткізбейінше сөзін бөлмеңіз. Әр сөзіне мұқият қарап отырғаныңыз жөн. Сондай-ақ, бірнәрсе үйретер болсаңыз, өз сөзіңіз бен ісіңізге сенімді, дәлелмен жеткізіңіз. Баланың қоршаған ортаны тануға деген қызығушылығын арттырыңыз. Қазіргі біздің басты проблемамыз жұмысбастылықпен балаға көп көңіл бөлмеуімізде. Балаңызды сыртқа көп шығарыңыз, қыдыртыңыз, таза ауаға  көп шығуын қадағалаңыз. Дүниені виртуалды әлемнен емес шынайы көзбен көруге жағдай жасаңыз. Тағы да баланың дегенін орындай беру жөн емес. Қалаған нәрсесін істей бермей, әр нәрсенің орны бар екендігін, межесі бар екендігін үйретіңіз. Ол өзінің іс әрекетін түсіндіруді үйренсін. Істеген істі мойынмен көтеру  керектігін үнемі есіне салыңыз. Ең алдымен ойланып содан соң ғана шешім қабылдауды, сенімсіздік танытқан мәселелерде ата-анасымен кеңесуге болатынын білуі қажет. Баланы тым еркелету де қате. Бала тазалық пен ұқыптылыққа  үйренсін. Бұл денсаулығына да пайдасын тигізеді. Әрдайым мотивация беріңіз. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ екенін, бірнәрсені істей алмаса, қорқыныш сезімі болса, сабырлық танытыңыз. Ешқашан күлмеңіз. Өзіне берілген тапсырманы өзі орындауы керек, қанша қиын болса да сіз орындауға асықпаңыз. Тек жол сілтегеніңіз жөн. Баланы қатарластарымен теңдей көріңіз. Бала – болашағымыз. Мына дамыған заманда  өз көзқарасын қалыптастырып, ойын білдіре алатын бала ғана өмірге нық сеніммен қадам басады.  Дұрыс тәрбие алған ұрпақ –  дұрыс тәрбие бере алады.

Read 36 times

Күнтiзбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама