Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 24 Қаңтар 2019 15:45

Тарихи мүмкіндіктер кезеңі

Тарихи мүмкіндіктер кезеңі mezet.kz

2019 жылды жастар жылы деп жариялап, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек. 

Н..Назарбаев.

«Егеменді елдің ертеңі – білімді ұрпақ», – деп Елбасымыз айтқандай мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы жас ұрпақтың қолында. Биыл – жастар саясаты үшін  тарихи жыл. Президентіміз өз Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастар мәселесіне ерекше мән беретінін алға тартты.  Осыған орай, ауданымыздағы жастарымыздың қал-ахуалы мен болашаққа жоспарын білу мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі, «Жас Отан» ЖҚ аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Айбек Ілебаймен сұхбаттасқан едік.

– «Жастар – ел болашағы» деген еді Елбасы бір сөзінде. Ауданымыздағы ел болашағының тұтқасын ұстар азаматтарға қандай жағдай жасалуда?

Мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы жастарымыздың тікелей қатысы бар екені рас. Шындықты жырлап шарқ ұрған ақын Мұхтар Шахановтың «12-3=?» атты поэмасында айтқандай, жастар көктем іспеттес. Көктемде тал егіп, оны күтіп баптамасақ, күзде жемісін бермейді. Сондықтан, қазірден бастап өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне мән беріп, жағдайын жасауымыз керек. Елбасымыз осыны ескеріп, әр жолдауында барынша қамқорлығын көрсетуде. Қазіргі күнде мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратын жастардың саны артқан. Әрине, оларға мүмкіндіктер қарастырылып, қолайлы жағдай туғызылған соң. Мәселен, облыстық «Жастар жолы» жобасы аясында жастарға қызмет көрсету орталығына әкімдік тарапынан 5 997 000 теңге қаражат бөлініп, материалдық -техникалық базамен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда аудандық Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінен 5 кабинеттің бөлінуі қарастырылуда. Аталмыш кабинеттердің үшеуінде жастардың игілігі үшін тегін интернет-кітапхана, фото-видео студия, мәжіліс залы қызмет жасайтын болады. Қалған екі кабинетте жастар орталығының мамандары мен жастар орталығының жетекшісі кабинеті болады. Бұл да болашағымызға жаңа мүмкіндіктерге жол ашу деп білемін. Аудан жастары облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық ресурстық орталық ұйымдастыратын шараларға қатысып қана қоймай, көз қуантарлық нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

– Ерекше атап өтетін шаралары-ңыз.

– «Жүректен жүрекке»  байқауына біздің ауданымыздан 2 команда қатысты, «Республикалық Жетісу аймақтық лигасы» жайдарман ойындарына 2 командамыз қатысуда. Облыстық «Айбын» әскери-патриоттық, спорттық ойынында 15 ауданның командаларының арасынан суырылып шығып, бас жүлдені иеленді. Қазіргі уақытта облыс әкімінің сыйлығына арналған, жылда дәстүрлі түрде өткі-зілетін «Көшбасшы – 2018» жастар сыйлығында ауданымыздың жас дәрігері Азамат Аубакиров жеңімпаз атанды.

– Жұмыссыз жастардың санын азайту – бүгінгі күннің басты мәсе-лесі. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Әр адам алдымен, білім алсам, сосын жұмысқа орналассам деп мақсат қояды. Дипломын қолына алған соң, мамандық бойынша жұмыс таппай сеңделетіні тағы бар. Себебі, бірден бастық болсам, жоғарыдан көрінсем дейді. Оның бәрі төменгі қызметтен, үлкен еңбекпен келетінін ойлана бермейді. Аталған мәселені шешу мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыстамыз. Біздің орталыққа жұмыс сұрап келген жастарды аталмыш орталықтың тікелей жетекшілігімен жүргізілетін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына ұсынып, жалақы төленетін тәжірибеден өтуге бағыттаудамыз. 2017 жылы 105 студент тәжірибеден өтіп, 45-і жұмысқа орналасты. Ал 2018 жылы 118 жас тәжірибеден өтіп, 53-і жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, жылда дәстүрлі түрде бірнеше рет «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» атты шара өткіземіз. Жәрмеңкенің өтуіне жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы тікелей атсалысады. Ауданымыздағы мекемелер мен жеке шаруашылықтар бос жұмыс орындарын ұсынып, жас мамандар өз біліміне сәйкес немесе ұнаған саласын тауып, жұмысқа орналасады. Үстіміздегі жылы бізге жұмыс мәселесімен келген 17 жас-ты тікелей аудандық жастар ресурстық орталығының ықпалымен әртүрлі салада тұрақты жұмыспен қамтыдық. Одан бөлек, 2005 жылы бекітілген «Жасыл ел» бағдарламасы жыл сайын ауданымызда толыққанды жүзеге асырылып келеді. 2018 жылы 125 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Бәйтерек, Балтабай, Ақши, Түрген, Қаракемер ауылдық округтерінде жұмыс жасап, тиісті жалақыларын алып отырды. Көптеген ауылдың жұмыссыз жас-тарын, жазғы демалыстағы студент жас-тарымызды, отбасылық жағдайы төмен жастарымызды жұмыспен қамтып, аянбай еңбек етуге шақырамыз жылда. Ауылдың көркеюінде, тазалығында «Жасыл ел жасақшылары» белсенділік танытатыны белгілі. Қоқыстарды жинап, қоғамдық орындарды сыпырып, көше бойында тазалық жұмыстарын жүргізеді. Ауылдың қарттары мен ардагерлеріне көмек қолын созып, әрдайым қолдау көрсетіп отырады.  Биылғы жылы осы бағыт бойынша жұмыстарды барынша жандандыруды жоспарлап, арнайы жұмыс жоспарын да жасап қойдық.

– Жалпы, өз замандастарыңызға көңіліңіз тола ма? Оларға не жетіс-пейді деп ойлайсыз?

– Қазіргі заман – ақпарат пен техни-каның дәуірлеп тұрған шағы. Жас буын еліктегіш келеді. Бір жерден бір нәрсені көрсе, соны дұрыс деп санап, еріп кететіндері де баршылық. «Әй» дейтін әжені де, «қой» дейтін қожаны да тыңдай қоймайды. Соның салдарынан ұлттық құндылықтарымыз бен қазақи менталитетіміздің ұмытылып бара жатқаны ішімді ашытады. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын, дәстүрімізді сыйлап, ділімізді ұмытпаған жастар да баршылық. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, кейбір қаракөз қарындастарымыздың етегін ашып инстаграмға сурет салғанын, бауырларымыздың соған намыстанбай, тамашалап отырғанын көргенде, қандай әке, қандай ана боларына алаңдаймын. Заман ағымына сай болу, жаңа технологияны меңгеріп, дамыған мемлекеттер қатарына енеміз деп талпынғанымыз жөн-ақ, алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді пайдасыз ақпараттар мен мағынасыз контенттер өскелең ұрпаққа зиянын тигізбесе екен.

– Жасыратыны жоқ, білімді, білікті жастар ауылда қалып жұмыс істегісі келмейді. Себебі, оларға жағдай жасалмайды. Осы проблема қашан шешімін таппақ?

– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Алайда, ауылдағы жас мамандарға жағдай жасалынбайды деген пікіріңізге қосылмаймын. Мемлекет басшысы түрлі бағдарламалар жасап, ауылды көркейтуге барынша бағыт беруде. Ауыл жастарының қалаға қарай ағылуы, төрт жыл бойы дайын асқа үйренген кейбір жастардың мал-қорадан қашуынан туындауы мүмкін.  Әйткенмен, бүгінгі күні, керісінше, өздерінің туған ауылдарына барып қызмет етуге дайын жастар көп. Бұған бірден-бір дәлел ауданымызда «Дипломмен ауылға!» мем-лекеттік бағдарламасының қарқынды жүзеге асырылуы. Аталмыш бағдарлама арқылы кәсіптік білімі бар жас маман өзінің тіркеуде тұрған ауылында тұрақты жұмысқа орналаса отырып, тұрғын үймен қамтамасыз етілуге және жәрдемақы алуға мүмкіндігі бар. Статистикаға көз жүгіртсек, 2018 жылы аудан бойынша осы аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 20 жас бюджеттік несие алса, 30 жас маман көтерме жәрдемақыға қол жеткізген. Сонымен қатар, жергілікті бизнеске қолдау көрсету саласы бойынша да ауданымызда жүйелі жұмыстар қолға алынып, жастардың өз кәсіптерін ашуына толық мүмкіндік қарастырылған. Әлі де білімді жас мамандарды ауылды елді-мекендерге тарту жұмыстары тұрақты және жүйелі түрде жүргізіледі деп ойлаймыз. Кәсіпкерлер «Туған жер» бағдарламасы аясында, өз  ауылдарына спорт мектептерін, бала-бақша, ойын алаңдарын салып беріп жатқанын көзіміз көріп жүр. Шыны керек, қазақылықтың қайнар көзі ауылымызды көркейтуге тырысып жүрген жастарды көргенде көңіл қуанады.

– Белгілі себептермен оқуға түсе алмаған жастарды оқытып, мамандық беру қалай жүргізілуде?

– Мектеп оқушысының білім көрсеткі-шін арнайы тест арқылы анықтау – замана көрінісі. Бақ пен бап қатар шабар бұл сынақтан кейде түлектер сүрініп жатады. Біздің орталыққа бұл мәселе бойынша да жастарымыз хабарласады. Өз тарапымыздан түсіндіріп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі «Қайта даярлау курстарына» бағыттаймыз. Мысалы, биылғы жылы аталған жоба бойынша 565 жас оқытылды. Оның ішінде көбінесе, техникалық мамандықтар: аспаздық, дәнекерлеуші, тігінші мамандары даярланды. Елімізге пайдасы тиер мамандар әзірлеп, әркімнің икемі мен қабілетіне қарай білім беріп, жұмыс табуына осылайша ықпал жасаймыз.

– Мемлекет басшысы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Тұтас бір жылды солай атауының себебі қандай деп ойлайсыз? Қандай өзгерістер күтесіз? 

– Елбасымыз өзінің әрбір Жолдаулары мен Үндеулерінде жастар қауымын үнемі тілге тиек етіп, бізге үлкен сенім артады. Биыл айрықша назар аударып, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыруды тапсырды. Жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай болды. Бұл жыл кейбір айтулы даталар тәрізді ұрандатып, желеулетіп өткізетін мереке емес, жастарға берілген зор мүмкіндіктер кезеңі деп білемін. Нақты ұсыныстар қабылданып, жастардың жан-жақты көмекке ие болуын қамтамасыз етеді деген үміттемін. Жас отбасыларға үй беріліп, оқуын жаңа аяқтаған түлектерді жұмыспен қамту бірнеше есеге көбейеді, түрлі конференциялар мен білімді жастарға ғылыми қолдаулар ұйымдастырылады деген ойдамын.

– Жаңа жылдық жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастар креативті идея мен ойға жүйрік. Алдағы  жылы жастар бағытын өзгертіп тәжірибеге көбірек мән беріп, тың және жаңа идеялар әкелсек деген ойдамыз. Жастардың мемлекеттік бағдарламалар аясында білім алуына, жұмысқа кіруіне, өз кәсібін ашуына мүмкіндіктер беріледі. Толық ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ашық аспан астындағы тарихи орындарға сая-хат, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық ойындар бағытында іс-шаралар өтуіне басымдық береміз. Аудан жастары өз мүмкіндіктерін осы уақытқа дейін толық көрсетіп, дұрыс бағытта жұмыс жасап жатқандықтан, аудандық жастар ресурстық орталығы облыстық рейтингте 5 жыл қатарынан үздік үштіктен түскен жоқ. Бұл – біздің ғана емес, ауданның мақтанышы, аудан әкімінің риясыз бізді қолдауы. Сондай-ақ, ел басқарып отырған ағалардың жастарға көңіл бөлуі мен ауданымыздың абыройы үшін аянбай еңбек етіуінің нәтижесі деп білемін. Елбасымыз: «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің ертеңі де биік болады», –  деп ерекше айтқан. Ендігі біздің міндетіміз – дамыған ғасырда заманауи озық технологияларды игере отырып, еліміздің абыройлы жүгін алып жүру. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз Барлық күш – жігерімізді мемлекетті нығайту мен елді дамытуға бағыттаймыз. Межеміз мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жалынды жастардың жағымды жаңалықтарымен сіздерді әлі талай қуантамыз деп сендіремін.

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Жастар жылы жемісті де табысты жыл болсын!

 

Әңгімелескен Жансая ЫСҚАҚ

Read 35 times

Күнтiзбе

« Ақпан 2019 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама