Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Ақпан 2019 15:07

Жалтақтық – жастарға жат қылық

Жалтақтық – жастарға  жат қылық mezet.kz

«Бүгінгі жастарымыз – Тәуелсіз елдің еркін өскен перзенттері. Демек, Сіздер - еркін ойлайтын, ой-пікірін ашық білдіре алатын бойында жігер, жанарында оты бар өскелең ұрпақсыздар! Сіздерге жасықтық, жалтаңдау жараспайды!». Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева аудан жастарымен кездесуінде осылай деді.  Мәжілісмен алдымен Рахат округіндегі Б.Майлин атындағы орта мектеп оқушыларымен тілдесті, кейіннен Есіктегі іргелі оқу ордасы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі жастарымен ой бөлісті. Кездесуге сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев қатысып отырды.

Биыл – жастар жылы. Елбасының тапсырмасына сәйкес саяси жылды ұрандатып емес, жүйелі жоспар құрып, нақты іспен өткізу керек. Осы турасында кеңінен ой қозғаған Зағипа Яхянқызы: – Сіздер жаттанды сөз, жалаң ұранды қоюларыңыз қажет. Тыңнан түрен салатын сәттеріңіз қазір. Мемлекет басшысы түрлі бағдарламалар қабылдап, сіздердің дамуларыңызға жарқын жол ашып тұрғанда, тосылмаңыздар. Мағжан Жұмабаев сенген жас буын, жігерленетін сәттеріңіз жетті, – деді. Кейіннен бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған келелі мәселелерге тоқталды. Әсіресе, жас-тар арасындағы суицид, ақпараттық майдандағы арпалыс.

– Жас буынның ойын да, қолын да еріксіз байлап отырған әлеуметтік желілер, жөнді-жөнсіз ойындар, қажеті жоқ мәліметтер – бәрі де ақпараттық майдан кезеңінің көрінісі. Бұған қойылатын тосқауыл – ұдайы бақылау мен ұлттық тәрбие. Осы ретте Сіздер бүгінгі студенттер, ертеңгі ұстазсыздар. Кемел келешегіміздің өсіп-өнуі Сіздердің қолдарыңызда. Екіншіден, құрметті жастар өздеріңіздің еркін ойларыңыз, тәуелсіз пікірлеріңіз болсын. Ананың сөзіне, мынаның сөзіне сеніп, еріп кететін жалтақ дәуірден өттік. Енді нағыз Тәуелсіздік дәуірі туды. Оны дамытатын – Сіздер.

Үшіншіден, Жаратушы адамды аңнан үш қасиетімен ерекшеледі: тіл берді, ақыл-ой берді, намыс берді. Міне, осы үш қасиет әрбіріміздің бойымызда бар. Демек, ұлттық намысымызды жүрекке жиып,  тіл арқылы табысуға, ақыл-ой арқылы дамуға ұмтылуымыз міндетті. Сонда ғана Отанымыз Қазақстанның нағыз патриоттары бой түзейді, – деді.

Зағипа Яхянқызы сондай-ақ, Елбасының дәстүрлі Жолдаулары мен бағдарламалық мақалаларын жан-жақты талдап берді.

Еркін форматта өткен пікір алмасуда колледж студенттері тарапынан да бірқатар сұрақтар қойылып,  ұсыныстар түсті. Мәселен, жастардың бос уақытында құрбы-құрдастарымен немесе отбасыларымен барып бірге көретін кинотеатрдың жоқтығы айтылды. Бұл турасында аудан әкімінің орынбасары А.Бидаев биылғы жылы бұл олқылықтың орны толатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар,  көше спортына көңіл бөлінсе деген ұсыныс түсті студенттерден. Яғни, кез-келген адамның дене жаттығуларымен айналысуына мүмкіндік беретіндей алаңқайлардың болуы – саламатты өмір салтының қалыптасуына септігін тигізер еді, – дейді студент жастар. Дәл осы ұсынысты назарына алған   мәжілісмен жуырда оң жауабы болатынын жеткізсе, А.Бидаев осы мәселенің шешіміне белсене араласып жатқандықтарын, қаламыздағы көпқабатты үйлердің аулаларына балалар ойын алаңын және жаттығу алаңдарын орналастыру жұмыстары көп күттірмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінің артындағы шағын саябақты Есік гуманитарлық-экономикалық колледж студенттерінің қарамағына беретінін, ол жерді өздері гүлдендіріп, тазалығы мен көркеюіне жауап беретіндіктерін айтты аудан әкімінің орынбасары. 

Кездесу қорытынды-сында уақыт бөліп, арнайы келген құрметті қонақ Зағипа  Балиеваға студенттер шынайы ризашылығын білдіріп, естелік суретке түсті.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 71 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама