Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 07 Ақпан 2019 15:50

Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының директоры, қолөнер шебері Дәулет ШОҚПАРОВ: «Жастар жылында қолөнер мектебін ашу – арманым»

Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының директоры,  қолөнер шебері Дәулет ШОҚПАРОВ: «Жастар жылында қолөнер  мектебін ашу – арманым» mezet.kz

– Құрметті Дәулет Дәркембайұлы, қолөнер шебері ретінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына көзқарасыңыз қалай?

– «Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деді емес пе Көшбасшымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Меніңше, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыруды елестете де алмаймыз. Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алады. Мұнда ұлттың рухани және материалдық мәдениетінің алар орны ерекше.

– Қазақтың қолданбалы өнерінің бірегей туындылары, материалдық мәдениетіміздің бай мұрасы «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің»  қорында сақтаулы екенін исі қазақ біледі. Себебі, «ЭКСПО-2017» көрмесінде шеберлік сағаттарын көрсеткендеріңізді білеміз. Толықтырып айтсаңыз?

– Әлбетте, елімізде өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмеде Алматы облысынан 20-дан астам қолөнер шебері қатысты. Шетел қонақтарына халқымыздың ұлттық өнерінің қыр-сырын тек көрмемен ғана емес, Сіз айтқандай жеке шығармашылық шеберлік сабақтарын өткіздік. Миллиондаған турис-тер ұлттық өнерімізге тәнті болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Шеберлер қалашығы» атты шеберлік сабақтары Талдықорған қаласында да жалғасты.

– Талай турист тәнті болды дедіңіз, өздеріңіз де басқа мемлекеттерде ұлттық қолөнерімізді насихаттап жүрген азамат ретінде білеміз. Иранға да бардыңыздар ғой?

Иә, музей ашылғалы Халықаралық көрмелерде ұлттық өнерімізді барынша насихаттауда еңбектенудеміз.Иран еліне барғанда таңқалғаным, онда мемлекет бюджетін қолөнер шеберлерінің еңбегі құрайды екен. Яғни, халқының басым бөлігі қолөнермен айналысады. Сондықтан болар, дамуы әлдеқашан алға шыққан. Олардан үйренеріміз де көп. Ал бай мемлекеттердің қатарындағы Біріккен Араб Әмірліктерінде керісінше қолөнері кенжелеп қалған. Мұнда Мемлекет басшысы жыл сайын әр мемлекеттен қолөнер шеберлерін шақырып көрме, шеберлік сағаттарын көрсетуге қаражат бөледі. Онда шеберлер бір айдан аса уақыт болады. Мұндай мүмкіндіктер арқылы сол елдің басшысы халқының өнерге деген қызығушылығын оятпақшы. Халықтың рухани ой-өрісін дамытуды, рухани байлыққа кенелуді негізге алып отырған ел десе артық айтқанымыз емес.

– Елбасы өткен жылдың соңында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялады. Әркім өзінше үн қосты. Ал сіз қолөнер шебері ретінде мақалада айтылған ежелгі металлургияның даму тарихын жақсы білесіз. Темірден түйін түйген қазақ қолөнерінің атасы Дәркембай Шоқпарұлының ұлы ретінде не айтасыз?

– Нұрсұлтан Әбішұлы: «Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді» – деді.

Расында, халық шеберлерінің күнделік-ті тұрмыста пайдаланатын әр бұйымын өз қолымен жасап, кейінгі ұрпаққа ол сарқылмас өнер, ал бұйым асыл мұра екенін анықтап беріп отырғандай. Ежелден металл өңдеуде қолданылатын әдіс-тәсілдер мен қолданған құрал-жабдықтар бүгінгі күні атадан балаға мирас ретінде жетіп отыр. Алысқа бармай-ақ, өзім меңгерген ұсталық өнер түп аталарымыздан таралған қасиет. Бабамыз Шоқпар кезінде ұсталық өнерімен Жетісуға белгілі болса, әкеміз Дәркембайды халық біледі. Әкеміздің қанатының астынан түлеп ұшқан, яғни өнерін үйреніп, қазіргі таңда өз шәкірттерін тәрбиелеп жүрген қаншама шеберлер бар.

1960 жылдары ұсталар қолданатын әдіс-тәсілдер, бір сөзбен айтқанда қолданбалы өнер технологиясы қайта түлегендей болды. Ұстамыз тек темірмен жұмыс жасайтын шебер ғана емес, сонымен қатар қоламен, мыспен, жезбен де жұмыс жасады, сонымен қатар зергер, тері, ағаш өңдеу шебері болған. Қазіргі уақытта әке аманатын жалғап келе жатқан жайымыз бар.

– Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағаланады емес пе?

– Әлбетте, ұстазымыз «Өз үйренгеніңді тағы жүз адамға үйрет» дейтін. Ол шебердің өмірлік мақсаты болатын. Ал қазір ойлап қарасақ оның мәні мен мағынасы өз сипатын тапқандай. Халықтың халық, ұлт болып қалыптасуының негізі, дамыған елдер қатарынан орын аламыз деп ұмтылған еліміздің бұл қадамы құптарлық бастама. Олай дейтін себебім, қабылданған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының негізі – халқымыздың ұлттық болмысымен, оның бай мұрасымен сипатталып отыр. Ал қазір  мұражайымызда жұмыс істейтін әрбір маман тың өнер иелері. Олар Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетінен, Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан, Есік қаласындағы гуманитарлық-экономикалық колледжінен және тағы басқа да облыстардың  оқу орындарынан келген студенттерге, оқушыларға шеберлік сабақтарын көрсетіп, дәрістер оқиды. Қызығушылығы бар, үйренемін деген жастарғашеберлердің құшағы ашық.

– Ұлттық қолөнерді дамытудағы алдағы жоба-жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

– Қазақ қолөнері елімізде жан-жақты дамып келеді. Әйткенмен, барынша қолдауға мұқтаж. Себебі, шеберлер санын көбейту қажет. Ол дегеніміз – қолөнерге жастарды баулу. Биыл Жастар жылы, осыған орай музей жанынан «Шеберлер орталығы» және «Қолөнер мектебін» ашсам деген үлкен арманым бар. Әрине, оған мемлекет қолдауы аса маңызды. Қазіргі уақытта ұстаздар дайын, шеберхана да бар. Тек еліміздің түпкір-түпкірінен келетін жастарға жатақхана мәселесі өзекте боп тұр. Осыған билік қолдау көрсетсе, қазақ қолөнерін дамытуға жасаған риясыз қамқорлық болар еді.

Халық дәстүріндегі мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және ұсталық, қолөнерінің тарихта алар орны ерекше. Ал тарих үнемі өзгереді. Осы тарих толқынында қолөнері барынша қолдау тауып еліміздің ұлттық кодының біріне айналатынына сенеміз.

Әңгімелескен

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Read 137 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама