Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 14 Ақпан 2019 15:02

Сегіз қырлы Азамат

Сегіз қырлы  Азамат mezet.kz

Мемлекет дамуының негізгі тетіктерінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаев аталған салаға әрқашан қолдау білдіріп, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қабылдайды. Мемлекет басшысы биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында өңірлерде кәсіпкерлік саласы дамып жатқандығын және оған қолдау білдіруді тоқтатпау керектігін тапсырған болатын үкіметке. Бұл сала біздің ауданымызда да қарқын алып, дамуға бет бұрды. Жастар жылы қарсаңында Сөгеті ауылдық округінде өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп, жиһаз бен пластик терезе шығарумен айналысатын Азамат Багибаевтың жұмысымен арнайы барып таныстық.

Ауданымыздың шығыс шекарасында, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Нұра ауылындағы жас кәсіпкер жұмысын үй маңындағы шағын цехта жүргізіп отыр екен. Қыс мезгілінде негізгі жұмыс – жиһаз жасау екендігін жеткізген Азамат бұл жұмысты қалай меңгергендігін  айтып берді:

– Бұрындары жазғы демалыста үйде бос жатпайын деп қолдағы бар материалмен үйге жұмсақ жиһаз жасағанмын. Кейіннен, Астанаға барып, сонда жұмыс істей бастадым. Алыста жүріп, ауылды сағынып, қайтқым келетін де тұратын. Алайда, жұмысымды тастап кете алмадым. Бірақ, ауылға барып, жиһаз цехын ашып, кәсіппен айналыссам деген ой санамнан шықпай қойды. Бірде Астанадағы Әзірет-Сұлтан мешітіне жұма намазға барсам, мешіт имамы кәсіпкерлік туралы уағыз айтып жатыр екен. Оның сөздерінен ұққаным, бір нәрсені ойласаң тәуекелге бел буу керек, ар жағын Алла өзі жеңілдетеді. Кейіннен, жұмысымнан біраз уақытқа сұранып, ауылда жиһаз жасауды бастап кеттім. Байқасам қолымнан келетін секілді. Осылайша, алыстағы жұмысымнан қол үзіп, үш-төрт жылдың жүзі болды өз үйімде кәсібімді дөңгелете бастадым – дейді Азамат Багибаев.

Бүгінде оның жиһаздарына аудан көлемінде тапсырыстар көптеп түседі. Азаматтың сөзіне сүйенсек, алғашқы тапсырысыауылдағы мектептен түскен. Сол жылы Нұрадағы О.Жандосов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жанынан мектеп-интернат ашылған болатын. Сол мекеменің жиһаздары түгелдей дерлік Азаматтың қолынан шыққан. Кейінгі уақытта ғана ол пластик есік пен терезе шығаруды қолға алған. Айтуынша, өзінде мұндай ниет болмаған. Тек үйдің терезелерін пластикке ауыстыруды жоспарлаған. Есептеп қараса, шығыны көп екен. Өзі интернеттен қарап, осы салада жүрген достарынан үйреніп, үйінің терезелерін пластикке ауыстырып шыққан. Осылайша, алғашқы туындысының қызығын отбасымен көріп отыр.

– Үйге пластик терезелерді орнатқаннан кейін, мұнымен айналысу аса қиын болмайтындығын сезіп, тапсырыс қабылдауды бастап кеттім. Кейін жаныма көмекші алып, екі адам болып жүргізе бастадық – деген Азмат өткен жылы пластика есік-терезе шығару кәсібін ұлғайту мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алған. Қаржының көлемі де аз емес, 1 млн теңге. Айтуынша, құрылғылар алуға қаржысы жетпей, белгілі себептермен несие алмай жүрген. Сонымен кәсібін ұлғайту жөніндегі жобасын «Zhas Project»жастарға қолдау білдіретін әлеуметтік жобасына ұсынып, бірінші категория бойынша жеңімпаз атанған. Мемлекет берген қаржыға өзіне керекті құрал-жабдықтар мен қондырғылар орнатқан. Кәсібің ұлғайған сайын, тапсырыс көлемінің артатыны да белгілі. Бүгінде аудан ғана емес, Талдықорған, Алматы қалаларынан тапсырыстар түсуде.

«Жігітке жеті өнер де аз» демей ме халық даналығы.Бойына осындай жеті өнер дамыған Азамат ағаш ойып, ыдыс-аяқтар жасаумен де айналысады. Негізінен, ет салатын астауларды ояды.

– Мамандығым мүлдем басқа, алайда айналысып жүрген ісімнен рахат табамын. Менің әкемнің ағасы қолөнерге жақын. Ағаштан түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Маған сол кісіден дарыса керек, алғашында есік алдындағы ағашты ойып, ет салатын астау жасап, ою салдым. Кейіннен, тапсырыстар қабылдап, табыс көзіне айналдырып алдым. Шыны керек, бұл бағытта жүріп пайдаға кенелдім деп айта алмаймын. Себебі, басында бір астауды жасау үшін 10 күнге жуық уақыт кететін. Кейде жасаған бұйымың соңына жеткенде сынып, бүлініп қалатын кездер де болады. Сондықтан оған қосымша табыс ретінде қараймын – дейді Азамат Советбекұлы.

Қазіргі уақытта ол бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, келешекте ауқымды тапсырыстарды қабылдау үшін жаңа қондырғылар алып, өндіріс көлемін ұлғайтпақ. Сол бағытта жұмыстар атқаруда.

«Бүгінгі таңда жастарымыз дарынды әлі білімді. Сондықтан кез-келген іске жаңаша көзқараспен қарайды, жаңа идеяларды өмірге әкеледі. Десек те, ойындағыны іс жүзіне асыруға қорқады. Мен де осы қорқынышты бастан өткердім. Тәуекелге бел буып қана, еңбегімнің жемісін көріп отырмын» – дейді Азамат. Айтуынша, кез-келген істі бастағанда алға мақсат қоя білу керек және сол мақсатқа жету жолында еңбек ету керек. Қиналсаң, керек уақытында мемлекет көмектеседі.

– Балам кішкентай кезінен талантты, сурет пен бейнелеу өнеріне бейім еді. Екінші-үшінші сыныбында үйдегі техниканы шашып-жинап жүретін. Қазіргі уақытта, өмірден өз жолын тауып, өзінің сүйікті ісімен айналысуда – деген анасы Гүлсара Шуленова Азамат бүгіп қалған біраз жайтты айтып берді. Онысы – енді ғана кәсіпкер атанғанына қарамастан, қайырымдылықпен айналысуы. Аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек бермесе де, түрлі заттармен қол ұшын созып отыратын көрінеді. Сонымен қатар, ауылда жаңа салынған мешітке де жиһаз бен есік-терезесіне көмектескен. Ал мемлекеттен ұтып алған гранттың бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсаған.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Read 99 times

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама