Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 21 Ақпан 2019 15:46

Өнерді өрге сүйрер – жас өрендер

Өнерді өрге сүйрер –  жас өрендер mezet.kz

Малыбай халқы өнерді құрметтеген, талантты бағалаған текті халық. Тау тұлғалы ақын-жазушыларымызды төрімізге шығарып, қонақ етер елі барда, өлеңдерін жатқа оқитын ұрпақтары барда өнер де өлең де өлмек емес. Ақиық ақынымыз, мұзбалағымыз Мұқағали Мақатаевтың рухына тағзым етіп, өшпес мұрасын жаңғырту мақсатында, бүгінгі күннің заңғар жазушысы, журналист, республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газетінің бас редакторы, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев пен ұлтаралық татулықты, ынтымақтастықты насихаттау ниетінде ұйғыр ұлтының ақыны Жәмшит Розахуновтың  шығармашылығына арналған кеш өтті жуырда.

Малыбай орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары ұйымдастырған шараға  аудандық білім бөлімінің өкілдері  Алмагүл Ұнақбаева мен Зарема Қожмамбетова, мектеп басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ауыл тұрғындары қатысты.

Алғашқы сөзді алған мектеп директоры Дәметкүл Балмахамбетқызы ақиық ақынның туған күнімен құттықтай келе:

– Өлкеміздің ақын-жазушыларын өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсету біздің абыройлы міндетіміз. Өткенін ұмытпай, ұлы тұлғаларды танып, бойына жақсы қасиетін сіңіріп өскен жас жеткіншек келешекте кемеңгер де, елін сүйер елжан болары хақ. Сол себепті, Хан Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевты еске алып, ауылымыздың мақтаныштарымен кездесу ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз да осы. Шәкірттерімізге шабыт беріп, өз бойларындағы таланттарын шыңдауына арқау болады деген сенімдемін, – деп жылы лебізі мен жүрекжарды тілегін білдірді.

Ақын өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындаған, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасына көрініс қойған ауыл өнерпаздары көпті сүйсінтті.

Кеш соңында қос тұлғаға шапан жауып, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары жылы лебізін білдіріп, батасын берді. Осындай өнерлі өскелең ұрпақ барда өмірін өлеңмен өрген тау тұлғамыз Мұқағали да, қазіргі заманның қоғамдық мәселелерін көтеріп, журналистикада да, публицистикада да өзіндік қолтаңбасы бар Марат Тоқашбаев та, өзге ұлт өкілі болса да, жүрегі қазақ деп соғатын, елін жерін жырлап жүрген ұйғыр ақыны Жәмшит Розахунов та ұрпағына үлгі болып, ел жадында мәңгі сақталады деген сенімдемін.

 Жансая ЫСҚАҚ.  

Read 70 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама