Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Бейсенбі, 21 Ақпан 2019 15:49

Лицейдегі келелі кездесу

Лицейдегі келелі кездесу mezet.kz

Жуырда қаламыздағы А.Мәлкеев атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінде қазақ поэзиясының Хантәңірі Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мұхаммедқалиұлымен кездесу өтті. Білікті білім ордасының ұстаздары мен шәкірттері құрметті қонақты қазақы қонақжайлылыққа сай күтіп алды. Ұйымдастыруға ұйытқы болған – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбүбі Елубаева.

«Пай, пай, Өмір!» атты өлеңін мұзбалақ ақынның жанды дауысында тыңдаған көрермендерге Жұлдыз Мұхаммедқалиұлымен бірге келген қонақтар таныстырылды. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, Құрмет Орденінің иегері Айтақын Әбдіқал және Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қордың Президенті, ақынның келіні Бақытгүл Айдарова да келелі кездесуде оралымды ойларын ортаға салып, елең еткізер естеліктерін жеткізді. Шара барысында лицей директоры Еркін Тұрлыбеков құрметті қонақтардың қадамдарына нұр тілеп, оқушыларға жақсылардан үйренетін жұғымды ой түюлерін тапсырды. Мұқағали атамыздың өмір жолына шолу ретінде бейнероликтер тамашаланып, мектеп-кеменің зейінді ұлдары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, өздерінің ақынға жолдаған арнауларын да паш етті көрерменге.

«Мұқағали ақынның ұрпақтары жайлы білгіміз келеді, өзіңіз қандай мамандық иесісіз?» деген оқушылар Жұлдыз Мұхаммедқалиұлының өз аузынан жауап алды. «Жалпы біз әкемізден алтау едік. Тағдырдың жазуымен, түрлі себептер мен дерттің кесірінен кей бауырларым жастай өмірден өтіп кетті. Мен өзім – заңгермін. Мамандық таңдауыма тікелей әкемнің ақылы мен кеңесі әсер етті. Заңгер болып қызметімді атқарып болып, бүгінде зейнеттемін», – деді ақынның ұлы. Осы тұста ақын Айтақын Әбдіқал сөз алып, Жұлдыз Мұхаммедқалиұлының да шығармашылықтан шет еместігін, қаламынан туындаған өлеңдерінің өзіндік бояуы бар оқылымды дүниелер екенін де тіліне тиек етті. Қазақтың күпі киген қара өлеңін шапан жауып өзіне қайтарған ақынның келіні Бақытгүл Айдарова халықаралық қор жайында мағлұмат беріп, Мұқағали Мақатаевтың «Тамаша айым – тамызым» атты жыр жинағы жарық көргенін жеткізді.

Өнерлі де өрлі оқушылары бар білім ордасының ұжымы ұйымдастырған шараға құрметті қонақтар алғыс білдіріп, өрлеу тіледі.

 

Алмагүл НҰҒМАН.

Read 30 times
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама