Қош келдіңіз! Добро пожаловать!
Сәрсенбі, 20 Наурыз 2019 17:04

Жетістік кілті – білімде

Жетістік кілті – білімде mezet.kz

Бүгінгі виртуальды жастар қоғамында пасық пейілді топтардың алдын орау оңайға соқпай жүр. Сауатсыздық салдарынан әлдекімнің етегіне еріп, жиһад деп желіп, көзсіз тәуекел, негізсіз ұрыстарға ұрынуда. Салдары, жанкешті болып өзін жарды, лаңкес болып түрмеге тоғытылды. Білімсіздіктен басынан бағын тайғызып, бақытын ұшырған сан түрлі тағдырлар жайлы көріп, біліп жүрміз көгілдір экраннан. Ақырында адасқаннан сан соғып қалуда. Осындай «Әй, қап!»-тың алдын алу мақсатында   жуырда аудан жастарымен кездесулер өтті.

Атап өтсек, «Жат ағымдар деген кімдер, олардан қалай қорғануға болады?» тақырыбында Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде, «Ислам құндылықтары – зайырлықтың негізі» тақырыбында Жетісу заң колледжінде және Қаракемер кәсіптік колледжі жастарымен «Ұлт болашағы – иманды ұрпақ» тақырыбы бойынша кездесулер өтті.

Жастармен басқосуға Алматы облысы дін істері басқармасы «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының Алматы өңірі бойынша сектор меңгерушісі Медет Әшімхан және орталық инспекторы Елдос Аққожа, «Еңбекшіқазақ» газеті редакторының орынбасары, «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының төрағасы Қайнар Жұмағожа қатысып, өскелең ұрпақпен ой бөлісті. Кездесулерді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы жүргізіп отырды.

Бар түйткілдің бастауы – діни сауатсыздықта дейді мамандар. Осы ретте әр ата-ананың алдында зор жауапкершілік жатқанын да жеткізді мамандар. Өйткені, кез келген бала алдымен көкейіндегі сұрақтарын ата-анасына қояды. Ал қос бәйтерегі қанағаттандырмаған соң әлеуметтік желі, болмаса айналасын-дағылардан сұрайды. Осы ретте баланың әрбір сұрағына толыққанды жауап беру, білімі жетпеген жағдайда тиісті сала мамандарынан көмек сұрауы тиіс дейді. Екіншіден, Құран-Кәрімді өз бетінше оқудан гөрі, арнайы мамандар арқылы білімін жетілдіргені дұрыс. Бұл турасында: «Кез келген химия, биология, математика, тіпті ана тіліміз қазақ тілін де арнайы ұстаздардан дәріс алу арқылы санамызға тоқимыз. Сол секілді діни сауаттылықты арттыру үшін де Құранды, болмаса  басқа да кітаптарды өз бетінше оқып, оны толыққанды түсіну мүмкін емес. Себебі, теологтардың өзі түсінбей жататын тұстары болады. Кейде, алдыңғы түскен сүре кейінгіні жоққа шығаратыны да бар. Қысқасы, бұл тұнған ғылым» – дейді Елдос Аққожа.

Қорытындысында сөз алған Қайнар Жұмағожаұлы жас буынды биылғы       жастар жылымен құттықтай отырып: – Кешегі Мағжан, бүгінгі Елбасы зор сенім артқан жас буын үшін биыл тарихи жыл. Қолға жастық ту алып, білекті сыбанып, тың идеямен тындырымды іс қылатын сәт. Байқасаңыздар, мемлекеттен бөлінген қаншама жеңілдіктер жастарға қарастырылуда. Бір сөзбен айтқанда, жарғақ құлағын жастыққа қоймай еңбек еткен жастардың  жолы ашық. Тас шайнап, мұз бүркетін шақта еңбектен қашпай, алға ұмтылыңыздар. Зор мақсат қойып, жүйелі жоспармен жұмыс істесеңіздер, сіз бен біз алмайтын асу жоқ. Ең бастысы, айналаңа жалтақтап, әр қадамыңды аңдитын бодан емеспіз. Тәуелсізбіз, дербеспіз!» деді.

Айта кетейік, іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болған «Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қоры, қолдау білдірген аудандық ішкі саясат бөлімі.

 Алмагүл НҰҒМАН.

 

Read 72 times

Image Gallery

Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама